Media resources
ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУДЕГІ ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
News

ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУДЕГІ ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Инклюзивті білім берудегі оқыту технологиялары» тақырыбында ашық сабақ өтті.

«Оқыту әдістері мен технологиялары» пәні аясында ұйымдастырылған сабаққа «Бастауыш білім беру» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері қатысты. Ашық сабақты Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Ұлдай Төленова өткізді.

Сабақ барысында студенттер инклюзивті білім берудің негізгі қағидаларымен танысты. Олар әр баланың жеке ерекшелігі мен білім алу қажеттілігіне сай оқыту әдістерін таңдауды үйренді. Сонымен қатар саралап және бірлесіп оқыту, көрнекі және цифрлық құралдарды пайдалану, оқушылардың білімін күнделікті бағалау тәсілдері қарастырылды.

Практикалық тапсырмалар кезінде студенттер педагогикалық жағдаяттарды талдап, оларға сәйкес шешу жолдарын ұсынды. Топтық жұмыс негізінде әр баланың мүмкіндігі мен қажеттілігін ескеретін инклюзивті сабақ үлгілерін әзірледі.

Ашық сабақ болашақ педагогтердің кәсіби құзыреттілігін жетілдіруге, толеранттылық пен өзара қолдау құндылықтарын қалыптастыруға бағытталды. Сабақта инклюзивті білім беру баланы ортаға бейімдеу ғана емес, әр білім алушының ерекшелігін ескеріп, сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау екені атап өтілді.