Media resources
ПЕДАГОГТЕРГЕ АРНАЛҒАН ПРАКТИКАЛЫҚ ШЕБЕРЛІК САҒАТ ӨТТІ
News

ПЕДАГОГТЕРГЕ АРНАЛҒАН ПРАКТИКАЛЫҚ ШЕБЕРЛІК САҒАТ ӨТТІ

Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру кафедрасының ұйымдастыруымен «Авторлық бағдарлама дайындау технологиясы: идеядан авторлық бағдарламаға дейін» тақырыбында педагогтерге арналған шеберлік өтті.

 Шеберлік сағатты кафедраның сеньор-лекторы, магистр Орынгүл Асылбекқызы Абилова жүргізді.

 Іс-шараның негізгі мақсаты – педагогтерге авторлық бағдарламаны әзірлеудің құрылымы мен кезеңдерін тәжірибе жүзінде меңгерту, педагогикалық идеяны нақты бағдарлама жобасына айналдыру жолдарын көрсету.

 Педагогтер топтық тапсырмалар орындап, авторлық бағдарламаның құрылымдық бөлімдерін жүйеледі, өз тәжірибесіндегі өзекті мәселелерді анықтап, педагогикалық идеяларын ұсынды. Бағдарламаның тақырыбын, мақсаты мен міндеттерін, күтілетін нәтижелерін тұжырымдап, алғашқы жобасын әзірлеуге мүмкіндік алды.

 «Бағдарлама пазлы», «Менің педагогикалық идеям» және авторлық бағдарламаның құрылымдық қаңқасын толтыруға арналған практикалық жұмыстар қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Топтық жұмыс барысында педагогтер өзара тәжірибе алмасып, ұсынылған жобаларды саралап, кері байланыс берді.

 Іс-шара нәтижесінде қатысушылар авторлық бағдарламаның жай ғана идеялар жиынтығы емес, нақты педагогикалық мәселені шешуге бағытталған, ғылыми-әдістемелік тұрғыдан негізделген жүйелі еңбек екенін түсінді. Әр қатысушы өз авторлық бағдарламасының алғашқы жобасын құруға қажетті бағыт-бағдар мен практикалық құралдарға ие болды.

 Шеберлік сағат кәсіби тәжірибе алмасуға, жаңа идеялардың қалыптасуына және педагогтердің шығармашылық әлеуетін арттыруға ықпал етті. Қатысушылар іс-шараның мазмұндылығын, практикалық маңызын және жұмысты бастауға мүмкіндік беретін тиімді әдістерін жоғары бағалады.

 Осындай тәжірибеге бағытталған іс-шаралар педагогтердің кәсіби дамуына серпін беріп, білім беру үдерісіне тың идеялар мен авторлық бастамаларды енгізуге жол ашады.