Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген ұстазы Күләш Ноғатайқызы Шәмшидинованың педагогтермен кездесуі өтті. Басқосуда бала тәрбиесі, ұстаздың кәсіби жауапкершілігі және оқушының қабілетін дамыту мәселелері талқыланды.
Кездесуге зиялы қауым өкілдері, мектеп басшылары мен мұғалімдер, университеттің профессор-оқытушылары және студенттер қатысты. Жиын аясында Күләш Шәмшидинованың «Үздік» және «Ұстаздар бөлмесіндегі әңгіме» атты жаңа кітаптары таныстырылып, тұсаукесер рәсімі өтті.
Жиында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы, университеттің Директорлар кеңесінің төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Бейбіт Мамраев сөз сөйлеп, Күләш Шәмшидинованың еліміздің білім беру саласына сіңірген еңбегіне тоқталды. Ол авторды жаңа еңбектерінің жарық көруімен құттықтап, кітаптардың ұстаздар мен ата-аналарға, болашақ педагогтерге бағыт-бағдар беретінін атап өтті.
Университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Саламат Идрисов ұстаз даярлауда оқу мәдениетін қалыптастырудың, баланың даралығын түсінудің маңызына назар аударды.
– Күләш Ноғатайқызының еңбектері болашақ педагогтерге баланың жан дүниесін түсінуге, әр оқушының даралығын тануға және ұстаздық қызметтің зор жауапкершілігін сезінуге жол көрсетеді деп сенеміз. Біздің университет кітап оқитын, сыни ойлайтын әрі шәкірт жүрегіне жол таба алатын жаңа буын педагогтерін даярлауды басты міндет санайды. Кітап оқитын ұстаз ғана шәкіртінің кітапқа қызығушылығын оята алады, – деді Саламат Идрисов.
Ректор кездесудің «Кітап оқитын ұлт» идеясымен үндесетінін айтып, ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамыған кезеңде де кітаптың адамды терең ойлауға, талдауға және өзіндік көзқарас қалыптастыруға үйрететінін жеткізді.
Кездесуде Күләш Шәмшидинова «Үздік болу – бәсеке емес, өз жолыңды табу» тақырыбында ой өрбітті. Ол баланың табиғи қабілетін танып, өз жолын табуына көмектесудегі педагог пен ата-ананың рөлі туралы айтты. Автордың пайымынша, үздік болу – өзгелерден озу емес, өз мүмкіндігіңді танып, мақсатыңды айқындау.
Педагогтермен кездесу барысында мұғалімнің кәсіби болмысы, қазіргі мектептегі өзгерістер, ұстаз бен оқушы арасындағы сенім мен өзара түсіністік мәселелері қозғалды. Бұл тақырыптар автордың «Ұстаздар бөлмесіндегі әңгіме. Сабақ, үзіліс және жан жылуы туралы» кітабында да қамтылған. Күләш Шәмшидинова педагог еңбегінің өзегінде балаға деген жанашырлық пен жауапкершілік жатқанын атап өтті.
Қатысушылар авторға бала тәрбиесі, білім сапасы, мұғалім мәртебесі және қазіргі педагогке қойылатын талаптар жөнінде сұрақтар қойып, пікір алмасты.
Сондай-ақ Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов пен Атырау университеті ардагерлер кеңесінің төрағасы Шахман Нағимов сөз сөйлеп, Күләш Шәмшидинованы жаңа кітаптарының жарық көруімен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. Олар жаңа кітаптардың ұстаздар қауымы үшін пайдалы болатынын айтып, авторға шығармашылық табыс тіледі.
Кездесу аясында арнайы бейнеролик көрсетіліп, «Үздік» кітабының тұсауы кесілді. Рәсімді педагогика ғылымдарының докторы, профессор Шолпан Джанзақова мен «КТК-К» АҚ Бас директорының орынбасары Қайыркелді Қабылыдин өткізді.
«Каспий Тұрбақұбыры Консорциумы-Қазақстан» акционерлік қоғамының қолдауымен кітаптар Атырау облысындағы барлық мектепке тегін таратылады. Қайыркелді Қабылыдин бұл бастаманың өңірдегі білім беру ісіне қолдау болатынын жеткізді.