Media resources
ФОРУМДА АТЫРАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ АЙТЫЛДЫ
News

ФОРУМДА АТЫРАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ АЙТЫЛДЫ

Астана қаласында Жоғары білім қызметкерлері күніне арналған республикалық форум өтті. Маңызды жиынға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, еліміздің жоғары оқу орындарының басшылары, ғылыми және академиялық қоғамдастық өкілдері қатысты.

 Форумға Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Саламат Идрисов, әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі проректор Ләйлә Қойшығұлова қатысты.

 Жиын барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баяндама жасап, еліміздің жоғары білім мен ғылым жүйесін дамытудың негізгі бағыттарына тоқталды. Атап айтқанда, университеттердің цифрлық трансформациясы, жасанды интеллектіні білім беру үдерісі мен ғылыми зерттеулерге енгізу, кадрлар даярлау сапасын арттыру, білім беру бағдарламаларын жаңарту және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне ерекше назар аударды.

 Министр өз баяндамасында аталған бағыттар бойынша Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің қол жеткізген жетістіктерін де атап өтті. Бұл университеттің жоғары білім беру жүйесін жаңғыртуға, инновациялық бастамаларды дамытуға және заманауи талаптарға сай білікті мамандар даярлауға бағытталған жұмысының нәтижелілігін көрсетеді. Сонымен қатар, іс-шара аясында жоғары білім саласының дамуына үлес қосқан азаматтар қатарында Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Саламат Идрисов «Жоғары білім беру саласына қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. 🏅

 Бұдан бөлек, форум аясында AI-Sana ұлттық қозғалысын жүзеге асыру, Ұлттық бірыңғай тестілеу форматын жетілдіру, жоғары оқу орындарын қаржыландыру тетіктерін дамыту, ғылыми және инновациялық әлеуетті арттыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар студент жастарды әлеуметтендіру, қауіпсіз әрі инклюзивті университеттік орта қалыптастыру, студенттік бастамалар мен волонтерлік қызметті қолдау бағыттарына да басымдық берілді.

 Республикалық форум жоғары білім мен ғылым саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға, тәжірибе алмасуға және отандық университеттердің алдағы даму басымдықтарын айқындауға мүмкіндік берді.