Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті мен «Евразия Строй Капитал» ЖШС арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа университеттің Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов пен компанияның бас директоры Чень Е қол қойды.
Меморандум – тараптардың бұған дейінгі кездесуінде талқыланған бастамалардың нақты жалғасы. Алдыңғы басқосуда «Еуразия» индустриалды-инновациялық паркі халықаралық инвестициялық жобасы аясындағы білім, ғылым және өндіріс бағыттарындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері қарастырылған болатын.
Жоба Атырау облысындағы 66 мың гектар тұзданған жерді қалпына келтіруге, жасыл биомасса энергетикасын дамытуға және натрий-ионды аккумуляторлар өндірісін жолға қоюға бағытталған. Оны қытайлық инвесторлар қазақстандық серіктестермен бірлесіп жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Жоба аясында өңірде шамамен 6 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
Қол қойылған меморандум білім беру, ғылыми-зерттеу және инновациялық қызмет салаларындағы ұзақ мерзімді әріптестікті дамытуға негіз болады. Құжат аясында бірлескен ғылыми және инновациялық жобаларды жүзеге асыру, ғылыми-зерттеу институтын, орталықтар мен зертханалар құру, зерттеу инфрақұрылымын дамыту және гранттық жобаларға бірлесіп қатысу жоспарланған.
Сонымен қатар студенттер, магистранттар мен докторанттардың өндірістік және зерттеу тәжірибесінен өтуіне жағдай жасау, академиялық ұтқырлықты дамыту, Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарымен бірлескен білім беру және қос дипломды бағдарламаларды іске асыру көзделіп отыр. Тараптар Қытайдан ғалымдар мен сарапшылар тартуға, технологиялар трансферін дамытуға және ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізуге де мүдделі.
Ынтымақтастықтың нақты жобалары мен оларды жүзеге асыру тетіктері бірлескен жол карталары және жеке келісімдер арқылы айқындалады.
Меморандум білім, ғылым және өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, жаңа технологияларды игеруге, өңірдің индустриалды-инновациялық дамуына және болашақ өндірістер үшін білікті мамандар даярлауға мүмкіндік береді.