Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «AI Week: Жасанды интеллект және цифрлық трансформация» апталығы аясында «Physical AI: Arduino негізіндегі робототехника» тақырыбында workshop өтті.
Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультеті ұйымдастырған шеберлік сабағын JASUP жобасының жетекшісі Алдан Асқар жүргізді.
Шара барысында қатысушылар Physical AI ұғымының мәнімен, жасанды интеллектіні физикалық құрылғылармен байланыстыру мүмкіндіктерімен және Arduino платформасының робототехника саласында қолданылу бағыттарымен танысты. Спикер роботтық жүйелерді құрастырудың негізгі қағидалары, құрылғыларды бағдарламалау, датчиктер мен басқару элементтерін пайдалану жөнінде тәжірибелік мәліметтер ұсынды.
Сонымен қатар идеяны нақты жобаға айналдыру, робототехникалық құрылғылардың жұмыс алгоритмін әзірлеу және заманауи цифрлық технологияларды тиімді қолдану мәселелері қарастырылды. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, салаға қатысты пайдалы ақпарат алды.
Workshop студенттердің инженерлік ойлау қабілетін дамытуға, бағдарламалау мен робототехникаға деген қызығушылығын арттыруға және инновациялық жобаларды жүзеге асыруға бағыт-бағдар берді.