Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетіне Испания мен Германияның жетекші ғылыми орталықтарының өкілдері жұмыс сапарымен келді. Кездесуде қоршаған орта, су экожүйелері және климаттың өзгеруі салаларындағы бірлескен зерттеулерді дамыту мәселелері талқыланды.
Шетелдік делегация құрамында Испанияның Жоғары ғылыми зерттеулер кеңесіне (CSIC) қарасты Жетілдірілген зерттеулер орталығының (CEAB-CSIC) өкілі, DryingLake жобасының үйлестірушісі, доктор Рафаэль Марсе (Rafael Marcé) болды. Сонымен қатар Барселона университетінің биоэкологі Даниэль Диас де Кихано Барберо (Daniel Díaz de Quijano Barbero) және Германиядағы Лейбниц атындағы Тұщы су экологиясы және ішкі балық шаруашылығы институтының (IGB) ғалымы Георгий Кириллин (Georgiy Kirillin) қатысты. Георгий Кириллин – институттың Экогидрология және биогеохимия бөліміндегі ғылыми топтың жетекшісі.
Қонақтарды университеттің Ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Бахыт Алтынбасов қабылдады. Ол шетелдік ғалымдарды жоғары оқу орнының ғылыми әлеуетімен, білім беру бағдарламаларымен және негізгі зерттеу бағыттарымен таныстырды. Сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Кездесуге халықаралық жобаға қатысушы қазақстандық ғалымдар да қатысты. Олардың қатарында Халықаралық туризм және меймандостық университетінің «Туризм» кафедрасының профессоры, география ғылымдарының кандидаты Әбілғазы Көптілеуұлы Құрбаниязов және Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің География және туризм кафедрасының аға оқытушысы, магистр Арман Закарияұлы Жумагазиев бар.
Ғалымдардың сапары Испанияның Ғылым, инновациялар және университеттер министрлігі қаржыландыратын «Көлдердің кебуінен туындаған көміртек айналымының бұзылыстары» (DryingLake) халықаралық жобасы аясында ұйымдастырылды.
Жоба көлдердің кебуі салдарынан табиғи экожүйелердегі көміртек айналымының өзгеруін зерттеуге бағытталған. Бұл мәселе климаттың өзгеруі мен су ресурстарының азаюы жағдайында ерекше маңызға ие.
Кездесуде университетте жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалар мен алдағы зерттеу жоспарлары таныстырылды. Тараптар су экожүйелерінің қазіргі жай-күйін зерттеу, климаттық өзгерістердің табиғи ортаға әсерін бағалау және көміртек айналымының ерекшеліктерін зерделеу жөнінде пікір алмасты. Бірлескен ғылыми жұмыстарды ұйымдастыру мүмкіндіктері де қарастырылды.
Кездесу қорытындысында ортақ жобалар әзірлеу, ғылыми зерттеулер жүргізу, тәжірибе алмасу және тағылымдамалар ұйымдастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Сондай-ақ халықаралық академиялық байланыстарды одан әрі нығайтудың негізгі бағыттары айқындалды.
Алдағы уақытта Атырау университетінің ғалымдары Испания мен Германияның ғылыми-зерттеу орталықтарындағы әріптестерімен бірлесіп жұмыс істейді. Бұл серіктестік университет зерттеушілерінің халықаралық жобаларға қатысуына, тәжірибе алмасуына және ғылыми байланыстарын кеңейтуіне жол ашады.
Шетелдік ғалымдардың сапары университеттің халықаралық әріптестік аясын кеңейтіп қана қоймай, Атырау өңірінің экологиялық мәселелерін озық ғылыми тәжірибе негізінде зерттеуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге су ресурстарын сақтау мен табиғи экожүйелердегі өзгерістерді зерделеуге бағытталған жаңа бастамаларға негіз қалайды.