Media resources
ҮЗДІК СТУДЕНТТЕР «WEST DALA» ГРАНТЫН ИЕЛЕНДІ
News

ҮЗДІК СТУДЕНТТЕР «WEST DALA» ГРАНТЫН ИЕЛЕНДІ

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің студенттеріне «West Dala» компаниясы грант табыстады. Сертификат үздік оқыған, ғылыми жобаларда белсенділік танытқан білім алушыларға берілген.

Компания өкілдерімен кездесуге Атырау университетінің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі проректоры Ляйла Қойшығұлова, академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Асхат Шүкіров, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты.

Кездесуге келген «West Dala» компаниясының корпоративтік даму жөніндегі директоры Диас Хабиев бастаған әр салаға жауапты мамандар қатысып, белсенді студенттердің экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған ғылыми ізденістеріне қолдау білдіретіндіктерін жеткізді. Компанияның арнайы құрған комиссиясы ізденімпаз үміткерлердің арасынан Атырау университетінің 6В05204 – «Қалдықтарды басқару» білім беру бағдарламасы бойынша оқитын үш студентін таңдап, грант сертификаттарын табыстауды ұйғарған.

Іріктеу кезінде студенттердің оқу үлгерімі, университеттің қоғамдық өміріне қатысуы, бастамашылдығы және ғылыми-экологиялық жобалардағы белсенділігі ескерілген. Нәтижесінде, студент Нұрдана Асқар Ибатоллақызы, Мұхан Көркемай Достанқызы және Балтабаева Гульбаршын Аскербекқызы грант иегерлері атанды.

Жиында университет проректорлары «West Dala» компаниясына жастардың білім алуына қолдау көрсетіп, болашақ мамандарды даярлауға үлес қосқаны және тұрақты серіктестігі үшін алғыс білдірді. Тараптар білім, ғылым және экология салаларындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға, сондай-ақ студенттердің өндірістік тәжірибесін ұйымдастыру бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниет білдірді.