Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті халықаралық ынтымақтастық аясын кеңейтіп, академиялық ұтқырлық бағдарламасын жүйелі түрде дамытып келеді. Биылғы оқу жылында түркі елдерінен 20 студент Атырауға білім алуға келсе, университеттің 43 білім алушысы шетелдік жоғары оқу орындарында оқып келеді.
Бүгін академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша келген шетелдік білім алушылармен стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Бақыт Алтынбасов кездесті. Проректор басқосуда университеттің білім беру мүмкіндіктерін таныстырып, әрбір студенттің дамуына жасалған мүкіндіктерді таныстырды.
Халықаралық бағдарламамен Атырауға келген студенттер – Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан сынды бауырлас түркі елдерінің өкілдері. Ал осы оқу жылында Атырау университетінің 43 студенті Польша, Литва, Түркия, Әзербайжан және Өзбекстан елдерінің жоғары оқу орындарында оқиды,.
Академиялық ұтқырлық – студент үшін жаңа білім мен тәжірибе жинақтауға, өзге елдің білім беру ортасымен танысуға және кәсіби көкжиегін кеңейтуге берілетін маңызды мүмкіндік.
Бүгінде Атырау университеті әлемнің 80-ге жуық жоғары оқу орнымен ынтымақтастық орнатып, халықаралық білім беру кеңістігіндегі байланыстарын нығайтып келеді.