Media resources
АРХЕОЛОГ ҒАЛЫМДАР ҒЫЛЫМИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ АРТТЫРМАҚ
News

АРХЕОЛОГ ҒАЛЫМДАР ҒЫЛЫМИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ АРТТЫРМАҚ

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетіне отандық және ресейлік археолог ғалымдар келді. Ғалымдармен ғылыми ынтымақтастықты арттыру бағытында Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов кездесу өткізді.

Атырау университетіне ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Ақан Оңғарұлы бастаған археолог мамандар Д.А. Талеев, Д.В. Марыксин, Н.Б. Нұрғали, В.Д. Воловенко келді. Сонымен қатар ғылыми делегация құрамында Ресей Федерациясы Татарстан Республикасы Ғылым академиясы А.Х.Халиков атындағы Археология институтының Ортағасырлық археология бөлімінің меңгерушісі Евгений Пигарев, институт зерттеушілері С. Курочкина мен Я. Логинов та болды.

Ғалымдар Атырау университетінің археология бағытындағы ғылыми-зерттеу және оқу-тәжірибелік жұмыстарымен танысып, Археология зертханасында жинақталған көптеген артефактілер мен археологиялық жәдігерлерді тамашалады. Қонақтар тарихи мұраларды зерттеу мен сақтауға бағытталған жүйелі жұмыстарға оң бағасын беріп, ризашылықтарын білдірді.

Зертханада Атырау университетінің археологы, сениор-лектор, белгілі археолог Амангелді Зайновтың жетекшілігімен білім алушылардың жыл сайынғы дәстүрлі оқу-тәжірибелік жұмыстары барысында табылған археологиялық материалдар мен жәдігерлер сақталған. Олардың қатарында ортағасырлық Сарайшық пен Ақтөбе-Лаэти қалашықтарында, сондай-ақ Қарақұдықтағы Сармат дәуірінің қорымында жүргізілген ауқымды қазба жұмыстары кезінде табылған  археологиялық мұралар бар.

Жақында отандық және ресейлік археологтар Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің бастамасымен өңірде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізбек. Осыған орай, Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының директоры Ақан Оңғарұлымен кездесу барысында Атырау университетінің ғалымдары мен білім алушыларын алдағы археологиялық зерттеулерге тарту, ғылыми және тәжірибелік байланысты одан әрі дамыту, бірлескен зерттеулер жүргізу мәселелерін талқылады.

Атырау университеті – археология саласында мамандар даярлап, өңірдегі тарихи ескерткіштерді зерттеуге бағытталған ауқымды жұмыстарды тұрақты жүргізіп келе жатқан жоғары оқу орны. Алдағы уақытта да осы бағыттағы әлеуетін отандық және шетелдік ғалымдармен ғылыми ықпалдастық арқылы кеңейтіп, Атырау өңірінің бай археологиялық мұрасын зерттеу мен жас мамандарды кәсіби даярлау ісіне үлес қоса бермек.