Media resources
БІРІНШІ КУРС СТУДЕНТТЕРІ КВЕСТ ОЙЫНЫНА ҚАТЫСТЫ
News

БІРІНШІ КУРС СТУДЕНТТЕРІ КВЕСТ ОЙЫНЫНА ҚАТЫСТЫ

Бүгін Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Бейімделу апталығы аясында бірінші курс студенттеріне арналған факультетаралық квест ойыны өтті.

Квесттің негізгі мақсаты – білім алушыларды университеттің ішкі инфрақұрылымымен таныстыру, жаңа ортаға бейімделуіне көмектесу, командалық рухты қалыптастыру және факультеттер арасындағы достық байланысты нығайту.

Ойынға университеттің алты факультетінің студенттері қатысып, алдын ала дайындалған қызықты тапсырмаларды орындады. Қатысушылар Ескерткіштер алаңы, ғылыми кітапхана, оқу аудиториясы, асхана, университет ауласы, спортзал, негізгі корпус және ақпараттық стенд секілді маңызды орындарды аралады.

Әр бекетте командалар ортақ фотоға түсіп, басқа факультеттердің студенттерімен танысып, спорттық жаттығу орындап, бейнематериалдар дайындады. 

Квест қатысушыларға университет аумағын жақынырақ танып-білуге ғана емес, өзара ынтымақтастық орнатып, ұйымшылдықтары мен шығармашылық қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік берді.

Ойын қорытындысы бойынша:

«Белсенді команда» – Жаратылыстану ғылымдары факультеті;
«Креативті команда» – Гуманитарлық ғылымдар және өнер факультеті;
«Ұйымшыл команда» – Инновациялық білім беру факультеті атанды.

Белсенділік танытып, ерекше көзге түскен студенттер университеттің брендтік сыйлықтарымен марапатталды.

Көңілді әрі танымдық форматта өткен квест бірінші курс студенттерінің университет өміріне бейімделуіне, жаңа достар табуына және білім ордасы туралы пайдалы ақпарат алуына ықпал етті.