Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Кадрларды қайта даярлау және біліктілікті арттыру кеңсесінің ұйымдастыруымен 2026 жылдың 8 маусымынан бастап Атырау облысының мектеп мұғалімдеріне арналған «Қазақ халқының материалдық емес мәдениеті: бұрынғысы және бүгінгісі» тақырыбындағы біліктілікті арттыру курсы өтіп жатыр.
Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды сақтау, жас ұрпақтың бойына рухани мұраны сіңіру және ұлттық тәрбиені білім беру үдерісімен ұштастыру – өзекті мәселелердің бірі. Осы мақсатта ұйымдастырылған курс мұғалімдердің этномәдени және кәсіби құзыреттіліктерін жетілдіруге бағытталған.
Курс авторы әрі лекторы – педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Нағимов Шахман Нағимұлы. Көпжылдық ғылыми-педагогикалық тәжірибесі бар ғалым тыңдаушыларға қазақ халқының материалдық емес мәдени мұрасының ерекшеліктері, рухани құндылықтары, салт-дәстүрлері, халықтық білімдері, ұлттық ойындары мен халықтық педагогикасының тәрбиелік әлеуеті жөнінде мазмұнды дәрістер мен тәжірибелік сабақтар өткізуде.
Курс бағдарламасы аясында қатысушылар дәстүрлі қазақ мәдениетінің рухани құндылықтарын, қазақтардың салт-дәстүрлері мен туыстық қатынастар жүйесін, ұлттық ойындардың тәрбиелік және дамытушылық мүмкіндіктерін, Атырау өңірінің тарихи-мәдени мұрасын, халықтық білім мен ұлттық тәрбиенің ерекшеліктерін жан-жақты меңгеруде.
Сонымен қатар тыңдаушылар ұлттық мәдени мұраны қазіргі білім беру жүйесіне енгізудің тиімді жолдарымен танысып, этнопедагогикалық тәжірибелерді сабақ барысында қолдану әдістерін игеруде. Практикалық сабақтар мен пікір алмасулар барысында мұғалімдер өз тәжірибелерімен бөлісіп, кәсіби шеберліктерін жетілдіруге мүмкіндік алуда.
Атырау облысының мектеп мұғалімдерін біріктірген бұл курс ұлттық мәдениетті жаңғыртуға, өскелең ұрпақтың ұлттық сана-сезімін қалыптастыруға және білім беру сапасын арттыруға өз үлесін қосатын маңызды алаңға айналып отыр.
Курс өз жұмысын жалғастыруда. Қатысушыларға жемісті оқу, жаңа білім мен шығармашылық табыс тілейміз!