Media resources
«Қазақстан халқына» грантының алғашқы түлектері кәсіби жолға қадам басты
News

«Қазақстан халқына» грантының алғашқы түлектері кәсіби жолға қадам басты

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде онлайн форматта «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының білім гранты иегерлеріне арналған түлектер конференциясы өтті. Іс-шараға «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева қатысып, грант иегерлеріне құттықтау сөз арнады. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Бану Нұрғазиева және қордың Қайырымдылық бағдарламаларды үйлестіру орталығының басшысы Шыңғыс Шарапиев грант бағдарламасының мүмкіндіктері мен оның жастардың болашағын қалыптастырудағы маңызы жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Сондай-ақ университеттің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі проректоры Ләйлә Қойшығұлова мен студенттердің ата-аналары сөз сөйлеп, жастарға жоғары білім алуға жол ашып отырған «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына шынайы ризашылықтарын білдірді.

Конференция барысында «Қазақстан халқына» білім грантының иегері, Көптілді білім беру факультетінің «Екі шетел тілі» білім беру бағдарламасының студенті Гүлзира Құсайынова сөз сөйлеп, қордың қолдауының арқасында сапалы білім алып, өз кәсіби мақсаттарына сенімді қадам басқанын атап өтті.

Аталған грант бағдарламасы аясында 2022 жылдан бері Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде 75 студент білім алуда. Биыл олардың арасынан алғашқы 12 студент оқуын сәтті аяқтап, университет тарихындағы «Қазақстан халқына» білім грантының алғашқы түлектері атанды.

Конференция аясында түлектер өздерінің білім алу кезеңіндегі жетістіктерімен бөлісіп, гранттың кәсіби қалыптасуы мен жеке дамуына қосқан зор үлесін ерекше атап өтті. Олар бұл қолдаудың сапалы білім алып, болашақ маман ретінде қалыптасуына үлкен мүмкіндік бергенін жеткізді.

Іс-шара барысында қордың әлеуметтік қолдауды қажет ететін жастарға көрсетіп отырған көмегінің маңыздылығы кеңінен талқыланып, білім гранты бағдарламасының алдағы уақытта да өз жалғасын табатынына сенім білдірілді.

Түлектерді шын жүректен құттықтаймыз! Оларға кәсіби қызметте биік белестерді бағындырып, ел дамуына үлес қосатын білікті маман болуына тілектеспіз.