Media resources
Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті
News

Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті

Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде көрнекті ақын, зерттеуші және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің 90 жылдық мерейтойы аясында «О. Сүлейменов шығармашылығы қазақ, орыс және әлем мәдениеті аясында» атты халықаралық жиын өтті. Орыс филологиясы кафедрасының ұйымдастыруымен өткен шараның мақсаты ақын шығармашылығының қазақ, орыс және әлем мәдениеті контексіндегі маңызын ашу, оның әдебиет пен қоғамдық ой-сананың дамуына қосқан үлесін паш ету болды. 
Басқосуға университет ректоры Саламат Идрисов қатысып, алғы сөзінде Олжас Сүлейменовтың шығармашылығының қоғамдық ой-сананы дамытудағы маңызын атап өтті. Жиында Олжас Сүлейменовке Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Құрметті профессоры атағы берілді. 
Профессор Ж. Кенжебаева модераторлық еткен жиынға халықаралық деңгейдегі ғалымдар мен зерттеушілер онлайн және офлайн форматта қатысты. Атап айтқанда, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтынан Светлана Ананьева мен Альмира Қалиева, Әзірбайжаннан филолог, доцент Севда Рзаева мен профессор Фарах Джалил,  Түркиядан профессорлар Гюльмира Куруоглу, Хикмет Кораш, Экрем Аян және Адем Огер өз лебіздерін білдірді. Сондай-ақ, Өзбекстаннан Турсынай Торткулбаева мен Ырысты Құттымұратова, еліміздің белгілі ғалымдары Мұхтар Миров, Әлібек Байбол, Бибіхан Мырзабек, «Былина» бірлестігінің төрағасы Андрей Кораблев пен профессор Сания Камелова Олжас Сүлейменов феномені туралы ғылыми-танымдық баяндамалар жасады.
Кеш бағдарламасы поэтикалық және өнер туындыларымен жалғасты. Университет студенттері мен «Ұстаз» мектебінің оқушылары қаламгердің таңдаулы шығармаларын қазақ, орыс, ағылшын, түрік және қытай тілдерінде мәнерлеп оқып, Олжас поэзиясының көптілдік сипатын паш етті. Сондай-ақ, жас таланттар «Ақын Сметтің соңғы әні» атты инсценировканы сахналап, домбыра үнімен шараның мазмұнын байыта түсті. 
Жиын соңында қатысушылар «Олжас Сүлейменов: ақын, ойшыл, дипломат» атты кең көлемді кітап көрмесімен танысып, өзара пікір алмасты.