Media Image
10.04.2026 6

Жасанды интеллект пен жаңа медианың БАҚ-тағы рөлі

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Жасанды интеллект пен жаңа медианың БАҚ-тағы рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. 

Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – жасанды интеллект технологиялары мен жаңа медианың бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы ықпалын жан-жақты талдау, журналистикадағы цифрлық трансформация үдерістерін түсіндіру және студенттердің кәсіби құзыреттерін дамыту. Сонымен қатар қатысушылар медиа-сауаттылық, фактчекинг, цифрлық этика, инновациялық контент жасау және deepfake сияқты заманауи мәселелерді талқылады.

Жиын барысында студенттер мен оқытушылар жасанды интеллекттің журналистикаға әсері туралы бірнеше баяндамалар жасады. Атап айтқанда, 1-курс студенті Жаңылсын Серикова «Жасанды интеллект журналистиканы қалай өзгертеді?» тақырыбында бейнеролик ұсынды. Ал 3-курс студенті Анара Батырова «Этика журналистики в эпоху ИИ» баяндамасында жаңа технологиялар дәуіріндегі кәсіби жауапкершілік мәселелерін көтерді.

Сонымен қатар Ғалия Аренова жасанды интеллект пен deepfake технологияларының журналистика болашағына ықпалын талдаса, Нұржанар Темірболат ЖИ-дің журналистің күнделікті жұмысын оңтайландырудағы рөліне тоқталды. Қарақалпақстаннан келген студент Нажимадин Аттагуллаев жастар мен ғылымның бүгінгі және болашақтағы байланысын сөз етті.

Жиын барысында «Журналист пен блогер: бүгін кім маңызды?» тақырыбы да талқыланып, қазіргі медиакеңістіктегі рөлдер сараланды. Сонымен қатар сеньор-лекторлар Ләззат Мажитова мен Гүлжан Нұрсұлтанова БАҚ-та жасанды интеллектті қолдану және медиа-сауаттылықты дамыту мәселелеріне кеңінен тоқталды.

Дөңгелек үстел соңында қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды.

📷 Дополнительные изображения