Media Image
10.04.2026 6

Құттықтау!

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің 12 сәуір - ҒЫлым қызметкерлері күніне орай жолдаған құттықтау хаты.

Құрметті әріптестер, қадірлі зиялы
қауым!

Сіздерді Қазақстандағы Ғылым қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бүгін біз елдің зияткерлік әлеуетін айқындайтын, болашақтың іргетасын қалайтын ғылым саласының өкілдерін құрметтеу үшін жиналып отырмыз. Бұл – ғылымға деген мемлекеттік қолдаудың нақты көрінісі.

Жақында ғана халықтың қолдауына ие болып, қабылданған жаңа Конституциямызда адами капиталды, ғылым мен инновацияларды дамыту алғаш рет мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде анықталды. 

Бұл – еліміздің даму бағыты табиғи байлықтарға ғана емес, ең алдымен адам капиталына, білімді ұлт пен зияткерлік әлеуетке сүйенуі тиіс деген түбегейлі көзқарастың көрінісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылыми қауымдастықпен кездесуінде: «Ғылым – ел дамуының басты драйвері болуы тиіс. Біз ғылымды нақты экономикамен байланыстырып, оның нәтижесін халық игілігіне айналдыруымыз керек» деп атап өтті. Бұл – бүгінгі ғылым саясатының негізгі бағытын айқындайтын стратегиялық ұстаным.

Қазіргі таңда Қазақстанда ғылыми-зерттеу және тәжірибелікконструкторлық жұмыстармен айналысатын ғалымдар саны 25 мыңнан асады. Олардың қатарында мыңдаған жас зерттеушілер, PhD докторлар мен ғылыми дәрежесі бар мамандар бар. Елде 400-ден астам ғылыми ұйым мен жоғары оқу орындары ғылыми зерттеулер жүргізіп жатыр. Соңғы жылдары ғылымды қаржыландыру көлемі бірнеше есе өсіп, ішкі жалпы өнімдегі ғылымның үлесін арттыру бағытында нақты қадамдар жасалуда.

Қазақстандық ғалымдардың халықаралық деңгейдегі әлеуеті де артып келеді. Бүгінде отандық зерттеушілердің еңбектері Scopus және Web of Science базаларына енгізілген беделді журналдарда жарияланып, олардың дәйексөздік көрсеткіштері тұрақты түрде өсіп жатыр. Бұл – қазақстандық ғылымның жаһандық ғылыми кеңістіктегі орны нығайып келе жатқанын көрсетеді.

Сонымен қатар елімізде жас ғалымдарды қолдау жүйесі күшейтіліп, ғылыми гранттар, тағылымдамалар мен халықаралық әріптестік бағдарламалар кеңейтіліп жатыр. Бұл – ғылымның тұрақты дамуы мен сабақтастығын қамтамасыз ететін маңызды фактор.

Қадірлі ғалымдар! Сіздердің еңбектеріңіз – ел болашағының негізі. Ғылымға адал қызмет ету – үлкен жауапкершілік. Сіздердің ізденістеріңіз бен жаңалықтарыңыз Қазақстанның тұрақты дамуына, технологиялық ілгерілеуіне және жаһандық бәсекеге қабілеттілігіне жол ашады.

Жас зерттеушілерге ерекше үміт артылады. Сіздер – ғылымның жаңа буыны, жаңа ойдың иесісіздер. Батыл бастамаларыңыз бен тың идеяларыңыз еліміздің ғылыми серпілісінің қозғаушы күшіне айналатынына сенемін.

Алдағы міндет – ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту, университет ғылымын дамыту және Қазақстанды өңірлік ғылыми орталыққа айналдыру. Бұл – уақыт талабы. Ғылым тек есеп үшін жазылатын мақала емес, ертең экономикаға нақты әсер ететін құралға айналуы керек – әйтпесе ол архивте шаң басып жата береді.  

Құрметті қауым! Ғылымға салынған инвестиция – елдің болашағына салынған инвестиция. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс тек жалғасып қана қоймай, жаңа деңгейге көтеріледі.

Баршаңызға зор денсаулық, толағай табыс, жаңа ғылыми жетістіктер тілеймін! Қазақстан ғылымы өркендей берсін!


Құрметпен және ізгі тілекпен,
Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек

📎 Прикрепленные документы

МНВО (31).pdf
Формат: PDF