«Профессор Әлия Мұханбетжанованың ғылыми-педагогикалық әдіснамасының тұжырымдамасы»
Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру кафедрасының ұйымдастыруымен «Профессор Әлия Мұханбетжанованың ғылыми-педагогикалық әдіснамасының тұжырымдамасы» атты республикалық ғылыми-әдіснамалық семинар өтті.
Семинар аралас форматта ұйымдастырылып, еліміздің әр өңірінен келген ғалымдар мен педагогтар бас қосты. Семинардың ашылуында модератор, кафедра меңгерушісі Фариза Кинжибаева сөз сөйлеп, шараның мақсаты мен маңыздылығына тоқталды.
Ғылыми жиын барысында бірқатар баяндамалар тыңдалды. Атап айтқанда, тана халықаралық университетінің қауымдастырылған профессоры, п.ғ.к. Айгүл Медешова педагог құзыреттілігі туралы ғалым еңбектерінің жүзеге асырылуын талдаса, Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің Мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.к., профессор Ұлбосын Қыяқбаева тұлғаның тағылымы мен ғылыми мұрасына тоқталды. Сонымен қатар Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің профессоры, п.ғ.к. Ұлдай Туленова білім беру мазмұнын кіріктірудің педагогикалық-психологиялық негіздерін қарастырды. Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD Фариза Кинжибаева ғалым еңбектерінің теориялық негіздері мен оларды заманауи білім беру үдерісіне енгізудің тиімді жолдары жан-жақты талқылады.
Семинарда профессор еңбектерінің әдіснамалық маңызы, қазіргі білім беру жүйесінде қолдану мүмкіндіктері және білім сапасын арттыру мәселелері кеңінен талқыланды. Жиын соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, сұрақ-жауап форматында ой бөлісті.
📷 Дополнительные изображения