Media Image
02.04.2026 12

Атырау университетінде «Таза Қазақстан» акциясы аясында экологиялық форум өтті

Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Таза Қазақстан – экологиялық қауіпсіздік пен тұрақты даму негізі ретінде» тақырыбында облыстық форум өтті. Шараны «Экология» кафедрасы ұйымдастырып, жастардың экологиялық мәдениетін арттыруға және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне ғылыми қызығушылығын дамытуға бағытталды.

Форумға облыс бойынша жалпы білім беретін мектептердің 8–11 сынып оқушылары мен колледж студенттері қатысты. Форумда 3–5 адамнан құралған командалар өзара бақ сынады.

Іс-шара барысында қатысушылар климаттың өзгеруі, су ресурстарын тиімді пайдалану, қалдықтарды басқару және «жасыл» технологияларды енгізу сияқты өзекті экологиялық мәселелерді талқылады. Сонымен қатар, өңірдің тұрақты дамуына бағытталған нақты практикалық шешімдер ұсынылды.

Форумның маңызды бөлігі ретінде өткен форсайт-сессияда командалар 2035 жылға дейінгі экологиялық даму сценарийлерін таныстырды. Қатысушылар қоршаған ортаның қазіргі жағдайына талдау жасап, болашаққа болжамдар ұсынып, экологиялық таза қала мен аумақтардың үлгілерін әзірледі.

Аталған форум жастардың экологиялық ойлауын қалыптастыруға және Қазақстанда тұрақты даму қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған маңызды алаңға айналды.

📷 Дополнительные изображения