Media Image
11.11.2025 70

Coursera онлайн-платформасының курстарын оқу процесіне енгізудің аралық нәтижелері талқыланды

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде халықаралық Coursera онлайн-платформасының курстарын оқу процесіне енгізудің аралық нәтижелері талқыланды. Осыған орай Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Асхат Чукуров пилоттық жобаға қатысушы студенттермен кездесу өткізіп, атқарылған жұмыстар мен алғашқы жетістіктерді саралады.

Coursera платформасын енгізу жобасы университеттің білім беру бағдарламаларын цифрландыруды дамытуға, сондай-ақ студенттердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған.

Пилоттық жоба аясында «Шет тілі: екі шет тілі» мамандығының студенттері «Business English for Non-Native Speakers» атты мамандандырылған курсты (көлемі 119 академиялық сағат) игеруде. Қазіргі таңда 16 студент оқуды жалғастырып жатыр, олардың үшеуі курсты сәтті аяқтап, халықаралық сертификаттарға ие болды.

Кездесуде студенттер онлайн форматтағы оқытудың тиімділігі туралы пікірлерін білдірді. Олар Coursera курстарының артықшылықтарына — оқу икемділігі, материалдардың өзектілігі мен халықаралық деңгейде мойындалуына ерекше назар аударды. Сонымен қатар, ұйымдастырушылық мәселелер мен курсты бейімдеу тетіктері талқыланып, тәжірибені басқа мамандықтарға енгізудің жолдары қарастырылды.

Курстың маңыздылығын және академиялық стандарттарға сәйкестігін ескере отырып, университет басшылығы аталған курсты студенттердің диплом қосымшасына (транскриптке) енгізу туралы шешім қабылдады.

Осы оң нәтижелерге сүйене отырып, Coursera курстарын интеграциялау тәжірибесі енді Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бағытының білім беру бағдарламаларына да енгізілмек.

Кездесуде Асхат Ералыұлы бұл бастаманың стратегиялық маңызына тоқталып өтті:

«Бұл жобаның аралық нәтижелері — студенттеріміздің әлемдік деңгейде мойындалған білімге қол жеткізуін қамтамасыз етіп, университетіміздің дұрыс бағытта келе жатқанын айғақтайды. Coursera курстарын диплом қосымшасына енгізу түлектердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Біз оқу процесін цифрлық платформалар арқылы жетілдіруді жалғастырамыз», — деді ол.

Атырау университеті әлемдік онлайн-білім беру тәжірибесін оқу үдерісіне кезең-кезеңімен енгізу арқылы заманауи білім беру стандарттарына сай сапалы білім ұсынуды көздейді.