
30 апреля 2025
Дирижерлеу пәнінен класс концерті өтті
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Оркестрмен дирижерлеу» пәні бойынша аға оқытушы Қуанышқали Кипиевтің класс концерті өтті.Музыка және өнер кафедрасының ұйымдастыруымен жас дирижерлердің кәсіби шеберлігі мен шығармашылық ізденістерін кеңінен таныстыру мақсатында өткен шарада «Дирижерлеу техникасының негіздері» атты кітабының тұсаукесер рәсімі де өтіп, ән мен күй шырқалды.
«Құрметті өнер сүйер қауым! Қуанышқали Кипиевтің студенттерінің дирижерлік өнерді қаншалықты меңгергендігін көрсететін қорытынды кешіне қош келдіңіздер! Оркестрде ойнап отырған да, оған дирижерлік етіп тұрған студенттер де - өнерді сүйіп, шығармашылықпен айналысу үшін өздері қалап түскен білім алушыларымыз. Білімді, әрі өнерлі студенттерімізге өнерлері өрге жүзіп, кәсіби маман болып шығуларына тілектеспіз. Онымен қоса, Қуанышқали Кипиевтің жаңа туындысы «Дирижерлеу техникасының негіздері» кітабының жарыққа шығуымен де құттықтаймын!», - деді Атырау университетінің Басқарма-төрағасы, ректор Саламат Идрисов.
Концерт барысында Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, «Құрмет» орденінің иегері, хормейстер Мақыш Гайсина және Атырау университетінің ректоры Саламат Идрисов «Дирижерлеу техникасының негіздері» кітабының лентасын салтанатты түрде кесті.
Салтанатты жиында халық аспаптар оркестрін 4-курс студенттері Зейінбек Хамза, Диана Мұқашева, Еркебұлан Асыланұлы, Перизат Нұрболат және Гүлсезім Шапиева ассистент-дирижер ретінде басқарды.
Сонымен қатар кеш қонақтары, әрі әнші-аға оқытушылар ҚР Мәдениет қайраткері Маржан Төреханова «Илигай» әнін, халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты Ақкенже Шаужанова «Іздедім сені» әнін нақышына келтіре шырқады.
Концертке қатысушылар білім алушылардың шығармашылық ізденістері мен кәсіби біліктіліктерін жоғары бағалап, құттықтау сөз сөйледі.