НАУРЫЗНАМА ОНКҮНДІГІ АЯСЫНДА КӨРІСУ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ
Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің №2 студенттер жатақханасында ата-бабамыздан келе жатқан игі дәстүрді ұлықтаған 14 наурыз – Көрісу күні орай мерекелік іс-шара өтті.
Мерекелік іс-шараның басты мақсаты – қазақ халқының ұлттық дәстүрін дәріптеу, жастар арасында сыйластық пен бірлікті нығайту, сондай-ақ Амал мерекесінің мән-маңызын кеңінен насихаттау болды.
Мерекелік жиын барысында студенттер Амал мерекесінің мазмұны мен тәрбиелік маңызы туралы ой бөлісіп, бұл күннің ағайын мен бауырдың, дос пен көршінің бір-бірімен көрісіп, амандық сұрасып, ізгі тілек айтатын ерекше мереке екенін атап өтті.
Студенттер ұлттық дәстүрге сай көрісу рәсімін жасап, қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдениетін танытатын танымдық әрі мәдени бағдарламалар ұсынды. Сонымен қатар, қатысушылар ұлттық киім киіп, қазақтың ұлттық тағамдарын ұсынып, мерекелік дастархан жайды.
Жылы атмосферада өткен мерекелік кеш студенттерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, олардың арасында достықты, бірлікті және ұлттық құндылықтарды насихаттауға өз үлесін қосты.