Media Image
12.03.2026 15

Академиялық ұтқырлық: студенттер Польшадағы білім алу тәжірибесімен бөлісті

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Аударма ісі және аударматану» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттері Айтбаев Жанұзақ, Жұмабай Салтанат, Төлеген Лаура, Ермағамбетова Анеля 2025–2026 оқу жылының күзгі семестрінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Польша Республикасының Новы-Сонч қаласында орналасқан WSB–National Louis University университетінде білім алып келген тәжірибелерімен бөлісті.

Кездесу барысында студенттер ағылшын және қазақ тілдерінде презентация жасап, шетелде білім алу барысындағы әсерлері мен тәжірибелері туралы баяндады.

Олардың айтуынша, академиялық ұтқырлық бағдарламасының басты артықшылықтарының бірі – мемлекет тарапынан көрсетілетін жан-жақты қолдау. Атап айтқанда, Польшаға бару және кері қайту әуе билеттері, виза рәсімдеу, медициналық сақтандыру, сондай-ақ бес ай бойы тұратын жатақхана ақысы мемлекет есебінен төленген.

Тәжірибе алмасу барысында студенттер түрлі пәндер бойынша дәрістер алып, өз білім деңгейлерін көрсетіп, халықаралық ортада бағалануға мүмкіндік алған. Бағдарлама тек тәжірибе алмасуға ғана емес, сонымен қатар олардың тілдік деңгейін арттыруға да үлкен ықпал еткен.

Студенттер Атырау университетінің ғана емес, жалпы Қазақстан жастарының білімді, жауапкершілігі жоғары әрі мәдениетті өкілдері ретінде өздерін лайықты деңгейде көрсете білді.

Сонымен қатар, бос уақыттарында көршілес елдерге саяхат жасап, Франция, Германия және Италия мемлекеттерінде болып қайтқан.

Қорытындылай келе, студенттер академиялық ұтқырлық бағдарламасының білім алушылар үшін маңызды әрі пайдалы мүмкіндік екенін атап өтіп, қатысушыларға құнды ақпараттармен бөлісті.