Медиа ресурсы
ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРБИЕ – ЖЕМҚОРЛЫҚСЫЗ ҚОҒАМ ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ
Новости

ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРБИЕ – ЖЕМҚОРЛЫҚСЫЗ ҚОҒАМ ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ

Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!» тақырыбында кездесу өтті. Іс-шараны университет пен «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ Атырау облыстық филиалы бірлесіп ұйымдастырды.


Кездесу «Жастарды құқықтық тәрбиелеу – сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымның негізі» әлеуметтік жобасы аясында өткізілді. Оған мемлекеттік органдардың өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы және студенттер қатысты.
Іс-шараның мақсаты – жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру,  заңға құрметпен қарауды насихаттау, құқықтық сауаттылықты арттыру, қоғамда адалдық пен әділдік қағидаттарын нығайту көзделді.
Кездесуді университеттің Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі проректоры Ләйлә Қойшығұлова ашты. Ол сыбайлас жемқорлықтың қоғам дамуына кері әсер ететінін, сондай-ақ бұл мәселе мемлекеттің тұрақтылығына және азаматтардың заңға деген сеніміне қауіп төндіретінін атап өтті.


Кездесуге Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Нұрлан Еркебаев, Атырау облыстық полиция департаменті Тергеу басқармасының бөлім бастығы, полиция майоры Виталий Югай, Атырау облысы Әділет департаментінің басшысы Гүланда Қыстаубаева және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметінің басшысы Шыңғыс Мұхамбетқалиев арнайы шақырылды.


Спикерлер сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі бағыттары туралы баяндады. Мемлекеттік қызметтегі әдеп нормалары мен заң талаптарын сақтау мәселелері, құқықтық жауапкершілік және жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру жөнінде маңызды ақпарат берді.


Кездесу ашық пікір алмасу форматында жалғасты. Студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын  қойып, сала мамандарымен еркін пікір алмасты. Іс-шара соңында университеттің Студенттік құрылтай төрағасы Батырбек Бекеев қатысушылар атынан сөз сөйлеп, жастармен кездесіп, кәсіби тәжірибелерімен және құнды пікірлерімен бөліскен спикерлерге алғыс білдірді. 


Кездесу қорытындысында жастар арасында әділдік және жауапкершілік құндылықтарын кеңінен насихаттау, студенттердің азаматтық белсенділігін арттыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту жөнінде бірқатар ұсыным қабылданды.