Медиа ресурсы
ШЕТЕЛДІК ҒАЛЫМДАРМЕН ҒЫЛЫМИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Новости

ШЕТЕЛДІК ҒАЛЫМДАРМЕН ҒЫЛЫМИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов Түркия, Үндістан және Мексика елдерінен келген шетелдік ғалымдарды қабылдады.

Кездесуге Түркиядағы Нигде Өмер Халисдемир университетінің профессоры, PhD докторы Мехмет Тунчел, Үндістандағы B. P. Poddar менеджмент және технологиялар институтының ассистент-профессоры, PhD докторы Дебарати Дей Рой және Мексикадағы Ұлттық педагогикалық университеттің профессоры, PhD докторы Виктор Альфонсо Криспин Кастрехон қатысты.

Кездесу барысында тараптар жоғары білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын кеңейту және ғылыми тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады. Сонымен қатар жаратылыстану ғылымдары, ақпараттық технологиялар, инженерия және педагогика бағыттарындағы зерттеулерді дамыту, білім беру үдерісіне заманауи технологияларды енгізу және халықаралық ғылыми байланыстарды кеңейту мүмкіндіктері қарастырылды.

Шетелдік ғалымдар өздерінің ғылыми-зерттеу бағыттары мен кәсіби тәжірибелері туралы айтып, университеттің профессор-оқытушылар құрамымен бірлескен зерттеулер жүргізу және білім алушылардың ғылыми ізденістеріне қолдау көрсету мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Кездесуде университет басшысы Саламат Идрисов шетелдік ғалымдармен тығыз байланыс орнатудың маңыздылығын атап өтіп, мұндай ынтымақтастық білім беру сапасын арттыруға, ғылыми зерттеулердің аясын кеңейтуге және университеттің халықаралық академиялық кеңістіктегі орнын нығайтуға ықпал ететінін жеткізді.

Шетелдік ғалымдар 2026 жылғы қараша-желтоқсан айлары аралығында Атырау университетінің Жаратылыстану ғылымдары, Физика, математика және ақпараттық технологиялар, Инновациялық білім беру факультеттерінде ғылыми және академиялық жұмыстар жүргізеді. Сапар аясында білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамына дәрістер өткізіп, ғылыми-әдістемелік тәжірибелерімен бөліседі.

Кездесу соңында университет басшысы шетелдік ғалымдарға алғыс білдіріп, олардың сапары өзара ғылыми ынтымақтастықты тереңдетуге және жаңа бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.