Медиа ресурсы
ҒАЛЫМ СӨЗІ – ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ
Новости

ҒАЛЫМ СӨЗІ – ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ

Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде профессор Абат Қыдыршаевтың қатысуымен студенттерге арналған қонақ дәріс өтті.

Кездесуге М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті Қоғамдық даму департаментінің директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Қазақстан Республикасы жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының екі мәрте иегері, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Абат Сатыбайұлы Қыдыршаев арнайы келді.

«Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік мұрасы» тақырыбында өткен дәріс барысында ғалым ұлт ұстазының ағартушылық және ғылыми-әдістемелік мұрасына тоқталып, осы бағыттағы зерттеу тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ шешендіктануды оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздеріне арналған елуден астам ғылыми еңбегінің мазмұны мен маңызын таныстырды.

Профессор өз сөзінде «Іскерлік шешендіктану», «Шешендік тағылымы», «Шешен-лектор профессиограммасы», «Кестелі шешендіктану» атты еңбектеріне кеңінен тоқталды. Аталған зерттеулерде шешендік өнердің теориялық негіздері мен тәжірибелік қырлары, ойды жүйелі әрі әсерлі жеткізу, тыңдаушымен байланыс орнату, сөз мәдениетін қалыптастыру және шешен тұлғаның кәсіби болмысын дамыту мәселелері қамтылған.

Ғалымның айтуынша, шешендік өнер – тек көркем сөйлеу қабілеті емес, адамның ой-өрісін кеңейтіп, танымын тереңдететін, тыңдаушыға әсер етіп, оны белгілі бір әрекетке жетелейтін рухани күш. Осы орайда ол студенттерге сөз мәдениетін жетілдіріп, көпшілік алдында сөйлеу шеберлігін дамытуда ғылыми еңбектерді тәжірибемен ұштастыра пайдаланудың маңызын атап өтті.

Дәріс барысында профессор жастарды ғылым жолында өз бағытын айқындап, тың тақырыптарды зерттеуге шақырды. «Әр зерттеушінің, әр ғалымның атын өзі зерттеп, зерделеп шығарған тақырыбы танытады», – деген Абат Сатыбайұлы ғылыми ізденісте табандылықпен қатар, өзіндік көзқарас пен дара зерттеу бағытының да маңызды екенін жеткізді.

Тағылымды кездесу студенттердің ғылыми ізденіске, шешендік өнерге және ұлттық мұраны тереңірек тануға деген қызығушылығын арттырды. Дәріс соңында білім алушылар профессорға көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.

Кездесу жастарға сөз өнерінің құндылығын ұғындырып қана қоймай, ғылым жолында өз тақырыбын тауып, ұлттық ғылыми мұраны жаңаша зерделеуге бағыт-бағдар берді.