Медиа ресурсы
ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ТАНЫМАЛ ДИЗАЙНЕРЛЕР СТУДЕНТТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ
Новости

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ТАНЫМАЛ ДИЗАЙНЕРЛЕР СТУДЕНТТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Сән мен шабыт» тақырыбында шығармашылық кездесу өтті. Іс-шараға қазақстандық танымал сәнгер-дизайнер, кәсіпкер, «Aida KaumeNOVA» сән үйінің негізін қалаушы Аида Кауменова, атыраулық суретші-дизайнер, сәнгер, «Маржан Маршалл» авторлық брендінің негізін қалаушы Маржан Маршалл және Kazakhstan Fashion Week KZ атқарушы директоры Ботакөз Алдоңғарова қатысты.

Кездесудің модераторы – университеттің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі проректоры Ләйлә Қойшығұлова қонақтарды таныстырып, сәннің тек әдемі киім ғана емес, өнерді, талғамды, мәдениетті және адамның өзіндік болмысын біріктіретін маңызды сала екенін атап өтті. Сондай-ақ ұлттық құндылықтарды заманауи сән арқылы дәріптеудің маңызына тоқталды.

Жиында Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов сөз сөйлеп, құрметті қонақтарға университетке арнайы келгендері үшін алғысын білдірді. Ол қазіргі сән индустриясында ұлттық нақыш пен заманауи бағыттың үйлесімі ерекше маңызға ие екенін атап өтіп, бұл кездесу болашақ дизайнерлер үшін тәжірибе жинақтап, кәсіби бағдар алуға мүмкіндік беретін маңызды алаң болатынын жеткізді.

Кездесу аясында университетіміздің Бейнелеу өнері және дизайн кафедрасының студенттері өздері әзірлеген киім топтамаларын көпшілік назарына ұсынды. Сән көрсетілімінде ұлттық нақыш пен заманауи стиль шебер үйлесім тауып, жас дизайнерлердің шығармашылық ізденісі мен тың идеялары көрініс тапты. Қазақы ою-өрнектермен безендірілген ерекше үлгілер көрермендердің қызығушылығын тудырып, студенттердің кәсіби шеберлігі мен эстетикалық талғамын танытты.

Шығармашылық кездесу барысында Аида Кауменова сән саласындағы көпжылдық тәжірибесімен бөлісіп, дизайнер үшін өзіндік қолтаңбаны қалыптастырудың маңызы туралы айтты. Ол уақытша трендтерді қайталаумен шектелмей, ұлттық мәдениеттен шабыт алып, заманауи талаптарға сай жаңа туындылар ұсыну қажеттігіне назар аударды. Сонымен қатар сән саласында табысқа жету үшін шығармашылық ізденіспен бірге тұрақты еңбек, жауапкершілік және кәсіби даму қажет екенін атап өтті.

Маржан Маршалл ұлттық киім үлгілерін бүгінгі сәнмен үйлестіру тәжірибесі жөнінде әңгімеледі. Суретші-дизайнер қазақтың дәстүрлі ою-өрнектері мен мәдени мұрасын жаңа үлгіде таныстыру, ұлттық ерекшелікті сақтай отырып заманауи әрі сұранысқа ие топтамалар әзірлеу туралы ой бөлісті. Сондай-ақ жас дизайнерлерге өз идеясынан қорықпай, шығармашылық ізденіске ұмтылып, жеке стилін дамытуға кеңес берді.

Kazakhstan Fashion Week KZ атқарушы директоры Ботакөз Алдоңғарова сән көрсетілімдерін ұйымдастыру, жас дизайнерлерді қолдау және олардың шығармашылығын кең аудиторияға таныстыру жөніндегі тәжірибесімен бөлісті. Ол Атырауда өткен Kazakhstan Fashion Week аясындағы сән көрсетілімі туралы айтып, мұндай жобалардың өңірдегі креативті индустрияны дамытуға және жаңа есімдерді танытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Кездесу барысында сән әлеміндегі уақытша трендтер, дизайнердің өзіндік қолтаңбасы, ұлттық нақыш пен заманауи стильдің сабақтастығы, авторлық бренд қалыптастыру және отандық сән индустриясының болашағы талқыланды. Студенттер спикерлерге сұрақтарын қойып, кәсіби салаға қатысты пайдалы кеңестер алды.