Медиа ресурсы
УНИВЕРСИТЕТТІҢ ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Новости

УНИВЕРСИТЕТТІҢ ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде республикалық жұмыс тобының қатысуымен өткен кездесуде оқу орнымыздың ғылыми және инновациялық жобалары таныстырылды. Жиын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттарын түсіндіруге және өңірдің өзекті мәселелерін талқылауға арналды.


Делегация құрамында Құрылтай депутаттары Арман Хайруллин мен Муса Хайруллиев, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Назарбек Қосшиев, ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев, энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров, Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Бекмухамбетов болды.


Кездесу барысында республикалық жұмыс тобы университетіміздің ғалымдары мен жас зерттеушілерінің ғылыми әзірлемелерімен, инновациялық бастамаларымен және өңірдің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған жобаларымен танысты.
«Каспий орнықты инновациялар орталығы: өңірдің жасыл болашаққа көшуінің балама шешімдерін ғылыми-академиялық ілгерілету» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға ерекше назар аударылды. Бағдарлама экология, жасанды интеллект, жаңа материалдар, аквамәдениет және білім беруді цифрландыру бағыттарындағы зерттеулерді қамтиды.
Университет ғалымдары күкіртсутегі бар газ бен мұнай шламын кәдеге жарату, табиғи сорбенттерді пайдалану арқылы ағынды сулар мен топырақты тазарту бойынша жүргізілген зерттеулерінің нәтижелерімен бөлісті. Осы бағыттағы ізденістер негізінде ағынды суларды тазартуға арналған тәжірибелік станцияның құрылымы әзірленді.


Робототехника және жасанды интеллект саласындағы GSPI платформасы делегация мүшелерінің қызығушылығын тудырды. Компьютерлік көру технологиясы мен тілдік модельдерді біріктіретін жүйе дәнекерлеу жіктерінің сапасын ISO 5817 стандартының талаптарына сәйкес бағалауға мүмкіндік береді.
Жаңа материалдар саласында табиғи антиоксиданттары бар полипропилен мембраналары мен талшықтарын алуға бағытталған зерттеу нәтижелері баяндалды. Бұдан бөлек, ғалымдарымыз композиттік материалдардың қасиеттерін алдын ала болжауға арналған бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірледі.
Білім беруді цифрландыру саласында бұлттық есептеулер мен IoT технологияларын біріктіретін цифрлық портал әзірленді. Жүйе мұғалімдердің кәсіби даярлығы мен цифрлық құзыреттерін жетілдіруге, заманауи технологияларды оқу үдерісіне кеңінен енгізуге арналған.


«Қолданбалы экология» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті Дильназ Досмұхамбетова «PhytoLeather» жобасының мазмұнына тоқталды. Жоба тағамдық және өсімдік қалдықтарынан биологиялық жолмен ыдырайтын былғары өндіруге негізделген. Бастама қалдықтарды пайдалы ресурсқа айналдыруды, көмірқышқыл газы шығарындыларын азайтуды және экологиялық таза өндірісті дамытуды көздейді.
Таныстырылған жобалар университетімізде ғылымды дамыту, заманауи технологияларды қолданысқа енгізу және зерттеу нәтижелерін өндіріспен ұштастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын айқындады.