Медиа ресурсы
АТЫРАУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ТҰРҒЫНДАРҒА ТЕГІН ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ
Новости

АТЫРАУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ТҰРҒЫНДАРҒА ТЕГІН ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Атырау облысы Әділет департаментімен бірлесіп, университеттің Заң клиникасының ұйымдастыруымен тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетуге арналған қоғамдық қабылдау өтті.

Қоғамдық қабылдауға Атырау облысы Әділет департаменті басшысының міндетін атқарушы Меруерт Музатова, департаменттің құқықтық түсіндіру жұмысы және заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Айгүл Анжанова, Атырау облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Асан Есбосын, жеке нотариус Жанар Джолдасбаева және Атырау облысының жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы Қанат Айпқалиев қатысты.

Іс-шара барысында мамандар ата-аналар, жастар және өзге де тұрғындардың құқықтық сауалдарына жауап берді. Азаматтарға нотариаттық іс-әрекеттер, адвокаттық көмек, сот актілерін орындау, сондай-ақ азаматтық, отбасылық және басқа да құқықтық мәселелер бойынша жан-жақты түсіндірме беріліп, нақты кеңестер ұсынылды.

Қоғамдық қабылдау тұрғындарға білікті заң көмегін тегін алуға мүмкіндік берумен қатар, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және заңгерлік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге ықпал етті. Осындай кездесулер қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, азаматтардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тетіктері туралы білімін кеңейтуге бағытталған.

Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Заң клиникасы тұрғындарға құқықтық қолдау көрсету және тегін заң көмегін ұсыну жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастырады.