Медиа ресурсы
РАХЫМЖАН ОТАРБАЕВ МҰРАСЫ: ҰЛТТЫҚ ӘДЕБИЕТ, ТАРИХИ САНА ЖӘНЕ РУХАНИ САБАҚТАСТЫҚ
Новости

РАХЫМЖАН ОТАРБАЕВ МҰРАСЫ: ҰЛТТЫҚ ӘДЕБИЕТ, ТАРИХИ САНА ЖӘНЕ РУХАНИ САБАҚТАСТЫҚ

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде көрнекті жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың 70 жылдығына орай «Рахымжан Отарбаев мұрасы: ұлттық әдебиет, тарихи сана және рухани сабақтастық» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Жиынға Түркия, Қырғызстан, Германия және басқа да елдерден, сондай-ақ еліміздің әр өңірінен келген ғалымдар, қаламгерлер, әдебиет зерттеушілері, сыншылар мен республикалық басылымдардың журналистері қатысты.
Конференцияда Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов құттықтау сөз сөйледі. Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы, қырғыз жазушысы Сұлтан Раев қаламгер мұрасының түркі дүниесіндегі маңызына тоқталды. Сондай-ақ Индиана университетінің ғалымы, аудармашы Шелли Файервазер-Вега мен Валенсия университетінің зерттеушісі Тинка Гарденги онлайн форматта қатысып, жазушы шығармаларын шет тіліне аударып жатқандықтарын жеткізді. 
Жиын аясында қырғыз аудармашысы Болотбек Таштаналиев тәржімалаған Рахымжан Отарбаевтың «Баш» кітабының тұсаукесері өтті.
Конференцияның ғылыми бөліміне Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы – ректоры Саламат Идрисов модераторлық етті. Ол шараның ұйымдастырылуына қолдау көрсеткен «Рахымжан Отарбаев руханият қоры» жеке қорына, жазушы жары Сәуле Жаманбайқызы мен Ермерей Рахымжанұлына алғыс білдірді.
Ғылыми жиында белгілі ақын, жазушы, әдебиет сыншысы Сұраған Рахметұлы «Түн қиығындағы күрделі күрмеу» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ әдебиеттанушылар, сыншылар мен зерттеушілер Рахымжан Отарбаев шығармашылығының көркемдік ерекшеліктері, ұлттық болмыс, тарихи сана және рухани құндылықтар жөнінде түрлі тақырыпта баяндамалар ұсынып, пікір алмасты.
Шара барысында «Рахымжан Отарбаев руханият қоры» жеке қорының атынан ұйымдастырылған марапаттау рәсімінде «Рахымжан Отарбаев: рух пен сөздің суреткері» шығармашылық байқауының жеңімпазы, Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің 4-курс студенті Бірғаным Қапсалым марапатталды.
Сонымен қатар Рахымжан Отарбаев атындағы атаулы шәкіртақы Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің 3-курс студенті Жанна Қабиға және С.Торайғыров университетінің 2-курс студенті Айшабибі Алтынбекке табысталды.
Рахымжан Отарбаевтың мерейтойына арналған мәдени-рухани шаралар қаламгер атындағы халықаралық ІІІ театр фестивалімен жалғасады.