Медиа ресурсы
ҒАЛЫМ-ҰСТАЗДЫҢ ЕҢБЕГІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Новости

ҒАЛЫМ-ҰСТАЗДЫҢ ЕҢБЕГІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Биология және балық шаруашылығы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Хансұлу Құспанғалиеваның мерейлі жасына орай Ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысы өтті.

Жиынға университет басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамы, сала ғалымдары, ардагер ұстаздар, қоғамдық ұйым өкілдері және ғалымның шәкірттері қатысты. Басқосуда Хансұлу Құспанғалиеваның білім мен ғылымға қосқан үлесі, өңірдің өсімдік дүниесін зерттеудегі еңбегі және маман даярлауға сіңірген қызметі сөз болды.

Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов университет ұжымы атынан ғалым-ұстазды мерейтойымен құттықтап, оның білім мен ғылым саласындағы көпжылдық еңбегін атап өтті.

«Хансұлу Құспанғалиқызы – саналы ғұмырын білім мен ғылымға арнап, талай шәкірт тәрбиелеген білікті ғалым, тәжірибелі ұстаз. Университеттің дамуына қосқан үлесі мен кәсіби өнегесі кейінгі буынға үлгі», – деді Саламат Идрисов.

Хансұлу Құспанғалиева еңбек жолын 1978 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының Бас ботаникалық бағы Гурьев филиалында ғылыми қызметкер болып бастады. 1979 жылдан бері қазіргі Атырау университетінде қызмет етіп келеді. Осы жылдар ішінде аға лаборант, оқытушы, аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі және қауымдастырылған профессор қызметтерін атқарды.

Ғалымның зерттеу еңбектері өсімдіктердің анатомиясы, морфологиясы мен физиологиясына арналған. Ол тарлау мен қияқ өсімдіктеріне қатысты монографиялар мен оқу-әдістемелік еңбектер жазған.

Соңғы жылдары Хансұлу Құспанғалиева құмаршықтың биологиялық ерекшеліктерін, оны сақтау және тиімді пайдалану жолдарын зерттеуге басымдық беріп келеді. Биология ғылымдарының докторы, профессор Софья Сағындықовамен бірлескен зерттеу нәтижесінде құмаршық ұнын түйе сүтінен жасалатын өнімге қосу технологиясы әзірленді. «Құмаршық-шұбат» сусынына 2022 жылы Қазақстан, 2023 жылы Еуразиялық патент берілді.

Ғалымның көпжылдық ғылыми-педагогикалық еңбегі Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасымен, Н.И. Вавилов медалімен, «Еңбек ардагері» медалімен және басқа да салалық марапаттармен атап өтілген.

Кеңейтілген отырыста әріптестері мен шәкірттері ғалымның ғылыми ізденісі, ұстаздық ұстанымы және жас мамандарды даярлауға қосқан үлесі туралы жылы лебіздерін білдірді. Университет ұжымы атынан Хансұлу Құспанғалиеваға «Халел» төсбелгісі мен құттықтау хаты табысталды.

Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов құттықтап, ғалымға «Хиуаз Доспанова» атындағы төсбелгіні тапсырды.

Каспий маңы академиясының мүшесі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Бақтыбек Таубаев академия атынан Хансұлу Құспанғалиеваға Каспий маңы академиясының академигі куәлігін табыстады.

Сондай-ақ Астана халықаралық университетінің профессоры, PhD Мұрат Махамбетов, «Елсана» рухани-патриоттық қауымдастығының төрағасы Нұрберген Даулетов, университеттің Ардагерлер кеңесі мен кәсіподақ ұйымының өкілдері, Жаратылыстану ғылымдары факультеті мен кафедра ұжымы құттықтау сөздерін жеткізді.

Жиын соңында әріптестері мен шәкірттері ғалым-ұстазға зор денсаулық, шығармашылық табыс және ғылыми-педагогикалық еңбегіне жеміс тіледі.