Медиа ресурсы
ЖАС ҒАЛЫМДАР ЖӘНЕ МАМАНДАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Новости

ЖАС ҒАЛЫМДАР ЖӘНЕ МАМАНДАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Х.Досмұхаммедұлы атындағы Атырау университетінде Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисовтің жас ғалымдармен және мамандармен кездесуі өтті.

Кездесуде жастардың кәсіби және ғылыми дамуы, университет тарапынан көрсетілетін қолдау, ғылыми жобалар мен жаңа мүмкіндіктер талқыланды.

Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов өз сөзінде университеттің дамуына жастардың белсенді қатысуының маңызын атап өтіп, жас ғалымдар мен мамандардың кәсіби өсуіне қолдау көрсетілетінін айтты.

Кездесуде жас зерттеушілерге арналған мемлекеттік бағдарламалар, гранттық конкурстар, халықаралық мүмкіндіктер және ғылыми бағыттағы қолдау тетіктері туралы ақпарат берілді.

Сонымен қатар Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Мақсот Рахметовтің Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің Президиум мүшесі болғаны атап өтілді.

2021 жылы ашылған «Ұстаз» мектебінің алғашқы түлектері биыл жоғары оқу орындарын тәмамдап, университетте еңбек жолын бастағаны да айтылды.

Кездесуде университеттің тұрақты даму бағытындағы жетістігі таныстырылды. UI GreenMetric World University Rankings 2026 нәтижесі бойынша университет әлемде 590-орын, Азияда 342-орын, Қазақстан бойынша 7-орынға ие болды.

«Жастардың біліміне, ізденісіне, жаңа идеясына сенемін. Олардың әрбір жетістігі – университетіміздің дамуына өз әсерін тигізеді», – деді Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов.

Кездесу барысында қатысушылар өз ұсыныстары мен сұрақтарын ортаға салып, университет басшылығымен ашық пікір алмасты.

Университет басшылығы жастардың бастамаларын қолдап, олардың кәсіби және ғылыми әлеуетін дамытуға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыратынын атап өтті.