Медиа ресурсы
AQYLTECH ATYRAU 2026: ЖАҢА ИДЕЯЛАР МЕН ЦИФРЛЫҚ МҮМКІНДІКТЕР
Новости

AQYLTECH ATYRAU 2026: ЖАҢА ИДЕЯЛАР МЕН ЦИФРЛЫҚ МҮМКІНДІКТЕР

Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «AqylTech Atyrau 2026» қорытынды конференциясы өтті. Іс-шара жасанды интеллект, цифрлық мамандықтар және жастардың технологиялық бастамаларын қолдау мәселелеріне арналды.

Конференцияны TechnoWomen ұйымы, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы, Атырау университеті және Atyrau IT Hub бірлесіп өткізді. Бағдарлама IT-жобалар көрмесінен басталды. Онда университет пен Atyrau IT Hub өздерінің цифрлық жобаларын таныстырды.

Жиынның ашылуында университеттің басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов қатысушыларды құттықтап, жастардың жаңа идеяларын қолдаудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ университетте цифрлық технологияларды білім беру мен ғылыми зерттеулерге енгізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Ректордың айтуынша, университеттің барлық білім беру бағдарламасына жасанды интеллект пәндері енгізілген. Оқу орны «AI-Sana» жобасына да белсенді қатысып келеді. Жоба аясында 5 200-ден астам білім алушы тіркеуден және бейіндік тестілеуден өткен. Олардың 2 617-сі жетілдірілген онлайн курсты аяқтаған.

Университет зерттеушілеріне, оқытушылары мен студенттеріне AlemCloud ұлттық суперкомпьютерінің есептеу қуаттарын пайдалану мүмкіндігі берілген. Сонымен қатар ChatGPT Edu жүйесінің 612 лицензиясы ұсынылған. Бұл мүмкіндіктер цифрлық дағдыларды жетілдіруге, ғылыми және технологиялық жобаларды дамытуға бағытталған.

Ректор студенттердің республикалық және халықаралық технологиялық байқаулардағы жетістіктерін де атап өтті. Олардың қатарында «Atyrau Youth Hackathon», MetaLama Ideathon және KMG Digital Hackathon байқауларында жеңіске жеткен университет командалары бар.

Конференцияда TechnoWomen ұйымының басқарма мүшесі Алия Уразымбетова мен ұйымның Батыс өңірі бойынша көшбасшысы Бибигүл Шайхиева сөз сөйледі. Сондай-ақ IT саласының мамандары, кәсіпкерлер және AqylTech жобасының қатысушылары баяндама жасады. Университет атынан «Бизнес-аналитика және IT-жобаларды басқару» білім беру бағдарламасының 3-курс студенті, AqylJol стартапының авторы Ғалымжан Амангелді баяндама жасады.


Бағдарлама жасанды интеллект саласындағы сарапшы Наталья Абрамованың практикалық сессиясымен жалғасты. Қатысушылар жасанды интеллект құралдарын нақты міндеттерді шешуде қолдану тәсілдерімен танысты.

Конференция соңында қатысушылар еркін форматта пікір алмасып, өз жобалары мен ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.