Медиа ресурсы
АТЫРАУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ БАСТАЛДЫ
Новости

АТЫРАУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ БАСТАЛДЫ

Бүгін Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті жаңа оқу жылында білім ордасының табалдырығын алғаш аттаған бірінші курс студенттерін қарсы алды. Университетке жиналған жастар оқу орнының тыныс-тіршілігімен танысып, факультет декандарымен және профессор-оқытушылар құрамымен жүздесті. Алты факультеттің студенттеріне арнайы аудиторияларда «Жаңа Конституция – жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында дәрістер өткізілді. Дәріс барысында университеттің профессор-оқытушылары жаңа Конституцияның маңызына тоқталып, оның елдің қоғамдық-саяси дамуына, азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған негізгі қағидаларын түсіндірді.
Жиын барысында бірінші курс студенттерін жаңа оқу жылының басталуымен университеттің Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов құттықтап, білім жолындағы жаңа қадамдарына сәттілік тіледі. 
 - Бүгін сіздер үшін өмірлеріңіздегі жаңа әрі жауапты кезең басталып отыр. Ұлы ойшыл Абайдың «Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба!» деген өсиеті білім іздеген әр жастың өмірлік ұстанымына айналуы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та биылғы Тамыз конференциясында: «Тек білім мен ғылымға сүйене отырып, біз барлық мақсатымызға жете аламыз», – деп атап өтті. Сондықтан білім мен ғылымды басты бағдар етіп, үнемі ізденуге және жаңа мүмкіндіктерге ұмтылуға шақырамын. Университет – тек білім алатын орын ғана емес, тұлға ретінде қалыптасып, қабілеттеріңізді шыңдайтын орта. Сіздерді сапалы білім алумен қатар, университеттің қоғамдық өміріне белсенді араласуға, волонтерлік, экологиялық, әлеуметтік, мәдени және жастар бастамаларына атсалысуға үндеймін. Себебі ел болашағы – терең білімді, бастамашыл әрі қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін жастардың қолында, – деді университет басшысы.
2026–2027 оқу жылында Атырау университетіне барлық білім беру деңгейі бойынша 2 783 білім алушы қабылданды. Оның ішінде 2 473 студент бакалавриат бағдарламаларын таңдады. 316 студент мемлекеттік білім грантының иегері атанса, тағы 39 талапкер өңірге қажетті мамандарды даярлауға бағытталған Атырау облысы әкімдігінің грантына ие болды. Биыл магистратураға 267 білім алушы, оның ішінде мемлекеттік грант негізінде 90 магистрант қабылданды. Сондай-ақ университет тарихында алғаш рет докторантура бағдарламалары бойынша 43 докторант оқуға түсті. Жаңа оқу жылында шетелдік студенттер қатары да артты. Биыл 90-ға жуық шетел азаматы Атырау университетінде білім алуды таңдады. Қазіргі таңда Атырау университеті әлемнің 80-ге жуық жоғары оқу орнымен ынтымақтастық орнатқан. Еуропаның бірқатар университеттерімен қос дипломдық бағдарламалар жүзеге асырылып, алғашқы түлектер екі университеттің дипломын иеленіп, кәсіби еңбек жолын бастады. Студенттердің сапалы білім алып, білікті маман болып қалыптасуы үшін университетте 400-ге жуық профессор-оқытушы, ғалым және қызметкер еңбек етеді. Биылғы оқу жылында ғылыми әлеуеті арта түскен ұжымға PhD дәрежесін қорғаған 6 ғалым қосылып, білім алушыларға дәріс беруге кіріседі.
Жаңа оқу жылы – жаңа білімнің, жарқын бастамалар мен үлкен мүмкіндіктердің бастауы. Атырау университетінің студенттеріне білім жолында толағай табыс, батыл қадам және биік жетістіктер тілейміз!