Медиа ресурсы
ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЕМТИХАННЫҢ АЛҒАШҚЫ КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ
Новости

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЕМТИХАННЫҢ АЛҒАШҚЫ КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде 2026–2027 оқу жылына талапкерлерді қабылдау аясында шығармашылық емтихандар басталды. Талапкерлер бірнеше білім беру бағдарламалары бойынша кәсіби бейімділігі мен шығармашылық қабілеттерін сынауда.

 Шығармашылық емтиханның бірінші кезеңінде «Бастапқы әскери дайындық мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламасына үміткер талапкерлер дене дайындығы бойынша нормативтерді орындап, өздерінің физикалық даярлығы мен төзімділігін көрсетті.

 «Орындаушылық өнер» білім беру бағдарламасы бойынша талапкерлер жеке соло ән орындап, вокалдық шеберлігі мен сахналық мәдениетін танытты.

 Ал «Көркем еңбек және сызу мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламасы бойынша талапкерлер академиялық сурет салу емтиханын тапсырды. Емтихан барысында олар адам бетінің гипстен жасалған маскасының суретін салып, композициялық шешім қабылдау, пропорцияны сақтау, жарық пен көлеңкені беру және бейнелеу шеберліктерін көрсетті.

 Сонымен қатар «Журналистика және репортер ісі» білім беру бағдарламасына түсуші талапкерлер шығармашылық емтихан аясында шығарма жазып, өздерінің ойды жүйелі жеткізу, талдау және сауатты жазу қабілеттерін дәлелдеді.

 Шығармашылық емтихандар алдағы күндері де жалғасады. Бұл кезең талапкерлердің таңдаған мамандығына деген бейімділігін анықтауға және олардың шығармашылық әлеуетін жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді.

 Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті барлық талапкерлерге шығармашылық емтихандарды сәтті тапсырып, өз мақсаттарына жетулеріне тілектестік білдіреді.