Бүгін Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультеті түлектеріне диплом табыстау салтанаты өтті.
Биыл факультетті 318 түлек аяқтады. Оның ішінде 252 бакалавр мен 66 магистр диплом алды. 21 түлек оқуын үздік аяқтап, қызыл диплом иегері атанды.
Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультеті – университеттің алғашқы факультеттерінің бірі әрі көпжылдық тарихы мен қалыптасқан ғылыми-педагогикалық дәстүрі бар іргелі білім ордасы. Осы уақытқа дейін факультет мыңдаған білікті маман даярлады. Олардың қатарынан елімізге белгілі ғалымдар, ұстаздар, инженерлер, IT мамандары, мемлекеттік қызметкерлер мен қоғам қайраткерлері шықты. Бүгінде факультет түлектері Қазақстанның түкпір-түкпірінде және шетелде өз мамандықтары бойынша табысты еңбек етіп, білім, ғылым, өндіріс және цифрлық технологиялар саласының дамуына өз үлестерін қосып келеді.
Салтанатты рәсімге университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, ата-аналар мен қонақтар қатысты. Түлектерді құттықтаған университет ректоры Саламат Нұрмұханұлы Идрисов бүгінгі күн бірнеше жылдық еңбектің, ізденіс пен білімге деген құштарлықтың жемісі екенін атап өтті.
– Бүгін – ерекше күн. Бірнеше жылдық еңбектің, ізденістің, білім мен табандылықтың жемісі көрінетін, жас мамандардың үлкен өмірге қадам басатын айтулы сәт. Физика, математика және ақпараттық технологиялар – бүгінгі цифрлық дәуірдің ең сұранысқа ие бағыттары. Бұл салалар еліміздің ғылыми-технологиялық дамуының негізі. Сондықтан сіздердің білімдеріңіз бен кәсіби біліктіліктеріңіз Қазақстанның өркендеуіне қызмет етеді деп сенемін. Университет сіздерге тек білім ғана емес, өмірлік ұстаным, ғылыми ізденіс пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға күш салды. Енді сол сенімді ақтап, алған білімдеріңізді ел игілігіне жұмсайтын кез келді, – деді ректор.
Сонымен қатар университет басшысы түлектердің жетістіктеріне үлес қосқан профессор-оқытушылар құрамына, факультет ұжымына және ата-аналарға алғыс білдіріп, жас мамандарға кәсіби жолда толайым табыс тіледі.
Салтанатты рәсімде педагогика ғылымдарының докторы, профессор Иманғалиев Асхат Сәлімұлы сөз сөйлеп, түлектерді диплом алуларымен құттықтады. Ол диплом – бірнеше жылдық қажырлы еңбектің нәтижесі ғана емес, үлкен жауапкершілік пен жаңа мүмкіндіктердің бастауы екенін атап өтті. Профессор жас мамандарға алған білімдерін ел игілігі жолында тиімді пайдаланып, кәсіби шеберліктерін үздіксіз жетілдіруге, ғылым мен білімнің, цифрлық технологиялардың дамуына өз үлестерін қосуға тілектестік білдірді.
Жиын барысында университеттің қоғамдық өміріне белсене араласқан өнерпаз студенттер, спорт шеберлері, волонтерлер, облыстық және республикалық дебат турнирлерінің қатысушылары, сондай-ақ стартап жобаларын сәтті жүзеге асырған белсенді түлектер марапатталды. Оларға Атырау университеті Басқарма Төрағасы – ректор Саламат Идрисовтың, Атырау қаласы әкімінің, облыстық білім басқармасының, облыстық Ішкі саясат басқармасы мен Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының атынан арнайы алғыс хаттар табысталды.
Диплом табыстау салтанаты мерекелік көңіл күйде өтіп, түлектер үшін ұмытылмас әсерге толы жарқын сәттердің біріне айналды.
Университет ұжымы жас түлектерге ақ жол тілеп, алдағы кәсіби қызметтеріне толағай табыс, жаңа жетістіктер мен жарқын болашақ тіледі.