Медиа ресурсы
Инклюзивті білім беру бойынша біліктілікті арттыру курсы аяқталды
Новости

Инклюзивті білім беру бойынша біліктілікті арттыру курсы аяқталды

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Кадрларды қайта даярлау және біліктілікті арттыру кеңсесінің ұйымдастыруымен 2026 жылғы 8–19 маусым аралығында университеттің профессор-оқытушылар құрамына арналған «Инклюзивті білім беру жағдайында ерекше білім беруді қажет ететін балаларды педагогикалық-психологиялық сүйемелдеудің әдістемесі» тақырыбындағы 72 сағаттық біліктілікті арттыру курсы аяқталды. Оқу бағдарламасы университет мамандары әзірлеген арнайы курс негізінде өтті.

Бүгінде білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – әрбір білім алушыға тең мүмкіндік жасап, олардың жеке ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып сапалы білім беру ортасын қалыптастыру. Осы мақсаттағы курс профессор-оқытушылар құрамының инклюзивті білім беру саласындағы кәсіби құзыреттіліктерін жетілдіруге және ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылармен жұмыс істеудің заманауи тәсілдерін меңгеруге бағытталды.

Оқу барысында қатысушылар инклюзивті білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарымен, ұлттық және халықаралық нормативтік-құқықтық құжаттармен, сондай-ақ инклюзивті білім берудің заманауи модельдері мен қағидаларымен танысты. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында инклюзивті мәдениетті қалыптастыру, қолжетімді орта құру және ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушыларды қолдау мәселелері кеңінен талқыланды.

Бағдарламаның психологиялық-педагогикалық модулі аясында тыңдаушылар эмоционалдық-еріктік дамуында ерекшеліктері бар балалармен жұмыс істеу әдістерін меңгеріп, көру, есту және сөйлеу қабілеттері бұзылған, тірек-қимыл аппараты зақымданған, психикалық дамуы тежелген білім алушыларды оқыту мен тәрбиелеудің тиімді жолдарын қарастырды. Сондай-ақ олардың әлеуметтенуі мен оқу үдерісіне табысты бейімделуіне ықпал ететін психологиялық-педагогикалық қолдау тетіктері сөз болды.

Теориялық сабақтар практикалық жұмыстармен ұштасып, нақты жағдайлар мен кейстер негізінде талдау жүргізілді. Қатысушылар тәжірибелік тапсырмалар орындап, өзара пікір алмасып, кәсіби тәжірибелерімен бөлісті. Бұл жұмыстар олардың инклюзивті білім беру саласындағы білімін тереңдетіп қана қоймай, күнделікті қызметте қолдануға болатын тиімді әдістер мен технологияларды игеруіне мүмкіндік берді.

Сабақтарды Педагогика және психология кафедрасының тәжірибелі профессор-оқытушылары жүргізді. Курстың мазмұны заманауи білім беру талаптарына сай әзірленіп, инклюзивті білім беру саласындағы өзекті мәселелерді қамтыды.

Курс қорытындысында бағдарламаны толық меңгерген тыңдаушыларға сертификаттар табысталды.

Курс барысында жинақталған білім мен тәжірибе профессор-оқытушылардың кәсіби қызметінде инклюзивті білім беру сапасын арттыруға, ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылар үшін қолайлы әрі қолжетімді білім беру ортасын қалыптастыруға ықпал етеді.