Медиа ресурсы
Әскери-оқу практикасының ашылу салтанаты өтті
Новости

Әскери-оқу практикасының ашылу салтанаты өтті

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде әскери кафедраны аяқтаушы студенттердің әскери-оқу практикасының ашылу салтанатты шарасы өтті.

Салтанатты жиын ашылуында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын енгізіліп және Әнұран орындалды. Жиынның алғашқы құттықтау сөзі Атырау университетінің Стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Бахыт Алтынбасовқа берілді. Ол өз сөзінде әскери-оқу практикасының студенттер үшін маңызды кезең екенін атап өтіп, болашақ Отан қорғаушыларға жауапкершілік, тәртіп пен табандылық тіледі.
Жиында әскери кафедра бастығы, запастағы полковник Руслан Наурзбеков, сондай-ақ ҚР Қарулы Күштер ардагерлерінің Атырау облысы бойынша филиалының төрағасы Асқар Шманов, ҚР Қорғаныс Министрлігі «Атырау қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасы» бастығы, подполковник Құрманәлі Жүнісбеков студенттерге сәттілік тілеп, әскери дайындықтың ел қауіпсіздігі мен жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеудегі маңызына тоқталды.

Салтанатты шара барысында студенттер саптық дайындық бойынша өз өнерлерін көрсетіп, әскери тәртіп пен ұйымшылдықтың үлгісін танытты. 324-взвод студенттерінің орындауында қоян-қолтық ұрыс тәсілдері ұсынылды. Қоян-қолтық ұрыс — қарсыласты тез құлату, лақтыру және өзін-өзі қорғау әдістеріне негізделген әскери қолданбалы өнер түрі. Бұл тәсілдер әскери дайындықта, спорттық жарыстарда және күнделікті өмірде өзін қорғау мақсатында кеңінен қолданылады.

Сонымен қатар 224-взвод студенттері әскери дефиле көрсетті. Әскери дефиле — әскери қызметшілердің парадтар мен байқауларда қару-жарақпен сап түзеу тәсілдерін үйлесімді әрі нақты орындауы. Бұл көрсетілім жеке құрамның жауынгерлік даярлығын, саптық мәдениетін және тәртібін айқындайды.

Шара барысында студент Нұрсейіт Рахметуллиннің әкесі Рахметолла Бақтыгереев ата-аналар атынан құттықтау сөз сөйлесе, әскери кафедра студенті Алмас Құдайберген студенттер атынан алғыс білдіріп, әскери-оқу практикасын абыроймен өткеруге дайын екендерін жеткізді. Шара соңында қатысушылар естелік суретке түсті.