Медиа ресурсы
Ғалым. Журналист. Көшбасшы: Қылышбай Сүндетұлы мұрасы
Новости

Ғалым. Журналист. Көшбасшы: Қылышбай Сүндетұлы мұрасы

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қылышбай Сүндетұлын еске алуға арналған «Ғалым. Журналист. Көшбасшы: Қылышбай Сүндетұлы мұрасы» атты республикалық ғылыми-практикалық семинар өтті.  

Жиынға республиканың түкпір-түкпірінен Қылышбай Сүндетұлның әріптестері, шәкірттері мен ізбасарлары арнайы қатысты.

Іс-шара барысында университеттің басқарма төрағасы-ректоры Саламат Нұрмұханұлы Идрисов Қылышбай Сүндетұлының ғылым мен білім саласына сіңірген еңбегі туралы:  «Қылышбай Сүндетұлы – саналы ғұмырын білім мен ғылымға арнаған, отандық журналистика мен тарих саласына елеулі үлес қосқан көрнекті тұлға. Ол университетіміздің дамуына айрықша еңбек сіңіріп, көптеген білікті мамандарды тәрбиеледі. Ғалымның артында қалған мол ғылыми мұрасы – келер ұрпақ үшін баға жетпес құндылық. Бүгінгі тағылымды шара осы мұраны ұлықтап, оның маңызын жас буын санасына сіңіруге бағытталған», – деп атап өтті.  

«Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айгүл Мұқашева Қылышбай Сүндетұлының ғылым мен кәсіподақ саласын ұштастыра білген тұлға екенін баяндады.

Семинар барысында Журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының сеньор-лекторы Ләззәт Мәжитова Қылышбай Сүндетұлының университет қабырғасындағы еңбегі, ұстаздық жолы мен ғылымдағы орны туралы баяндап, ғалым жайлы естеліктерімен бөлісті.

Сонымен қатар «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының басшысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұқтар Әбілсейіт Қылышбай Сүндетұлының қазақ баспасөзі тарихын зерттеуге қосқан үлесі зор екенін ерекше атап өтті.

Индер ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру және бақылау бөлімінің бас маманы әрі Қылышбай Сүндетұлының шәкірті Диас Айбаров тұлғаның журналистика саласындағы орны мен ұстаздық өнегесі туралы баяндама жасады.

Семинар барысында Қылышбай Сүндетұлының «Кітап туралы кітап» атты еңбегінің тұсаукесер рәсімі өтті. Кітаптың тұсауын ф.ғ.д. Қадыр Жүсіп және Қазақстан оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева кесті. Сондай-ақ, Мақсат Тәжімұраттың Қылышбай Сүндетұлы туралы жазған «Қылыштың қыналы жыры» кітабының салтанатты тұсаукесерін «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының басшысы, т.ғ.д., профессор Мұқтар Әбілсейіт мен т.ғ.д., профессор Аққали Ахмет орындады.

Пікір алмасу бөлімінде «Қазақстан оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіптік одағының Павлодар облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Гүлбарам Наурызбаева журналистің өмірінен қызықты мәліметтермен бөлісті.  

Әріптесі, тарихшы-өлкетанушы, ғалым, п.ғ.к., профессор Шахман Нағимов сөз сөйлеп, Қылышбай Сүндетұлының журналистика мен тарих саласын қатар алып жүрген ерекше тұлға екенін атап өтті.  «Екі пырақтың тізгінін ұстаған бірі – журналистика, бірі – тарих»,- деп ғалымды құрметпен еске алды.  

«Ұлытау облысының білім, ғылым және бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Қоңырбаев арнайы досы әрі ағасы болған Қылышбай Сүндетұлы жайлы естеліктерімен бөлісіп, оның адамгершілік қасиеттерін ерекше атап өтті.  

«Атырау облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әлібек Семғалиев те әріптесі ретінде жылы лебізін білдірді. Ал комсомол кезінен бірге өскен досы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Әбілхан Төлеуішов: «Адам өлмейді, артында ұрпағы қалса» деп, досын тебіреніспен еске алды.  

Іс-шара барысында «Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалының төрағасы Салтанат Рахимова сағыныш арнауын орындап, көпшілікке ерекше әсер сыйлады.  

Тағылымды шара соңында қатысушылар Қылышбай Сүндетұлының ғылым мен жоғары білім саласында өшпес із қалдырғанын атап өтіп, «Ғалымның хаты өлмейді» деген қорытындыға келді. Соңғы сөз кезегі ғалымның аяулы жарына беріліп, ол келген қонақтар мен әріптестерге алғысын білдірді.