Медиа ресурсы
Үздік студенттерге Гейдар Алиев атындағы шәкіртақы табысталды
Новости

Үздік студенттерге Гейдар Алиев атындағы шәкіртақы табысталды

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Әзірбайжанның көрнекті мемлекет қайраткері, ұлт көшбасшысы Гейдар Алиев атындағы халықаралық шәкіртақыны табыстау салтанаты өтті. 

Іс-шараға Әзірбайжан Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Айхан Сулейманлы, жұбайы Севиндж Сулейманлы, Консул Мубариз Джафаров және Атырау университетінің басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, студенттер қатысты.

Бұл шәкіртақы университетте 2012 жылдан бері тағайындалып келеді. Әр жылы Гейдар Алиевтің туған күні қарсаңында Ақтау қаласындағы Әзірбайжан Республикасының Бас консулдығының қатысуымен табысталатын атаулы стипендия соңғы 14 жыл бойы үздіксіз жалғасып келе жатқан игі дәстүрге айналды. Осы уақыт аралығында университеттің 66 студенті осы мәртебелі шәкіртақының иегері атанған.

Салтанатты кештің ашылуында университеттің Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов сөз сөйлеп, бұл шәкіртақының білім мен ғылымдағы жетістіктерді қолдаудағы маңызын атап өтті. "Гейдар Алиев есімі – тек Әзербайжан мемлекетінің тарихымен ғана емес, бүкіл түркі әлемінің бірлігі мен ынтымақтастығын нығайтумен тығыз байланысты ұлы тұлға, мемлекетшіл қайраткер. Осындай тұлға атындағы халықаралық стипендия иегері атану – үлкен мәртебе және жауапкершілік деп санаймын",- деді ректор Саламат Нұрмұханұлы.

Шараға арнайы қатысқан Әзірбайжан Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Айхан Сулейманлы екі ел арасындағы достық пен серіктестіктің маңыздылығына тоқталып, студенттерге сәттілік тіледі. Сонымен қатар «Новруз» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Эльдар Ахмедов та құттықтау сөз сөйледі.

Биылғы халықаралық шәкіртақы келесі студенттерге табысталды:

Төлеген Бейбарыс – Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультеті;
Кулешов Арсений  – Гуманитарлық ғылымдар және өнер факультеті;
Досмұхамбетова Дильназ – Жаратылыстану ғылымдары факультеті;
Мұратова Нұрбаян  – Инновациялық білім беру факультеті;
Тайырова Сания  – Экономика және құқық факультеті;

Шәкіртақы иегерлері атынан сөз сөйлеген Нұрбаян Мұратова көрсетілген сенім үшін алғысын білдіріп, алдағы уақытта да білім мен ғылым жолында табысты еңбек ететіндерін атап өтті.

Жиын барысында ректор Әзірбайжан Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Айхан Сулейманлы мен консул Мубариз Джафаровқа Атырау университетінің 85 жылдық мерейтойлық медалін табыстап, екіжақты ынтымақтастыққа қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.

Салтанатты жиын соңында ұйымдастырушылар қонақтарға алғыс білдіріп, қатысушылар естелік суретке түсті.