Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Суды үнемдеу – болашақты сақтау» атты ауқымды экологиялық сағат ұйымдастырылды.
Шараның мақсаты - өңірдегі су тапшылығы мәселесіне назар аудару, студенттер мен жастар арасында суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру және экологиялық сауаттылықты арттыру.
Жиынның ашылуында Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніндегі проректор Ләйлә Қойшығұлова су ресурстарын қорғаудың мемлекеттік «Таза Қазақстан» бағдарламасымен сабақтастығын атап өтті:
«Қазіргі таңда Қазақстан жаңа даму кезеңіне қадам басып отыр. Бұл кезеңнің маңызды бастамаларының бірі – «Таза Қазақстан» ұлттық экологиялық бағдарламасы. Бұл бағдарлама тек қоршаған ортаны тазарту ғана емес, сонымен қатар қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, ресурстарды үнемдеуге және табиғатқа жауапкершілікпен қарауға бағытталған кешенді жүйе. Осы тұрғыда су ресурстарын қорғау – «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының негізгі өзегі болып табылады. Атырау облысы – су ресурстары тұрғысынан ерекше және стратегиялық маңызы бар өңір. Біз бір жағынан ұлы Жайық өзені бойында орналассақ, екінші жағынан әлемдегі бірегей су жүйесі – Каспий теңізі жағалауында өмір сүріп отырмыз», — деді проректор.
Дидар Жәнібекұлы, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Ғылым және инновациялар департаментінің Атырау облысы бойынша директор м.а., өз баяндамасында: «ХХ ғасырдың ең қайғылы экологиялық трагедияларының бірі – Арал теңізінің тартылуы. Бұл тек бір өңірдің ғана емес, бүкіл адамзаттың ортақ мәселесіне айналды. Бүгінде Арал теңізін қалпына келтіру және су жүйелерін сақтау бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта ауыл шаруашылығында да, өнеркәсіп саласында да су үнемдеу технологияларын енгізу – уақыт талабы. Рационалды су пайдалану жыл сайын 260 млн текше метрге дейін су үнемдеуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті.
Жиын барысында Атырау облысының су көздері мен экологиялық қауіпсіздігіне қатысты өзекті тақырыптар талқыланып, облыстық табиғи ресурстар басқармасы басшысының орынбасары Зарина Туребаева өңірдегі табиғатты пайдалануды реттеу шаралары туралы баяндама жасаса, География және туризм кафедрасының аға оқытушысы Арман Жұмағазиев облыстың су көздеріне кешенді талдау жасап, Жайық өзенінің қазіргі экологиялық жай-күйіне егжей-тегжейлі тоқталып өтті.
Университет студенттері Эльвира Ибрайм мен Дильназ Досмухамбетова жастар арасында суды тұтыну мәдениетін қалыптастыру және Қазақстанның су қауіпсіздігінің жаңа шынайылығы туралы тың идеяларымен бөлісті.
Экологиялық сағат қатысушыларға судың тек табиғи ресурс емес, стратегиялық маңызы бар құндылық екенін тағы бір мәрте ұғындырды. Шара соңында студенттерге суды үнемдеудің күнделікті тұрмыстағы қарапайым әрі тиімді тәсілдері жазылған ұсынымдар берілді.
Жиын соңында Атырау университетінің «География және туризм» және «Экология» кафедраларының сеньор-лекторлары Арман Жұмағазиев, Жұмагүл Қарамурзиева және Гаухар Батырбаева, сондай-ақ студенттер — 6В05201 «Қолданбалы экология» білім беру бағдарламасының 3-курс студенті Дильназ Досмұхамбетова, 6В01510 «География және тарих пәндерінің мұғалімі» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті Ибрахим Шыныбаев және 3-курс студенті Іңкәр Сабырғалиева Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі Н.Нұржігітовтың алғыс хатымен марапатталды.