Медиа ресурсы
Атырауда облыстық «AI Hackathon – 2026» басталды
Новости

Атырауда облыстық «AI Hackathon – 2026» басталды

Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект саласындағы таланттарды біріктіретін облыстық Хакатон басталды.

24-25 сәуір күндері өтетін бұл додаға Атырау облысының мектеп оқушылары, колледж және университет студенттерінен құралған 24 команда қатысуда. Екі күн бойы қатысушылар жасанды интеллект (AI) негізінде тың идеяларды жүзеге асырып, практикалық шешімдер мен прототиптер әзірлейді.

Биылғы доданың басты ерекшелігі — жасанды интеллект технологияларын қолдануға басымдық берілуі. Қатысушылар келесі бағыттар бойынша бақ сынауда:
•    Mobile & Web Development: Пайдалы мобильді қосымшалар мен веб-сервистер;
•    AI Models: Зерек алгоритмдер мен интеллектуалды жүйелер;
•    Cybersecurity: Ақпараттық қауіпсіздікке арналған инновациялық шешімдер.

Сайыс қорытындысы бойынша ең үздік жоба иелері университет ректорының атаулы сертификаттарымен марапатталады:
•    🥇 1-орын: Оқу ақысына 100% жеңілдік;
•    🥈 2-орын: Оқу ақысына 50% жеңілдік;
•    🥉 3-орын: Оқу ақысына 30% жеңілдік.

«Хакатон — бұл жай ғана жарыс емес, бұл болашақ инженерлер мен IT мамандарының басын қосатын еркін коммуникациялық алаң. Біздің мақсатымыз — жасанды интеллект тілін меңгерген, ертеңгі күні ел экономикасына үлес қосатын талантты жастарды анықтау», - дейді ұйымдастырушылар.

Жобаларды бағалау барысында қазылар алқасы жасанды интеллект технологияларының тиімді қолданылуына, шешімнің бірегейлігі мен техникалық орындалу сапасына, сондай-ақ идеяның нақты өмірдегі маңыздылығы мен даму әлеуетіне басты назар аударады. Хакатон соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталып, іс-шараның барысы мен қорытындысы туралы толық ақпарат университеттің ресми әлеуметтік желілерінде жарияланады.