Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті
Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Дене шынықтыру және бастапқы әскери дайындық кафедрасы ұйымдастыруымен қазақтың даңқты батыры, әлемге әйгілі балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдығына арналған «Бұл заманның алыбы – Қажымұқан» атты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара Қажымұқан мұрасын дәріптеу, жас ұрпаққа үлгі ету және ұлттық спорттың маңызын насихаттау мақсатында ұйымдастырылып, профессор-оқытушылар құрамы мен ғалымдар, жаттықтырушылар, студенттер мен спорт саласының өкілдері қатысты.
Жиынды кафедра меңгерушісі, профессор Алпысбай Аралбаев ашып, модераторлық етті. Алғашқы баяндаманы Туризм және спорт академиясының профессоры, Қазақстан спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Ерғали Мұхитденов жасап, Қажымұқанның қазақ спортының дамуындағы тарихи орнын жан-жақты талдады.
Сонымен қатар белгілі ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қыдырбек Рысбек жастар тәрбиесіндегі Қажымұқан тұлғасының маңызын атап өтті. Ал балуанның немересі, әнші, композитор, халықаралық конкурстардың лауреаты Бағытжан Қажымұқанов ата туралы естеліктерімен бөлісіп, тарихи деректер ұсынды.
Дөңгелек үстелде Дене шынықтыру және бастапқы әскери дайындық кафедрасының сеньорлекторы, магистр Рафаэль Хабиров Қажымұқан Мұңайтпасұлы туралы тарихи деректерге тоқталып, оның өмір жолы мен жетістіктерін ғылыми тұрғыда саралады. Ал студент Ғибрат Есенқара Қажымұқан бабамыздың жастар үшін өнеге екендігін атап өтіп, оның тұлғалық қасиеттерінің бүгінгі буынға берер тәрбиелік мәніне тоқталды.
Дөңгелек үстел соңында қатысушылар пікір алмасып, сұрақ-жауап сессиясы өтті.
📷 Дополнительные изображения