Тұлғалар аллеясы
2019 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында еліміздің дамуына үлес қосып, білім, ғылым, мәдениет және өнер саласында айрықша із қалдырған Атырау өңірінің біртуар азаматтарына арналған «Тұлғалар аллеясы» ашылған болатын.
Бұл аллея ұлтымыздың сегіз бірегей тұлғасының бюсті тұғырымен айшықталып тұр.
Бұл – Қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан кемеңгер тұлғалардың мүсіні, барша қазаққа жігер беріп тұрғаны сөзсіз.
Бір жыл бұрын мұнайлы өлкеде ашылған «Тұлғалар аллеясы» ұрпақтар санасына Ұлы даланың ұлы есімдерінің жаңғыртылуына ықпал етуде.
Салық Зиманұлы Зиманов
▼
Салық Зиманұлы Зиманов (1921-2001) — қоғам және мемлекеттік ірі қайраткер тұлға, заңгер ғалым, Заң ғылымының докторы,профессор. Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанға еңбегі сіңген ғылым қайраткері(1971). ҚР тұңғыш парезидентінің мемлекеттік бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының иегері (2001).
Зиманов Салық 1990–95 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесіне халық депутаты болып сайланып, Жоғарғы Кеңес Төралқасының, Сыртқы қарым-қатынастар мен парламентаралық байланыстар комитетінің мүшесі, Ардагерлер мен мүгедектер жөніндегі комитет төрағасы болды. Білікті заңгер маман ретінде егемендік, тәуелсіздік жолын таңдаған Қазақстанның халықаралық қарым-қатынастарын заңдастырып, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру, президенттік басқару институтын енгізу, құқықтық-демократиялық реформаларды жүргізу ісіне, т. б. белсене араласты. Ол 1992–93 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Консультативтік кеңестің, мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі болды.
Зимановтың ғылыми-зерттеу еңбектері, негізінен, мемлекет және құқық тарихы мен теориясына, Қазақстан мен Орталық Азияның басқа да аймақтарында ұлттық мемлекеттердің қалыптасуы мен дамуына, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігіне, т. б. өзекті мәселелерге арналған. Сондай-ақ, Зимановтың құқық теориясына, қазақтың дәстүрлі құқықтық мәдениетіне, шариғат заңдарына қатысты бірнеше ғылыми еңбектері жарық көрді.
1986 жылы Желтоқсан оқиғасы кезінде де ол азаматтық ерлік көрсетті. Империялық орталықтың үлкен лауазымды өкілдерінің қазақ халқы атына айтқан астам пікірлеріне тайсалмай қарсы шығып, ұлт намысын, ел абыройын нақты да кесімді дәлелдермен қорғап қалды. Қазақстан Республикасы құрылғаннан кейін Зимановтың ғылыми және қоғами-саяси қызметінің жаңа, жемісті кезеңі басталды. Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі көптеген жаңа заңдарды қабылдауға тиіс болды. Осы жауапты тарихи кезеңде Зиманов Салық - білімділік, қайраткерлік қырымен танылды. Қазақ мемлекеттігі мен қазақ халқының тарихында шешуші рөл атқарған «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның» (25.10.1990) жобасын дайындау жөніндегі комиссияны басқарды. Ел тарихындағы екінші бір аса маңызды саяси актінің – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңның (16.12.1991) жобасын дайындау жөніндегі комиссияның жетекші мүшелерінің бірі болды. Ол Жоғарғы Кеңестегі Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын әзірлеу жөніндегі Конституциялық комиссияның мүшесі болды, мұнда ол сарапшылар тобын басқарды.
Зимановтың «КСРО-дағы автономиялау теориясы мен практикасы» (1998) атты зерттеу еңбегі ТМД мемлекеттерінің ғылыми жұртшылығының арасында зор серпіліс туғызды. Онда алпауыт держава – КСРО-ның ыдырауының көрінісі және оның бұрынғы автономиялық аумақтары негізінде жаңа тәуелсіз республикалардың құрылуы нақты да талдамалы тұжырымдарға сүйене отырып дәлелденген.
Зиманов Салық - 10 томдық «Қазақтың ата заңдары» энциклопедиясына ғылыми жетекшілік жасауда. Зиманов Салық Қазақстан Республикасы Президентінің Бейбітшілік пен рухани келісім сыйлығы (1993), Қазақстан мемлекеттік сыйлығы (2002) лауреаты. «Парасат» орденімен (2002), екі рет Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және медальдармен марапатталған.
Ығылман Шөреков
▼
Ығылман Шөреков (1876-1932) екі ғасырдың тоғысуындағы кең тынысты эпик ақын. Оны жұртқа кеңінен мәшһүр еткен, қазақ әдебиеті тарихының төрінен сыйлы орын әперген – «Исатай-Махамбет» поэмасы. Бұл – тарихи поэма, мұнда өткен ғасырдың отызыншы жылдарында Бөкей ордасын дүр сілкіндірген шаруалар көтерілісі жырланады. Ақын көтерілістің егжей-тегжейін, болашақ әдеби қаһармандарының тағдырын, төңірегін ұзақ жылдар бойы мұқият тексергенге ұқсайды. Архив қазынасын ақтармаса да, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып, ел жадында сақталған әңгіме-аңыздарға сүйеніп, ол қазақ поэзиясының үздік туындысы саналып келе жатқан – біреу болса да, бірегей атақты поэмасын жазады. Ақыннан қалған бұдан басқа мұра шамалы. «Ақындар туралы», «Шешендер туралы», «Батырлар туралы» және бірер өлеңі мен толғаулары 1924 жылы «Сәуле» журналында (№41) Ташкентте, одан соң 1976 «Исатай-Махамбет» деген атпен шыққан дастан мен өлеңдер жинағында басылған.
«Исатай-Махамбет» поэмасының бірінші бөлімі ақынның көзі тірісінде 1924 жылы Ташкентте басылып шыққан. Одан кейін неше дүркін жеке кітап болып және «Халық поэмалары» атты жинақта (1939) жарияланды.
Бақтыгерей Ахметұлы Құлманов
▼
Бақтыгерей Ахметұлы Құлманов - алаш қайраткері, Алашорда үкіметінің мүшесі, 1-2 Мемлекеттік Думалардың депутаты, шығыстанушы, алғашқы ғылым кандидаты. Өзі төре тұқымынан. Әбілқайыр — Нұралы — Есім сұлтаннан тарайды. 1872-1881 жылдары Орынбор ерлер гимназиясында 9 жыл оқып, оны алғашқы бітірген қазақтардың бірі, күміс медальмен марапатталған. 1881 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне түскен. Бұл факультетте 1883 жылдың желтоқсанына дейін 1-курста қатарынан 3 жыл оқиды. Таңғаларлық жайт, 1-ші курсқа өз өтінішімен қала берген. Үшінші жылы тағы қалуға университет басшылығы рұқсат бермегендіктен, ол 1884 жылдың қаңтарынан бастап университеттің Шығыс тілдері факультетіне ауысады да, 1889 жылы 9 наурызда №877 диплом алып шығады. Араб, парсы, осман, татар тілдері және орыс сөздігінен өте жақсы баға алып, университет кеңесінің 1888 жылғы 17 қыркүйектегі ұйғарымымен кандидаттық ғылым дәрежесіне лайық деп бағаланады.
ЖОО бітірген соң еліне келіп, 1889 жылдан бастап Астрахань губернаторының қарамағындағы Қамыш-Самар қисымының әкімі қызметінде болады. Әкім болып тұрғанда мектептер ашып, әр түрлі емдеу пунктерін көбейтуге күш салады. 1901 жылы Бөкей ордасының құрылғанына 100 жыл толуына байланысты Бөкей қазақтарының депутациясын бастап Ресей патшасының қабылдауында болады да депутация атынан арнау сөз сөйлейді.
1903 жылғы 22 шілдеден 1906 жылғы қыркүйекке шейін Бөкей ордасының Уақытша кеңесінің кеңесшісі қызметін атқарады. 1906 жылы отставкаға шығады.
Құлманов 1907 жылы 2 Мемлекеттік думаға мүше болып сайланады. Қатарынан екі рет сайлануы, оның ел алдындағы қадірін білдірсе керек.
Әбіш Кекілбайұлы
▼
Әбіш Кекілбайұлы (1939-2015) - Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақстан Республикасының алғашқы Мемлекеттік хатшысы (1996-2002), Парламент Сенатының депутаты (2002-2015).
Шыққан руы Адай. Атақты қаламгердің әдебиетке құмарлығы мектеп қабырғасында басталады. 1957 жылы 5 мамыр «Лениншіл Жастың» белсенді ауылдық тілшісі ретінде Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің мақтау қағазымен марапатталады.
1957 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетінің филология факультетіне түседі. Университетте әдебиет бірлестігін басқарып, жас талаптар шоғырын жарыққа шығарады. Соңғы курста оқып жүріп, «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет атқарады.
1962 - 1965 жылдар аралығында «Лениншіл Жас» газетінде бөлім меңгерушісі болып істеді.
1965-1968 жылдары ҚазКСР Мәдениет министрлігінде, 1968-1970 жылдары Кеңес армиясының қатарында,
1970-1975 жылдары «Қазақфильм» студиясында бас редактор,
1975-1984 жылдары Қазақстан КП ОК мәдениет бөлімінде нұсқаушы, сектор меңгерушісі,
1984-1986 жылдары ҚазКСР Мәдениет министрінің орынбасары,
1986-1988 жылдары Қазақстан жазушылар одағы басқармасының 2-ші хатшысы,
1989-1990 жылдары ҚазКСР тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамы Орталық кеңесінің төралқа төрағасы,
1990 жылы Қазақстан КП ОК бөлім меңгерушісі.
1991 жылы Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің Мәдениет, тіл және ұлтаралық қатынастарды дамыту жөніндегі комитеттің төрағасы,
1992-1993 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы,
1993-1995 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі.
1994-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы,
1996-2002 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы болып істеді.
2002 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаты. Әбіш Кекілбайұлы Қазақстан Жоғарғы Кеңесіне екі рет, Мәжілісіне бір рет баламалы негізде депутат болып сайланады.
Қабдолов Зейнолла
▼
Қабдолов Зейнолла (1927—2006) — жазушы, әдебиет зерттеушісі, ұстаз, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақ және Қырғыз Республикаларының еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Атырау облысы Мақат ауданының Доссор кентінде дүниеге келген. 1945 жылы қазіргі әл Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, 1950 жылы үздік дипломмен бітірген. Осы білім ордасында елу жылдан астам үздіксіз білім және ғылым жұмыстарын қатар жүргізген.
Ширек ғасыр бойы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінің әдебиет кафедрасын басқарып, бірнеше жыл «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы міндеттерін негізгі қызметімен қоса атқарған.
«Ұшқын» және «Жалын» романдарының, «Адам», «Сыр» атты жинақтарына енген әңгіме-очерктері мен Қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық және бірнеше облыстық театрлардың сахналарында қойылған «Сөнбейтін от» драмасының авторы. «Менің Әуезовым» романы үшін 1998 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. Өмірінің соңына дейін Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті жанындағы филология ғылымдары докторы дәрежесін тағайындау жөніндегі тұрақты диссертациялық кеңестің төрағасы қызметін атқарған.
Басқа да көптеген еңбектері: екі томдық шығармалары, «Елеусіз қалған есіл ер» пьесалар жинағы, «Менің Әуезовым», «Ұшқын», «Жалын» романдары, таңдамалы шығармалар, бес томдық алғашқы кітаптары «Жазушы», «Санат» баспаларынан әр жылдары басылып шыққан.
Аударма жұмыстарымен де айналысып, А.Пушкиннің «Балықшы мен балық» ертегісін, Н.Гогольдің мақалалары мен хаттарын, В.Добровольскийдің «Сұр шинельді үш жігіт», В.Закруткиннің «Судағы станица» романдарын, А.Островскийдің «Ұшынған ақша», М.Горькийдің «Күн перзенттері», Н.Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ер» пьесаларын қазақ тіліне аударған.
«Халықтар достығы», «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, көптеген медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Бірінші дәрежелі сыйлығының лауреаты. Көркем шығармалары бірнеше шетел тілдеріне аударылған.
Бабажанов Мұхамед-Салық
▼
Бабажанов Мұхамед-Салық (1832-1871)— этнограф, қоғам қайраткері, ағартушы. Ордадағы орыс-қазақ мектебінде бастауыш білім алып,оны 1845 жылы тәмәмдайды,алты жылдан соң Орынбордағы Неплюев кадет корпусының Азия бөлімшесін бітіреді. 1852-1855 жылдары Орынбор шекара комиссиясы кеңесінде,1855-1861 жылдары Ішкі Орданың уақытша кеңесінде кеңесші болып қызмет атқарады. 1866-1871 жылдары Ішкі Орданың Қамыс-Самар бөлімін басқарады.Ол көне ескерткіштерді зерттеумен шұғылданған және халық ауыз әдебиетін жинаумен айналысқан.
1852-55 ж. Орынбор шекаралық комиссиясының кеңсесінде қызмет етті.
1855 ж. Ішкі Орда қазақтарының толқуына қатысты деген желеумен қызметінен қуылып, 2 ай абақтыда отырды.
1855-61 ж. Ішкі Орданы басқару жөнінде Уақытша кеңестің кеңесшісі болды.
1862 ж. қызметтен кетіп, 1866 жылға дейін мал шаруашылығымен шұғылданды.
1866-71 ж. Ішкі орданың Қамыс-Самар бөлімшесінің басшысы қызметін атқарды.
Бабажанов қазақтың салт-дәстүрі, шаруашылығы, діни нанымы, аңшылық кәсібі жөнінде еңбектер жариялады. Халықтың көне тарихи мұраларын, аңыз-ертегілерін, өлең-жырларын, мақал-мәтелдерін жинап, зерттеді. Ресей музейлері мен ғылыми мекемелеріне қазақ тарихы мен тұрмысына қатысты археологиялық, этнографиялық жәдігерлер жіберді. 1861 ж. Орыс географиялық қоғамының мүшесі болып сайланды. Этнография бөлімінің жұмысына елеулі үлес қосқаны үшін 1862 ж. аталмыш қоғамның күміс медалімен марапатталды. Бабажанов — ғылыми еңбектері үшін ресми марапатталған тұңғыш қазақ.
Ол Ресей империясының қазақ елін отарлау саясатына наразылық танытқан мақалалар да жазды.
Белгілі ғалым М.Бабажановтың жазған ғылыми еңбектері, табыстары айта берсек өте мол. Нарын құмынан табылған әйел мүсініндегі балбал тас үшін ол күміс медальға ие болды. «Заметки киргиза о киргизах» («Қазақтың қазақтар туралы жазбалары») 1861 жылы Санкт-Петерборда басылған. Сонымен бірге ғалымның батыс қазақ жерінің кен байлығы, географиялық ерекшеліктері топономика, этнография, тарих саласындағы еңбектері де бар.
Мұрат Мөңкеұлы
▼
19 ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген көрнекті ақын Мұрат Мөңкеұлы 1843 жылы қазіргі Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарасты Қарабау ауылында дүниеге келген. Жастайынан жетім қалған бала Мұрат ағасының қолында тәрбиеленеді.
Алғашқы білімін ауыл молдасынан алып, сонда араб тілін үйренеді. Бала кезінен бастап өлең жазуды қолға алған Мөңкеұлы өз ортасында «ақын бала» атанып кетеді. Өз заманында Есет би мен Абыл ақыннан өнеге алып, Мұрын жырау Сеңгірбайұлына ұзтаздық еткен. 1860 жылы Жылқышы ақынмен кездескен болашақ ақын сол сәттен бастап айтыстарға қатыса бастайды.
Ол 17 жасында Жылқышы ақынмен, 20 жасында Бала Оразбен жиырма бесінде Жаскелең, Жантолы, Шолпан, Тыныштық сынды ақындармен айтысып, шаң қақтырған жеңімпаз атанады. Бұл айтыстар Мұратқа нағыз поэтикалық шеберлік мектебінен өтуге көмектесті. Өжет мінезі, қағытпаға жүйріктігі, тапқырлығымен ерекшеленген Мөңкеұлы әрдайым биіктерден көрінді. Мұрат Мөңкеұлы есімі әдебиет тарихында айтыс өнерінің асқан шебері ретінде ғана емес, сондай-ақ үлкен эпик ақын ретінде де қалды.
Мұрат қазақ әдебиеті тарихындағы айтулы тұлғалардың бірі, зар заман ақындарының ішіндегі аса белді өкілі. Жас шағында белгілі Есет шешеннен өнеге алады. Ерекше дарын иесі Мұрат Мөңкеұлы халықтың рухани байлығы мен батырлар жырын жатқа біліп өседі. Сыпыра жырау, Асан қайғы, Қазтуған, Жиембет, Шалкиіз және тағы басқа да тарихи тұлғалардың шығармалары бізге осы Мұрат ақынның айтуымен жеткенін бірі білсе, бірі білмейді.
Қазақтың ақын ұлы ел тарихын әсерлі де мәнді шығармаға айналдырып, көпке насихаттап кеткен. Мұрат Мөңкеұлы елінің тәуелсіздігін аңсап, бодандыққа қарсы жыр толғады. Осылайша, зар заман ақыны атанды. Ата-қонысының талауға түскеніне налыған ақын өзі туып өскен даланың кешегі күнін сағынышпен еске алады.
Мұрат өз өлеңдерінде туған жеріне деген сүйіспеншілікті, ерлік пен батылдылықты жырлап, тарихқа бет бұрды. Атап айтқанда, Мөңкеұлы өмірдің өтпелі кезеңі, уақытша әлемнің өзгермелілігі туралы айтады.Мұрат Мөңкеұлының шоқтығы биік шығармасы «Үш қиян». Мұнда ақын ескі дәстүрдің ісгесі шайқалғанын, адамдардың ниетінің бұзылуын сөз етеді. Құнарлы қоныстарды тартып алған отарлау нәтижесінде тұрмысы нашарлап, тығырыққа тірелген ел тағдыры ақынды тербентпей қоймады.
Зар заман ақындарының ішінде Мұраттың ерекшелегі ол арғы тарихты да қозғап, үн шертті. Ол ұдайы елдік, ерлік жайын назарда ұстап сөйлеген, шығармашылық ауқымы өте кең мықты тұлғаның бірі. «Үш қиян» толғауы мен «Сарыарқа», «Әттең, қапы дүние-ай», «Қазтуған» жырлары бір-бірімен үндес. Бұл шығармалардың басты тақырыбы жер дауы, құтты қоныс жайы.
Ол «Қарасай-Қази», «Шәлгез», «Ғұмар Қазиұлына айтқаны» жырларына діни аңыздарды негіз еткен. Майталман жыршы, термеші ретінде де танылған Мұрат Мөңкеұлы «Өлім», «Қыз», «Арғымақ сыйлап не керек», «Аттан сұлу болар ма?», «Жалғаншы фәни жалғанда» атты термелердің авторы.
Ақын өзінің шығармаларында кітап поэзиясының стилін қолданды. Мәселен, «Қыз» поэмасында Мұрат жас сұлудың бейнесін жасайды. «Үш қиян» поэмасында халықтың жағдайын, өз армандары мен жақсы өмірге деген үмітін суреттейді. Бұл шығарманың маңыздылығы онда ақынның идеологиялық қарама-қайшылықтары айқын көрінеді.
Рулық араздықтан және дұшпандықтан арылу мәселесіне қатысты ақын «Сарыарқа» толғауын жазды. Онда Мөңкеұлы қазақтарды өзінің даму жолында ескінің барлық жұғындысын жойып, сыпыруға шақырады. Ал білімді болмайынша елінің өркендей қоймасын түсінген ақын халықты оқу-білімге шақырып, «Оқудан қайтқан азаматқа» өлеңін жазды.
Сондай-ақ, «Қазтуған» поэмасында және «Қарасай-Қазы» қисса-дастанында Мұрат Мөңкеұлы қазақ халқының өткен уақыттағы тарихи оқиғаларын баяндайды. Бұл шығармалар автор өз халқының жалынды патриоттары, туған жерінің батыл және ержүрек қорғаушылары ретінде көрсететін батырларға арналған.
Жалынды ақын өз шығармаларында ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан әдет-ғұрыптар мен наным-сенімдерді қолдануға тырысады. Сонымен қатар, ақын кейіпкерлерді қалыптастыруда шынайылыққа, нақтылыққа, айқындылыққа ұмтылып, өз ойын жеткізу үшін прогрессивті тәсілдерді қолданды. Мұрат Мөңкеұлы қазақ әдеби тілінің дамуына үлкен үлес қосты.
Ақынның шығармаларында кедейлердің зұлым адамдарға, әсіресе патшалық билікке қарсы наразылықтары айқын көрінеді. Мұрат Мөңкеұлы маңызды мәселелерді көтерді және оларды түсінуге тырысып, жиі өз халқының өткеніне жүгінетін. Сондықтан да оның
шығармашылығында өткен мен бүгінгінің арасындағы байланыс айқын көрініп тұрады.
Жантөрин Нұрмұхан Сейітахметұлы
▼
Жантөрин Нұрмұхан Сейітахметұлы (1928-1990) — актер, режиссер. Қазақ КСРнің Халық әртісі (1966). Қазақ КСРның Мемлекеттік сыйлығының иегері.
Мектепті бітіріп Алматыға жол тартқан Н.Жантөрин киномеханиктер дайындайтын мектепке түскен, осы кезде тағдырдың өзі оның бойындағы әртістік қасиетін көре білген ұстаздарға жолықтырып, Алматының актерлер дайындайтын мектебінің студенті болады. Кешікпей Ташкент театр өнері институтының актерлік факультетінің 3-ші курсына қабылданып, 1952 ж. бітіріп шығады.
1952—1967 жж. және 1988 ж. өмірінің соңына дейін қазақ драма театрының сахнасында өнер көрсетті. 1967—1988 жж. "Қазақфильм" киностудиясында актер болды. Режиссер Б.Мансұров қойған "Сұлтан Бейбарыс" (1989 ж.) фильміндегі Бейбарыс бейнесі — тек Жантөриннің емес, қазақ киносының ірі табысы болды. Бұл образ актер шеберлігінің шырқау шыңына айналды. Ол осы рөлі үшін кеңес киносы актерлерінің бүкілодақтық "Созвездие — 90" фестивалінде "Актер мамандығына қосқан аса зор үлесі үшін" сыйлығын жеңіп алып, арнайы дипломмен марапатталды.
Режиссер ретінде Цой Гук Инмен бірлесіп “Орман балладасы” (1972), Н.Жайнақовпен бірге “Медальдың үшінші жағы” (1976) фильмдерін қойды. 1959 жылы Қазақ КСРнің Еңбек сіңірген артисі (құрметті атағы);
1959 жылы КСРОның Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. 1966 жылы Қазақ КСРнің Халық артисі (құрметті атағы);
1970 жылы «Қажырлы еңбегі үшін Лениннің туғанына 100 жыл» құрмет белгісі (медалі); 1978 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы.
1988 жылы КСРОның Халықтар Достығы Орденінің иегері атанды.
КСРОның Еңбек Қызыл Ту орденін екінші мәрте алған.
КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің құрмет грамотасымен марапатталған.


