Университет 1940 жылдарда

Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында жоғары оқу орнын ашу туралы мәселе Ұлы Отан соғысына дейінгі кезеңнің өзінде облыс мектептері мен басқа да халық ағарту орындарына мұғалім кадрларына деген қажеттілік күннен-күнге арта түсуіне байланысты күн тәртібіне қойылған болатын. Қалада 1929 жылы ашылған бастауыш сынып мұғалімдерін даярлайтын педагогикалық училищеден басқа бірде-бір оқу орны болған жоқ. Жылма-жыл облыста жалпы білім беретін мектептердің саны өсіп отырды. Ал республика жоғары оқу орындары мен Қазақстаннан тыс жерлердегі көршілес республикалардан жіберілген жоғары білімді маман кадрлар жеткіліксіз болды.
Осыған орай 1939 жылдың 13 қазан күні Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің Гурьев қаласында екі жылдық оқытушыларр институтын ашу туралы № 720 қаулысы жарық көрді. Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің және Қазақ КСР Халық Ағарту Комиссариатының бекіткен мамандықтары бойынша 1 курсқа 120 студент қабылдау туралы қаулысын басшылыққа алған Еңбекшілер депутаттары Гурьев облыстық атқару комитеті 1940 жылдың 1 қыркүйегінде 2-жылдық оқытушылар институтын ашу туралы сол жылдың 20 мамыр айында № 13 шешім шығарған. Шешімге Еңбекшілер кеңесі облыстық атқару комитетінің төрағасы Қ.Тастайбеков пен хатшының уақытша міндетін атқарушы Нестрев қол қойған.
Қабылданған шешім бойынша жаңадан ашылатын оқытушылар институтына қаладағы педагогикалық училищенің оқу ғимаратын беруге, ал аталған училищеге бұрынғы В.И.Ленин атындағы бастауыш орта мектептің ғимаратын беруді және 120 студентке арналған жатақхана ғимаратын қарастыру Гурьев облыстық атқару комитетіне жүктеледі. Сонымен бірге, Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесіне 1941 жылдың жоспарына институтқа жаңа оқу корпусын және 500 орындық студенттер жатақханасын салу өтінішін білдірді. Институт тарапынан берген сұраныс бойынша «ҚазақКітап» орталығының директоры Алексеевке институттың қітапханасын қажеті оқу құралдарымен, оқулықтар, әдебиеттермен қамтамасыз ету міндеттелді.
Облыстық оқу бөлімінің бастығы И.Сержановқа институтты ашуға дайындық және ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу үшін, біріншіден, 1 маусымнан бастап институтқа дайындық курстарын ұйымдастыру, екіншіден, Қазақ үкіметінің бекіткен жоспары бойынша институтты толық студенттер құрамымен, яғни 120 студентпен қамтамасыз ету, үшіншіден, профессор-оқытушылар құрамын іріктеп, жасақтау, төртіншіден, оқу құралдарымен, оқулықтармен, әдебиеттер мен құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жүктеледі. Қабылданған шешімнің негізінде облыстық оқу бөлімінің бастығына шұғыл түрде институттың директоры мен директордың оқу және ғылыми істері жөніндегі орынбасарын сайлап, Қазақ КСР Халық Ағарту Комиссариаты мен КСРО Халық Комиссарлар Кеңесі жанындағы Жоғары мектеп істері жөніндегі комитетке бекітуге ұсыну міндеті қоса жүктелген. Гурьев мемлекеттік оқытушылар институтының алғашқы директоры Ә.Б.Тұрсынбаев болды. 1940 жылдың қыркүйек айының 1-нен бастап Гурьев мемлекеттік оқытушылар институты жұмыс істей бастады.
Институттың мекен-жайы: Гурьев қаласы, Москва көшесі № 1 үй.
Бір жылдан кейін институт соғыстың басталуына байланысты жабылып қалды.
Ә. Б. Тұрсынбаев