Университет тарихы
Университет тарихы
1940 жылдың қыркүйек айының 1-нен бастап Гурьев мемлекеттік оқытушылар институты жұмыс істей бастады. Институттың мекен-жайы: Гурьев қаласы, Москва көшесі № 1 үй.
Университет 1940 жылдарда
▶
Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында жоғары оқу орнын ашу туралы мәселе Ұлы Отан соғысына дейінгі кезеңнің өзінде облыс мектептері мен басқа да халық ағарту орындарына мұғалім кадрларына деген қажеттілік күннен-күнге арта түсуіне байланысты күн тәртібіне қойылған болатын. Қалада 1929 жылы ашылған бастауыш сынып мұғалімдерін даярлайтын педагогикалық училищеден басқа бірде-бір оқу орны болған жоқ. Жылма-жыл облыста жалпы білім беретін мектептердің саны өсіп отырды. Ал республика жоғары оқу орындары мен Қазақстаннан тыс жерлердегі көршілес республикалардан жіберілген жоғары білімді маман кадрлар жеткіліксіз болды.
Осыған орай 1939 жылдың 13 қазан күні Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің Гурьев қаласында екі жылдық оқытушыларр институтын ашу туралы № 720 қаулысы жарық көрді. Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің және Қазақ КСР Халық Ағарту Комиссариатының бекіткен мамандықтары бойынша 1 курсқа 120 студент қабылдау туралы қаулысын басшылыққа алған Еңбекшілер депутаттары Гурьев облыстық атқару комитеті 1940 жылдың 1 қыркүйегінде 2-жылдық оқытушылар институтын ашу туралы сол жылдың 20 мамыр айында № 13 шешім шығарған. Шешімге Еңбекшілер кеңесі облыстық атқару комитетінің төрағасы Қ.Тастайбеков пен хатшының уақытша міндетін атқарушы Нестрев қол қойған.
Қабылданған шешім бойынша жаңадан ашылатын оқытушылар институтына қаладағы педагогикалық училищенің оқу ғимаратын беруге, ал аталған училищеге бұрынғы В.И.Ленин атындағы бастауыш орта мектептің ғимаратын беруді және 120 студентке арналған жатақхана ғимаратын қарастыру Гурьев облыстық атқару комитетіне жүктеледі. Сонымен бірге, Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесіне 1941 жылдың жоспарына институтқа жаңа оқу корпусын және 500 орындық студенттер жатақханасын салу өтінішін білдірді. Институт тарапынан берген сұраныс бойынша «ҚазақКітап» орталығының директоры Алексеевке институттың қітапханасын қажеті оқу құралдарымен, оқулықтар, әдебиеттермен қамтамасыз ету міндеттелді.
Облыстық оқу бөлімінің бастығы И.Сержановқа институтты ашуға дайындық және ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу үшін, біріншіден, 1 маусымнан бастап институтқа дайындық курстарын ұйымдастыру, екіншіден, Қазақ үкіметінің бекіткен жоспары бойынша институтты толық студенттер құрамымен, яғни 120 студентпен қамтамасыз ету, үшіншіден, профессор-оқытушылар құрамын іріктеп, жасақтау, төртіншіден, оқу құралдарымен, оқулықтармен, әдебиеттер мен құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жүктеледі. Қабылданған шешімнің негізінде облыстық оқу бөлімінің бастығына шұғыл түрде институттың директоры мен директордың оқу және ғылыми істері жөніндегі орынбасарын сайлап, Қазақ КСР Халық Ағарту Комиссариаты мен КСРО Халық Комиссарлар Кеңесі жанындағы Жоғары мектеп істері жөніндегі комитетке бекітуге ұсыну міндеті қоса жүктелген. Гурьев мемлекеттік оқытушылар институтының алғашқы директоры Ә.Б.Тұрсынбаев болды. 1940 жылдың қыркүйек айының 1-нен бастап Гурьев мемлекеттік оқытушылар институты жұмыс істей бастады.
Институттың мекен-жайы: Гурьев қаласы, Москва көшесі № 1 үй.
Бір жылдан кейін институт соғыстың басталуына байланысты жабылып қалды.
Ә. Б. Тұрсынбаев
Университет 1950 жылдарда
▶
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті Қазақстанның білім беру жүйесінде өзіндік тарихы мен тәжірибесі бар жоғарғы оқу орны ретіндегі тарихы 1950 жылдан басталады.
1945 жылы Ұлы Отан соғысы аяқталып, еліміздің бейбіт өмірге көшу және халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңінде Гурьев облысы мектептері мен халық ағарту орындарында мұғалім мамандығына деген сұраныс бұрынғыдан да күшейе түсті. Соғыстан кейінгі жылдары облыс мектептерінің мұғалім кадрларына деген зәрулігі ерекше сезіле бастады.
Сондықтан 1950 жылы 14 маусымда Гурьев облыстық атқару комитеті СССР Министрлер Кеңесі мен Қазақ ССР-ы Министрлер Кеңесінің қаулысы негізінде «Гурьев қаласында мұғалімдер институтын ашу туралы» шешім қабылдады.
1950 жылдың тамыз айында Гурьев мұғалімдер институты ашылды. Алғашында мұғалімдер институтының құрамында 3 факультет жұмыс істеді: физика-математика, филология және жаратылыстану-жағырапия. Институтта марксизм-ленинизм, педагогика, физика және математика, орыс тілі мен әдебиеті, жағырапия мен жаратылыстану кафедралары құрылды.
Гурьев мұғалімдер институтының, кейін педагогикалық институттың бірінші директоры болған белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Құспан Еспендіұлы Темірғалиев өз естелігінде былай деп жазды:
«1950 жылдың жазында С.М.Киров атындағы қазақтың мемлекеттік университетін бітірген мені республика халық ағарту министрі Әбдіхамит Ібниұлы Сембаев шақырды. Менімен жеке әңгімесінде ол былай деді: «Министрлік сізді Гурьев қаласына институт директоры етіп тағайындау туралы шешім алды. Сіз әскери адамсыз, әскери-саяси жұмыста армиялық шынығудан өттіңіз. Сіздің жауапты тапсырманы ойдағыдай атқаратындығыңызға біздің сеніміміз мол. Жиналуға 3 күн беремін. Бірінші тамызда Гурьевке кету керек». Министрмен әңгіме кезінде мен ойымша жіберген жерге бармаудың себебін даярладым. Аузымды ашқанша болған жоқ, Министр қолыма бұйрықты ұстатты. Министрдің кабинетінің табалдырығын аттағанда, университет бітіруші–студент болсам, ал одан шыққанда институт директоры атандым».
Қазақ ССР халық ағарту министрлігі институт директорын тағайындағаннан кейін жаңа ашылған мұғалімдер институтын маман кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында Гурьев қаласына қазақтың алғашқы оқу орындары, қазақ ғылымының қара шаңырақтары қазақтың А.С.Киров атындағы мемлекеттік университеті мен Абай атындағы педагогикалық институтының әр түрлі мамандықтар бойынша бітірген бір топ түлектері жіберілді. Олардың кейбіреулері кафедра, деканаттардың жетекшілері болып тағайындалды. Басқалары оқытушылық қызметтер атқарды.
Гурьев мұғалімдер институтына алғашқылардың қатарында келген мамандардың ішінде филологтар Қадырова Г. мен Бахарев Н.Е., тарихшылар Баяндиев Д.Б. пен Польская А., биологтар Поваренкин И.Ф., Киселева А.Д., Вотякова И.П., физик Чейдуков И.Г., математик Яковлева, педагог Гаязова Р.Г., психолог Куфтырева В.И., дене тәрбиесінің оқытушылары Лютиков А.Н., Маренинова-Емельченко Р.М. болды.
Гурьев қаласы мектептерінен олардың құрамына филолог Азовская Л.И., географ Точеный П.П., физиктер Ахметжанов Х.А., Жұмашев М.Ж. және т.б. қосылды.
Осы аталған оқытушылардың барлығы да институттың жұмысына белсене араласты. Оқытушылардың бәрі де тәжірибесі аз жас мамандар болатын-ды, жоғары оқу орындарының түлектері еді. Аталған оқытушылар тәжірибелері аздығына қарамастан, алғашқы ұйымдасқан оқу орнының аяғынан тік тұрып, қалыптасуына барлық жастық күш-жігерін, білімін жұмсады. Біреулері- оқу-құралдарын дайындаумен айналысса, екіншілері-студенттер арасында жатақхана жұмыстарына араласты, кейбір оқытушылар институттың шеберханалары мен зертханаларын қажетті құралдармен жабдықтауға ат салысты.
1950 жылдың 16 тамызындағы № 8 институт ректорының бұйрығымен Гурьев мұғалімдер институтын ұйымдастыруға байланысты, институт зертханалары мен шеберханаларын қажетті оқу-техникалық құралдармен жабдықтау үшін Москва қаласына физика пәнінің оқытушысы Игнат Герасимович Чейдуков 13 күнге іс-сапарға жіберілді.
Оқу орны ретінде институтқа Ленин атындағы бұрынғы мектеп үйі және екі студенттік барақ түріндегі жатақхана бөлінді (қазіргі Абай даңғылында). Ленин атындағы мектеп үйінің ғимаратында қазір музыка-педагогика факультеті орналасқан. Институтқа бірінші оқу жылы 150 студент қабылданды: физика-математика факультетіне-50, орыс тобына-25, қазақ тобына-25; жаратылыстану-жағырапия бөліміне-50, орыс бөліміне-25, қазақ бөліміне-25; филология факультетіне-50, қазақ тілі мен әдебиеті тобына-25, орыс тілі мен әдебиеті тобына-25. Студенттерге барлығы 13 оқытушы дәріс берді.
Мұғалімдер институты туралы оның алғашқы ұстаздарының бірі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Николай Егорович Бахарев алғашқы еңбек жолын еске алып былай деген еді: «Барлық мұғалімдер жас болатын-ды. Барлығы да жоғары оқу орнының түлектері. Институт құрылғанда филология факультетінде екі адам ғана жұмыс істеді. Л.П.Азовская-орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі және мен. Бір өзіме барлық лингвистикалық пәндерді жүргізуге тура келді. Сонымен қатар бос уақытымызды жақсы өткіздік. Жастар бәріміз Орал өзенінің жағасына демалысқа шығамыз. Көркемөнерпаздардың үйірмесі жақсы жұмыс істеді. Жексенбіліктер өте белсенді өткізілді».
Николай Егорович Бахарев-университет ардагері. Көп жылдар декан, кафедра меңгерушілігі қызметін абыроймен атқарды. Қазір арамызда жоқ болса да, артына өшпес мұра қалдырды.
Гурьев мұғалімдер институтына Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының жолдамасымен жіберілген түлектерінің арасында биология ғылымдарының кандидаты, доцент Төлеш Жармағамбетов мұғалімдер институты туралы былай еске түсіреді:
«Бізді Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтын бітіргеннен кейін, республикамыздың әртүрлі оқу орындарына жолдамамен жіберді. Мен Гурьев мұғалімдер институтына келдім. Бізге, тәжірибесі аз жастарға көп тер төгуге, күш жұмсауға тура келді. Күніне 10 сағат (5 пар) жұмыс жасадық. Маман оқытушылар жетіспеді. Сабақты бір мезгілде екі тілде жүргізуге тура келді. Сол кездің студенттері қоғамдық жұмысқа белсене араласты, семинар сабақтарына белсенділік аңғартып, сабақты жақсы оқыды. Үлгерім жақсы болды». Осы айтқанға дәлел болып табылатын жаратылыстану-жағырапия факультеті бойынша мемлекеттік емтихан тапсырған институт бітірушілерден 5 адам барлық пәндерден «өте жақсы» деген бағаға тапсырып, мемлекеттік емтихан комиссиясының шешімімен «үздік диплом» берілді.
Мұғалімдер институтына мектеп бітірген орта білімі бар оқытушы жастарды таңдап алуда біршама жұмыстар атқарылды.
Бұл міндет Гурьев облыстық халық ағарту бөліміне жүктелді. Жаңадан студенттерді қабылдау мәселесімен Гурьев облыстық халық ағарту бөлімінің мектеп инспекторы, белгілі ұстаз Жайсаң Жаңгереев айналысты. Ол мұғалімдер институтына талапкерлер қабылдау мәселесімен тамыз айының 20-нан қыркүйектің 1-не дейін Маңғыстау, Шевченко аудандарына іс-сапарға жіберілді.
1950 жылдың 3 қыркүйегіндегі институт директоры Қ.Е.Темірғалиевтің бұйрығындағы тізімге көз жүгіртіп қарасақ, алғашқы ұйымдасқан мұғалімдер институтының кеңесі құрамына төмендегі оқытушылар кірген:
Темірғалиев Қ.Е.- институт директоры, кеңес төрағасы;
1. Азовская Л.П.- тіл және әдебиет кафедрасының меңгерушісі, кеңес хатшысы;
2. Точеный П.П.- ғылыми жұмыстар жөніндегі директордың орынбасары, кеңес мүшесі;
3. Назаренко И.М. - жаратылыстану-жағырапия кафедрасының меңгерушісі, кеңес мүшесі;
4. Фомин Д.В.- марксизм-ленинизм негіздері кафедрасының меңгерушісі, кеңес мүшесі;
5. Куфтырева В.И.- педагогика кафедрасының меңгерушісі, кеңес мүшесі;
6. Баяндиев Д.Б.- марксизм-ленинизм кафедрасының аға оқытушысы, кеңес мүшесі;
7. Чейдуков И.Г.- физика-математика факультетінің аға оқытушысы, кеңес мүшесі;
8. Поваренкин И.Ф.- жаратылыстану-жағырапия кафедрасының аға оқытушысы, кеңес мүшесі;
9. Точеная И.А.- математика пәнінің оқытушысы, кеңес мүшесі;
10. Қадырова А.- тіл және әдебиет кафедрасының оқытушысы, кеңес мүшесі;
11. Гаязова Р.Г.- мектеп гигиенасы пәнінің оқытушысы, кеңес мүшесі;
12. Ғатауов Ф.- шаруашылық жөніндегі директордың орынбасары, кеңес мүшесі;
13. Лютиков А.Н.- дене тәрбиесі пәні оқытушысы, кеңес мүшесі.
Сонымен алғашқы оқу жылының басында директордың бұйрығымен 14 адамнан тұратын Кеңес мүшелері бекітілді.
Оның құрамына директордан бастап, оның орынбасарлары, кафедра меңгерушілері, тәжірибелі оқытушылар енгізілді. Институт ұжымы оқу-тәрбие үрдісін жетілдіруде және мұғалім кадрларын дайындауда біршама жұмыстар атқарды. Институттың материалдық-техникалық базасын нығайтуда және оқулықтар мен оқу құралдарын сатып алуға, кабинеттер мен лабораторияларды жабдықтау үшін институт бойынша 47280 сом ақша жұмсалды.
1. Физика-математика бөлімі бойынша 10000 сомнан аса қаражат жұмсалды. Негізінен физикалық құралдар, оқулықтар т.б. заттар алынды.
2. Жаратылыстану-жағырапия бөлімі бойынша химиялық ыдыс-құралдар, дәрілер, микроскоптар алу үшін 10000 сом бөлінді.
3. Тіл және әдебиет бөлімі бойынша кабинеттерді жабдықтау үшін 2000 сомнан артық қаражат жұмсалды.
4. Дене тәрбиесі бойынша 1800 сом бөлініп, оған спорттық снарядтар, киімдер, конькилер т.б. құралдар алынды.
Институт кітапхана қорын қажетті оқулықтармен, оқу құралдарымен қамтамасыз ету үшін 27507 сом ақша жұмсалды.
Нәтижесінде институт көркемөнерпаздар сайысында бірінші орынды иемденді».
Алғашқы институт ашылғанда 13 оқытушы жұмыс істесе, оның бірде-бірінің ғылыми атағы мен дәрежесі болмады. Институт қабырғасында еңбек еткен профессор-оқытушы құрамы жыл сайын өсіп отырды. Мәселен, 1951-52 оқу жылы оқытушылар саны 24-ке жетті. Олардың көпшілігі жастар еді. Институттың комсомол-жастарының ұйымдастырушысы, комсомол ұйымының хатшысы Ибатолла Ғатауов еді. Ол кейіннен облысымыздың партия, кеңес органдарында жауапты қызметтер атқарған институттың үлгілі түлектерінің біріне айналды.
Мұғалімдер институтында оқытушылар құрамында С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті мен Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының түлектері жемісті еңбек етті. Институт оқытушылары студенттердің арасында дәріс берумен қатар, оқу орнынан тысқары облыс, қала деңгейінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
Сол кездегі архив құжаттарына жүгінсек, марксизм-ленинизм негіздері кафедрасының оқытушылары облыстық және қалалық партия комитеттерінің түрлі тапсырмаларын орындаған. Аға оқытушы Дәржан Баяндиев облыстық партия комитетінің ұйымдастырған үгіт-насихатшылар курсында дәріс оқыды. Осы кафедраның аға оқытушысы Польская П. кешкілік марксизм-ленинизм университетінде КСРО тарихынан дәріс берсе, Файн Л.Е. Гурьев мұражайының жұмысын тексерді.
Жыл сайын мұғалімдер институтының өндірістік-оқу базасы, ғылыми-педагогикалық кадрлардың құрамы артты. Осындай институтта қалыптасқан қолайлы жағдайда мұғалім кадрларын дайындаудың сапасын арттыру, оған деген сұранысты қанағаттандыру көзделді.
Мұғалімдер институты өзінің алғашқы түлектерін 1952 жылы ұшырса, олардың ішінде кезінде облыс мектептерінде және халық шаруашылығының әр саласында жемісті еңбек еткен, бүгінде құрметті зейнеткерлер Бисен Сапаевты, Қадырғали Есенғалиевті, Рақып Хабировты, Тынышбай Оразовты, Сүлеймен Каналинді, Тарих Амантурлинді, Ибатулла Ғатауовты, Анна Андреевна Свербихинаны, Валентина Федоровна Круглованы, Альбина Федоровна Вахованы, Зоя Гладченконы т.б. ерекше атауға болады.
Гурьев мұғалімдер институты Атырау өңірінде 50-жылдардың бас кезінде ұйымдасқан аяқталмаған жоғары білім беретін педагогикалық оқу орны ретінде облыс мектептерінің мұғалім кадрларына деген сұранысты қамтамасыз етуде біршама жұмыс атқарды. Мұғалімдер институты өлкемізде жоғары білімді мұғалім кадрларын даярлайтын педагогикалық институт ашуға негіз болды.
50 жылдардың бас кезінде жоғары педагогикалық білім беруде жоғары мектептің екі жүйесі қалыптасты: мұғалімдер және педагогикалық институттар. Қазақстан мұғалімдер институтының жүйесі қысқартылып, олардың ішінде материалдық базасы мен профессор-оқытушылар құрамы жағынан күштілері негізінде педагогикалық институттар ұйымдасты. Мұғалім кадрларын ғылыми мамандық жағынан даярлауға қойылатын өскелең талаптарға байланысты 1952 жылдан бастап, мұғалімдер институттары педагогикалық институттарға айнала бастады. Демек, орта мектептердің 5-10 сыныптарына мұғалім даярлаудың бірыңғай жүйесі қалыптасты. Мәселен, Қарағанды мен Өскемен мұғалімдер институттары 1952 жылы педагогикалық институтқа айналды. Ал, Алматы, Орал мұғалімдер институттары бұрыннан жұмыс істеп келген педагогикалық институттардың құрамына кірді. 1954 жылы тамыз айында Шымкент және Ақтөбе қыздар мұғалімдер институттары педагогикалық институтқа айналды. Ал, 1955 жылы республикада Гурьев, Петропавл және Қостанай мұғалімдер институттары педагогикалық институттарға айналды.
Қазақ ССР Министрлер Кеңесі өз қаулысымен, сонымен қатар Қазақ ССР халық ағарту министрлігінің 16 маусымда 1955 жылғы бұйрығымен Гурьев мұғалімдер институты педагогикалық институтқа айналды.
Алғашқы ұйымдасқан Гурьев педагогикалық институтында екі факультет жұмыс істеді: орыс тілі мен әдебиеті және физика-математика, 5 кафедра болды. Олар марксизм-ленинизм, педагогика және психология, дене шынықтыру, орыс тілі мен әдебиеті, физика және математика. Алғаш рет педагогикалық институт 250 студент қабылдады, әр факультетке 125-тен. Орыс тілі мен әдебиеті факультеті алғашқы өз түлектерін 1959 жылы шығарса, физика-математика факультетінде - 1960 жылы бітірді.
1956 жылы Гурьев педагогикалық институтының екі факультетінің жанынан сырттай оқу бөлімі ашылды. Оның алғашқы түлектері 1961 жылы бітіріп шықты. Оның бірінші проректоры болып, Орта Азия университетінің түлегі, республика халық ағарту ісінің үздігі Нұржакупов Ахмет болды.
1956 жылы педагогикалық институттың ректоры болып, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Байтықов С.Б. тағайындалды. Алғашқы декандар болып, филология факультетінде Бахарев Н.Е., физика-математика факультетінде Ахметжанов Х.А. жұмыс атқарды.
Алғашқы кафедра меңгерушілері: Файн Л.Е.-марксизм-ленинизм кафедрасы, Левченко М.М.- педагогика және психология кафедрасы, Жуков В.П.- орыс тілі мен әдебиеті, Мазо А.- дене тәрбиесі, Ахметжанов К.А.- физика-математика. Кафедра меңгерушілері мен декандардың ғылыми дәрежесі мен атағы болғандарының ішінде Файн Л.Е., Левченко М.М., Жуковты атауға болады. Жоғарыда аталғандардың барлығы кейін ғылым докторлары мен ғылым кандидаттары болды.
1956 жылы физика және математика кафедрасы өз алдына дербес екі кафедраға бөлінді: физика (кафедра меңгерушісі Ахметжанов Х.А.) және математика (кафедра меңгерушісі Саламатин Х.А.). Институт бойынша оқытушылардың саны 45 адам болды, оның ішінде тек 5-нің ғылыми дәрежесі мен атағы болды: Байтықов С.Б.- институт директоры, 1957 жылы қайтыс болды, Файн Л.Е. марксизм-ленинизм кафедрасының меңгерушісі, кейіннен ғылым докторы, профессор болды. Жамбыл технологиялық институтында, Винницк педагогикалық институтында жұмыс істеді; Левченко М.Ж. 1957 жылы құрметті демалысқа кетіп, Орынбор қаласында тұрды; Жуков В.П. кейіннен ғылым докторы, профессор, Новгород педагогикалық институтында кафедра меңгерушісі болды; Федоров А.И. кейіннен ғылым докторы, профессор, ССР Ғылым Академиясының Новосибирск бөлімшесінде, одан кейін Санкт-Петербург қаласында Тіл білімі институтында еңбек етті.
50-жылдардың аяғы мен 60-жылдардың бас кезі - (ректорлар Блеубаев Б.Б.- (1957-1958) және Жаманбаев Қ.Ж. (1958-1962)) Гурьев педагогикалық институтының қалыптасу кезеңі болып табылады. Бұл жылдары студенттердің күшімен 3 барақ-жатақхана салынды. Бұрынғы екеуіне қосымша ретінде Абай даңғылында орналасты және осында студенттер асханасы іске кірісті. Содан кейін физматтың оқу үйінің қатарында Пушкин көшесінің бойында 2 қатарлы жатақхана бой көтерді. Бұл жылдары педагогикалық институтқа 1958 жылы жабылып қалған Гурьев педагогика училищесі мен Ақтөбе пединститутының кітапхана қоры берілді. Бұл кітап қорлары Гурьев педагогика институтының ғылыми кітапхананың негізіне айналды.
Бұл жылдары институттың ғылыми-материалдық базасын нығайтумен қатар жоғары оқу орнын ғылыми кадрлармен толықтыруға, жұмыс істеп жүрген оқытушылардың ғылыми өсуіне және мамандығын жетілдіруге, ғылыми еңбектерін жариялауға ерекше күш салынды. Хабарланған конкурс бойынша институтымызға әр мамандық саласынан ғылыми дәрежесі мен атақтары бар ғалымдар келді: педагогика ғылымдарының кандидаттары Х.Б.Бектенов, Лебедев А.В., филология ғылымдарының кандидаттары Теплов Е.Ф., Романова Ю.Ф., Селиверстов М.Л., Джакипбеков М.Д., техника ғылымдарының кандидаты Михельман И.Д. және т.б.
1956-1957 оқу жылының басынан бастап, республика педагогикалық институттары 1956 жылдың 13 тамызындағы КСРО Министрлер Кеңесі мен 1956 жылдың 6 қыркүйегіндегі Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің қаулыларына сәйкес бесжылдық оқу мерзімімен кең профильді маман даярлауға көшірілді.
1956 жылғы 15 қыркүйектегі КСРО Жоғары білім Министрлігінің И-100 хатында ұсынылған бағыттарға сәйкес оқу-әдістемелік және тәлім-тәрбие жұмысын қайта құру ісі жүргізілді. 1956-57 оқу жылы ішінде министрліктің жоғары педагогикалық бөлімі Гурьев педагогикалық институтының оқу-тәрбие жұмысын тексерді. Студенттердің бастауымен және олардың күшімен оқу шеберханаларына арналып, Гурьев педагогика институтында оқу үйлері салынды.
1950-ші жылдары қазіргі Х.Досмұхамедв атындағы Атырау мемлекеттік университетінің негізі қаланып, өзіндік дәстүрлері қалыптасты.
Университет 1960 жылдарда
▶
1960-жылдардың бас кезінен бастап оқу орнында аспирантураға оқытушыларды жіберу, өз бетімен іздену, стажировка сияқты ғылыми жұмыспен шұғылданудың түрлері кең өріс алды. Институтта жұмыс істеп жүрген оқытушылардың, ізденушілердің арасында бірінші болып, тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін Қ.Е.Темірғалиев, физика-математика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін А.Х.Наубетов диссертация қорғады.
1959 жылы жұмыс істеп жүрген мұғалімдердің ішінде алғашқы болып Б.Баймұханов аспирантураның күндізгі бөліміне жіберілді. Ол кейіннен физика-математика ғылымдарының кандидаты, Қазақтың мемлекеттік университетінде доцент қызметін атқарды. Математика әдістемесі саласында республикада белгілі ғалым ретінде танылды, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақтың Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясында лаборатория меңгерушісі болды.
Бұл жылдары институт оқытушыларының ғылыми еңбектерін жариялауға мүмкіншілік жасалып, ерекше мән берілді. Тек қана 1959-1962 жылдардың арасында институт ғалымдарының 3 «Ғылыми жинағы» шығарылды. 1-физика-математика ғылымдарының сериясы, қалған екеуі-тарих-филология сериясы еді. «Ғылыми жинақта» кейбір жас мұғалімдердің алғашқы мақалалары жарияланды.
«Ғылыми жинаққа» төмендегі авторлардың мақалалары кірді: Х.А.Ахметжанов, Ю.А.Медведев, Қ.У.Темірғалиев, Л.Е.Файн, В.П.Жуков, И.Р.Емельченко, Е.И.Боярский, С.Т.Кожабаев, Л.И.Белый, М.Д.Жақыпбеков, М.М.Мшанов, Қ.Өміралиев.
«Ғылыми жинақтың» 3 сериясына барлығы 12 автордың 19 мақаласы жарияланды. Бұны институт өмірінде ғылыми-зерттеу жұмысын дамыту бағытындағы елеулі жұмыстар деп бағалауымыз керек. Сол кездің өзінде оқытушылардың ғылыми жұмысын дамытуға және оқытушылардың ғылыми мақалаларын жариялауға мүмкіншілік жасалғандығын аңғаруға болады. Орайы келгенде айта кетуіміз керек, «Ғылыми жинақта» мақаласы жарияланған 12 оқытушының бесеуі кейіннен ғылым докторы, ал 6-ы ғылым кандидаты болды.
50-жылдардың аяғы мен 60-жылдардың бас кезінде республикада халық ағарту ісі мен педагогикалық кадрларды даярлауда біршама тәжірибе қалыптасты. Тың және тыңайған жерлерді игеру, республиканың одан әрі өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығының дамуы бұрынғы Кеңестер одағының республикалары мен облыстарынан Қазақстанға халықтардың қоныс аудару үрдісін күшейтті. 1959 жылы Қазақстан халқы 1939 жылмен салыстырғанда екі есе артты, 9 миллионнан астам адамға жетті.
Гурьев педагогикалық институты өздерінің алғашқы түлектерін 1959 жылы және 1960 жылдары шығарды. Бұл кезеңде мұғалім кадрларының жетіспеуіне байланысты институт түлектері республиканың барлық облыстары бойынша бөлінді. Орыс тілі мен әдебиеті факультеті төртжылдық мерзіммен 1959 жылы өз түлектеріне жолдама берсе, физика-математика факультеті түлектері 1960 жылы бесжылдық оқу мерзіммен бітірді.
Педагогикалық институттардың бесжылдық оқу мерзіміне көшуге байланысты олардың алдына студенттерді орналастыру кең профильді мамандық беретін мұғалім кадрларын даярлау үшін қажетті база керек болды. Жалпыға бірдей орта білім беруге көшуге байланысты ауылдық жерлерде институттарды бітіргендер бір пәнді оқытуға, жеке мамандықтан әзірлік алып шыққандықтан (4 жылдық мерзімде), бұл мектептер кең көлемде жұмыс істей алмады, дара мамандықтан оқу жүктемесі де жетіспеді. Кең профильді мамандық беретін (қосарлы мамандық) мұғалім даярлауды енгізу мектептерді, тек қана оның ішінде ауыл мектептерін жоғары білімді мамандармен қамтамасыз ету тұрғысынан емес, жан-жақты мамандық беретін мұғалім кадрларын даярлау педагогикалық және экономикалық жағынан тиімді болды. Бұдан басқа кең профильді маман даярлау жүйесі мектептердің алдына бұл кезеңде оқушыларға политехникалық білім беруді іске асыратын кадрларды даярлау міндетін қойды.
60-жылдар (ректор С.Т.Қожабаев (1962-1969)) - институттың оқу-материалдық базасының нығаюының, профессор-оқытушы құрамының ғылыми өсуінің, мамандықтардың кеңеюінің, жаңа факультеттер мен кафедралар ашудың жаңа кезеңі.
1963 жылы Батыс Қазақстан өлкелік партия комитетінің шешімімен институтқа бұрынғы мектеп-интернаттың оқу үйі беріліп, оған тарих-филология факультеті мен оқу орны әкімшілігі кірді. Бүгінде ғимаратта облыстық мұғалімдердің білім жетілдіру институты орналасқан.
Сонымен қатар жаңа типтегі оқу ғимаратын, екі студенттер жатақханасын, студенттер асханасын, спорт кешенін жобалау және құрылысы бойынша біршама жұмыстар жүргізілді. 60-жылдары 575 орындық № 1 жатақхана құрылысы аяқталды. 1967 жылы институт оқу ғимаратының құрылысы басталды.
Мамандықтардың тізімінің кеңеюіне байланысты 1962-1963 оқу жылы бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі факультеті ашылды, содан кейін ол жабылып қалып, 1976-1977 оқу жылында қайтадан ашылды. 1966-1967 оқу жылы физика-математика факультетінің биология бөлімі өз алдына дербес биология-химия факультетіне айналды.
Егер де 50-жылдары институт, негізінен, екі мамандық бойынша мұғалім дайындаса, ал 60-жылдары-14 мамандықтан мұғалім дайындады.
Институттың өсуі кафедралардың көбеюін қажет етті. 1970 жылы кафедралардың саны 15-ке жетті. Марксизм-ленинизм кафедрасының негізінде өз алдына екі дербес кафедра ұйымдасты: КПСС тарихы мен саяси экономия, философия мен ғылыми коммунизм.
1950 жылдан бастап жұмыс істеген орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының негізінде 1961 жылы екі кафедра құрылды: орыс тілі; орыс және шетел тілі. Одан ертерек, 1960 жылы, орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының жанында жұмыс жасаған қазақ тілі мен әдебиеті секциясы, өз алдына дербес қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының мәртебесін алды.
1964 жылы орыс тілі кафедрасының жанында ұйымдасқан шет тілдері секциясы жеке кафедра болып бөлініп шықты. 1963 жылы тарих кафедрасы ұйымдасты. 1965 жылы 1964 жылдан бастап жұмыс істеген биология және ауыл шаруашылығы негіздері кафедрасының базасында 1965 жылы 3 кафедра құрылды: ботаника, зоология және химия.
Педагогика және психология кафедрасы, дене шынықтыру, физика, математика кафедралары өз жұмыстарын одан әрі жалғастырды.
Институт оқытушыларына ғылыми және әдістемелік көмек беру мақсатында республикаға танымал, белгілі ғалымдарды әр ғылым саласынан жұмыс істеп жүрген оқытушылар құрамынан ғылыми кадрлар даярлаудың жаңа түрі ретінде институтымызға шақыру дәстүрге айналды.
60-жылдары Гурьев педагогика институты үшін ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлауда, кафедралардың жұмысына тікелей көмек берген, жекеленген ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысып жүрген оқытушыларға, аспиранттарға, ізденушілерге ақыл-кеңесін берген алматылық көрнекті ғалымдар, академиктер Салық Зимановтың, Смет Кеңесбаевтың, Ғылым академиясының корреспондент-мүшелері Л.И.Клышевтің, Маулен Балақаевтың, ғылым докторлары, профессорлар Қартбай Бержановтың, Маулен Құдайқұловтың, Дәріғұл Тұрсыновтың, Хасен Арғыновтың, Бисенбай Кенжебаевтың, Т.Елеуовтың, Қ.Абишевтің, Мархабат Томановтың, ғылым кандидаттары (кейін бірқатары ғылым докторы, профессор болды) Х.М.Әділгереевтің, Жеребятовтың, Т.А.Твардовскаяның, Л.Д.Шеляховскаяның, И.Л.Ажиғалиевтың, Бакшиловтың және т.б. есімдерін ілтипатпен атауға тиістіміз. Олар әр жылдарда Гурьев институтында болып, оқытушыларға нақты көмек берді, студенттер мен оқытушыларға лекция оқып, институттың жас мұғалімдері мен аспиранттарына ғылыми жетекшілік етті, кандидаттық емтихан алды, институтымызға көптеген ғылым кандидаттарын даярлауға көмектесті.
60-жылдары институт оқытушыларының жоспарлы түрде аспирантураға жіберу жолға қойылды: Блиев Н.К., Карпеков К (1960), Даиров Ғ.Д. (1961), Каримов Х.К., Абилхасимов Б.А., Бакиев Ж.Б., Кожахметов Х. (1962), Мовкебаев А. (1963), Тихова Л.В. (1964) және т.б. Олардың барлығы аспирантураны ойдағыдай аяқтап, ғылым кандидаты ғылыми дәрежесін ойдағыдай қорғап шықты, кейіннен Блиев Н.К., Абилхасимовтар Б.А. ғылым докторлары, профессорлар болды. Бүгінде олар республикаға танымал ғалымдар.
Бабаш Әбілхасимов - Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының Тіл білім институтының бөлім меңгерушісі, тіл тарихы саласында белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор.
Назарбай Блиев - Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, математика ғылымдарының докторы, профессор, математика институтының директоры.
К.Карпеков - Абай атындағы мемлекеттік университетінің профессоры, кафедра меңгерушісі, әдіскер-ғалым.
Хасан Каримов - Қазақтың Әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінің тіл білімі кафедрасының профессоры, әдіскер-ғалым.
Мутифулла Аженов - Қазақтың Әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор, республикаға танымал социолог-ғалым.
Қажымұрат Әбішев - белгілі философ-ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор.
Аспирантураға тек қана оқытушылар жіберіліп қана қойған жоқ, сонымен қатар институтты үздік бітірген институттың түлектері де жіберілді.
Айталиев Амангелді бүгінде философия ғылымдарының докторы, профессор, қоғам және мемлекет қайраткері.
1962 жылдан бастап, қоғамдық ғылымдар оқытушыларының білімін жетілдіру институттары сияқты білім көтерудің тиімді түрлері қолданыла бастады. Алғаш рет білім жетілдіру курстарынан өткен Баяндиев Б., Избасов Е.И., Марченко Н.Д., Утегенов Ш.И., Джусупов Ж., Апаров Ю.А., Иманқұлов Е.И., Утегенов Н.И.
Шет тілдері оқытушыларының 2 жылдық білімін көтеру курстары ашылғанда институттан бірінші болып Р.И.Утегенова жіберілді.
Еліміздің ірі ғылыми орталықтары мен жоғары оқу орындары жанында стажер-зерттеуші институттары тәжірибесі кеңінен қолданылды. Институттан алғашқылардың бірі болып, Жұманова Т.Ж. және Жалғасов А.Ж. жіберілді. Кейіннен олар ғылым кандидаттары, доценттер болды.
1962 жылдан бастап, институтта оқытушылардың ғылыми конференциялары жылма-жыл өткізу дәстүрге айналды, ал студенттердің ғылыми қоғамын ұйымдастыру (СҒҚ) студенттердің жылма-жылғы ғылыми конференциясын өткізуге негіз болды.
Кітапхананың кітап қорын жабдықтауға ерекше мән берілді. Оның саны 130000 томға дейін өсті; жылма-жыл газет-журналдардың 235 атауы жаздырып алынды.
60-жылдары институттың оқу-материалдық базасының нығаюымен, құрылыстың дамуымен, оқу-құралдарымен толығуымен, оқытушылардың ғылыми өсуінің белсенділігі артуымен және оқу үрдісінің жетілуімен қатар студенттер ұйымдарының қызметіне, студенттердің өзін-өзі басқаруға, еңбек тәрбиесіне, көркем өнердің дамуына ерекше мән берілді. Алғашқы студенттердің құрылыс отряды 1963 жылы ВЛКСМ Орталық Комитетінің жеті жылдықтағы комсомолдың еңбек істері кітабына енгізілді.
Құрылыс отрядының командирлері Сейталиев Қадыржан, Мұқашев Мақсот, Майлыбаев Жәдігер Маңғыстауда Ерәлі колхозында, Сам елді мекендерінде институт студенттерінен құрылған құрылыс отрядін басқарып, ерен еңбектің үлгісін көрсетті.
Отряд командирі, оқытушы К.Ғабдуллин мен комиссар студент Ж.Кушенов ВЛКСМ Орталық Комитетінің «Еңбектегі ерлігі үшін» белгісімен марапатталды, отряд жауынгерлерінің 5 ВЛКСМ Орталық Комитетінің мақтау қағазымен, 15-ЛКСМК Орталық Комитетінің мақтау қағазымен және 40-тан астам адам облыстың комсомол комитетінің және облыстық атқару комитетінің мақтау қағазымен марапатталды. Осы кезеңнен бастап, құрылыс отрядінің жұмысы көп жылдар дәстүрлі іске айналды.
Көркем өнер қызметіне институт студенттерінің үштің бірі қамтылды. Хор, үрмелі және эстрадалық оркестрлер, би және әншілер үйірмелері құрылды.
Музыканы сүюшілер клубының негізінде эстетика факультеті ұйымдасты. Студенттердің көркем өнер қызметі «Жайық қызы» ансамблін құруға негіз болды. Кейіннен бұл ансамбль құрметті халықтық ансамбль атына ие болды.
60-жылдары барлық жұмыс институт факультет, қоғамдық ұйымдар басшыларының тарапынан бағыт беріліп, іске асырылды: С.Т.Қожабаев-институт ректоры, проректорлар Л.И.Белый, А.К.Дарибаев, Г.А.Абдрахманов, декандар Н.И.Утегенов, З.А.Алдамжаров, Н.Е.Бахарев, И.Я.Сулковский, Г.Д.Даиров, П.М.Иванов, партбюро хатшылары Ф.М.Джанахметова, М.Н.Наконечной, Н.П.Марченко.
60-жылдардың аяғында институттың бір топ жас оқытушылары еліміздің ғылыми орталықтарына өндірістен қол үзіп, мақсатты аспирантураға жіберілді. Олардың бәрі де кандидаттық диссертацияларын ойдағыдай қорғап, өз институтына оралды. Атап айтқанда, олар Абдулов Махмут, Алдамжаров Зұлқарнай, Сейталиев Қадыржан, Құсниденов Серік, Нығметов Ғинаятолла, Тажимұратов Ильяс, Жалғасов Асау, Сүлейменов Бекежан, Досқалиев Қабиболла, Жұманова Тәрбие, Иманқұлов Ермек, Ажғалиев Ғалым, Лұқпанов Абылай, Жанетов Боранбай және т.б.
1970-ші жылдары оқу орны ғылыми әлеуетінің нығаюына мән беріліп, ғылыми атақ-дәрежелері бар оқытушылар көбейді.
Университет 1970 жылдарда
▶
Институттың дамуының келесі кезеңі – 70-жылдар (ректор-С.Д.Дуймағамбетова (1969-1972), Ғ.Д.Даиров (1972-1976), Е.Б.Сахипов (1976-1983). Бұл жылдары институттың қалыптасуы одан әрі жалғасты. Гурьев педагогика институты республикамыздағы мұғалім кадрларын кәсіби-педагогикалық даярлауда алдыңғы шептегі оқу орындардың біріне айналды. 1972 жылы 632 орындық типтік жатақхана құрылысы аяқталды. (№ 2 жатақхана), ал 1976 жылы құрылысы 60-жылдарда басталған институттың жаңа оқу ғимараты іске қосылды. 1977 жылы физика-математика факультетінің оқу үйі қайта жабдықталды, физика-математика факультеті жаңа оқу үйіне шықты да, оның орнына музыка-педагогика факультеті орналасты. 1978 жылы облыстық атқару комитетінің шешімімен институтқа агробиостанция үшін 10 гектар алма бағымен жер учаскесі берілді, сол шешіммен «Район» деп аталатын тұйықталған телевизиялық станция берілген болатын-ды. Студенттер мен оқытушылардың күшімен оқу үйінің және жатақханалардың территориясының көптеген көлемі көгалдандырылды және жөнделді. Педагогикалық оқу орындары мен ауыл мектептерінің өзара байланысының түрлері мен әдістерін жетілдіруде 1978 жылы қыркүйек айында Гурьев педагогика институтының базасында «Педагогикалық институттардың жалпы білім беретін мектептермен, орта кәсіптік техникалық училищелермен және халық ағарту орындарымен байланысы» тақырыбында өткізілген республикалық семинар-кеңестің мәні орасан зор болды. Республикалық деңгейде өткізілген кеңесте ауыл мектебінің өзекті мәселелері, педагогикалық оқу орындарының ауыл мектебімен ынтымағының негізгі бағыттары, ауыл мектебі жағдайдында болашақ мұғалім кадрларын даярлаудың ерекшеліктері, ауыл мектебі мұғалімдеріне теориялық және әдістемелік көмек беру т.б. тақырыптарда жоғары мектеп ғалымдары мен мектеп мұғалімдері тәжірибе алмасты. Семинарға қатысушылар Гурьев педагогика институтының ауыл мектептерімен ынтымақтастығы жөнінде іс-тәжірибесі мақұлданып, республика көлемінде кеңінен таратуға ұсынылды. Гурьев педагогика институтында облыстық, қалалық, аудандық оқу бөлімдерімен, облыстық білім жетілдіру институттарының өкілдерімен институттың Ғылыми кеңес, кафедралары біріккен мәжілістерін өткізу тәжірибеге айналды. Студенттердің құрылыс және ауылшаруашылық отрядтарының белгілі жүйесі қалыптасты. Олар тек қана шарт бойынша құрылыстағы және егін жинаудағы негізі жұмыстарын атқарып қоймай, сонымен қатар жұмыс істеген жерлерінде үгіт-насихат, мәдени-бұқаралық жұмысты белсене атқарды. Институттың құрылыс отряды 1978-1979 жылдары екі рет Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің ауыспалы туымен марапатталды. Студенттер ұжымы көркем өнер саласында дәстүрге айналған фестивальдарда, сайыстарда жүлделі орындарға ие болды.
Университет 1980-1990 жылдардың басында
▶
1980-жылдары институтта 6 факультет: тарих-филология, физика-математика, биология-химия, музыка-педагогика, бастауыш білім беру және мектепке дейінгі тәрбие, спорт факультеттері болып, оларда барлығы 2723 студент оқыды. Сырттай оқу бөлімі студенттері 8 мамандық бойынша даярлады: орыс тілі мен әдебиеті, қазақ тілі мен әдебиеті, биология, музыка және ән, педагогика және бастауыш білім беру әдістемесі, мектепке дейінгі педагогика және психология, дене тәрбиесі, онда барлығы 2053 студент білім алды. Жалпы студенттердің контингенті 4776 адамды құрады.
Бұл жылдары жаңа мамандықтар бойынша студенттер даярланды: тарих және кеңес құқы, педагогика және бастауыш білім беру әдістемесі, музыка қосымша мамандығы, дене тәрбиесі қазақ бөлімі, «Физика және математика», «Математика және физика», мамандықтары «Физика, информатика, еңбек» және «Математика және информатика» мамандықтарына айналды.
1986 жылы желтоқсанда 220 орындық «Құрдастар» асханасы іске қосылды. 1988 жылы құрамында футбол алаңы, жүгіру жолы, трибунасы, оның астында гимнастикалық зал, жүзу бассейні мен жабдықталған спорт кешені ашылды. Бас оқу үйіндегі спорт залына қосымша құрылыс болды. Сондықтан да өз алдына дербес дене тәрбие факультеті жұмыс істеді (кейіннен спорт факультеті деп аталды).
1988 жылы маусым айында 400 орындық секциялық типтегі студенттер жатақханасы іске қосылды. 1990 жылы «Буревестник» стадионы жаңартылды.
80-жылдардың аяғында Жұмекен Нажімеденов атындағы әдебиет және өнер бірлестігі құрылды. (Жетекшісі-әдебиет кафедрасының меңгерушісі Қ.Жүсіп). Бірлестік 4 секциядан тұрды: «Мирас»- өнердің ұлттық жанрларын орындаушылар секциясы (айтыс, терме, квн және т.б.), «Үкілі үміт»- жас ақындар секциясы, «Жадыра»- көркемсөз оқу секциясы, «Шұғыла»- дарама үйірмесі.
Жылма-жыл институтта факультеттер мен көркемөнерпаздарының сайысы «Студент көктемін» өткізу дәстүрге айналған. Көркемөнерпаздар өз жұмысын тек оқу орнының деңгейімен шектемей, қалалық және облыстық фестивальдарға, сайыстарға т.б. шараларға белсене қатысты. Оқытушы Әбілова М.А. жетекшілігімен студенттер хоры, вокальдық ансамбль «Экспромт» (жетекшісі Самедова О.А.), қазақтың ұлт аспаптары оркестрі (жетекшісі Бахтияров О.Б.), бальный ансамбілі (жетекшісі Габдушева М.Т.) облыста белгілі көркемөнерпаздар ұжымдары болды.
1990 жылдан бастап, «Қазақ тілі мен әдебиеті орыс кластарында» және «Биология және жағырапия» қазақ бөлімі мамандары ашылды. Сонымен, институт осы жылдары 12 мамандық бойынша күндізгі және сырттай бөлімдерде студенттерді даярлады.
Университет тарихында оқу орнының қалыптасқан дәстүрі туралы, институт ғылыми кадрлардың шын мәнінде ордасына айналғандығы туралы мақтаныш сезіммен айтыла ды. Институтымызда әр жылдарда жұмыс істеген оқытушылары қатарында белгілі ғалымдар - Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі Блиев Н.К., ғылым докторлары, профессорлар: Аженов М.С., Абишев Қ.А., Алдамжаров З.А., Ақылбаев Ж.С., Баймұқанов Б., Есмуханов Ж., Жаманбаев Қ.Ж., Жуков В.П., Рахметов Х.Ж., Күнхожаев Н.Р., Темірғалиев Қ.Е., Түсібалиева Д., Томанов М.Т., Федоров А.И., Файн Л.Е., мемлекеттік сыйлықтың иегері Уразгалиев Б.У. және т.б. бар.
Түлектер қатарында СССР Халық мұғалімі Айтқалиев Құсни, Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген мұғалімдері, оқу-ағарту ісінің үздіктері: Анишин А.М., Ганчикова, Дворецская А.Д., Литатов В.В., Қашаубаев М., Қалыбеков К., Тауфикова, Бисенов С.Б., Завершинская М.П., Рысмағамбетова О.Р., Садықова С., Тұрлыбаев И., Даумов Н.Ғ., Тлеумұханов Т., Рассухин В.В., Сабиров А. т.б.; Қазақстан жазушылар одағының мүшелері бүкіл елімізге танымал, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының иегері, халық жазушысы Фариза Оңғарсынова, ақындар Аманқос Ершуов, Амангелді Жылқышиев, Қадір Жүсіп, Нұралы Әжіғалиев, Жәниба Қарасаева бар. Өз түлектерінің ішінде аты әлемге мәшһүр болған, спорт саңлақтарының бірі, СССР-ға еңбек сіңірген спорт шебері, Токио олимпиадасының күміс жүлдегері, аты аңызға айналған желаяқ Амин Тұяқовты, СССР еңбек сіңірген спорт шебері, бокстан бұрынғы Одақтың Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы, әлемдік еуропа жарыстарының жүлдегері Болат Теміровты, СССР еңбек сіңірген спорт шебері бұрынғы Одақтың, Қазақстан Республикасының әйелдер арасына самбодан бірнеше дүркін чемпионы, әлемдік, еуропа жарыстарының жүлдегері Сания Махамбетованы, СССР спорт шеберлері Б.Рахбиевті, В.Кузнецовты, ағайынды А.В.Аверьяновтарды т.б. мақтан етеміз.
Институтты бітірген түлектердің ішінде бір тобы партия, комсомол кәсіподақ, кеңес, ғылым жолында жемісті еңбек етті. Олардың қатарына Айталиев А., Бисенов А., Бурлаков Л., Гладов В.В., Зекенова А., Завершинская М.П., Испусынова С., Ихсанов Б., Қараев Ж., Қайненов, Еңсегенов С., Каримов Т., Қадырғалиев Е.З., Кенжеғалиев А., Мерзликин М.И., Лукпанов Ғ., Ризуанов К., Рассухин В.А., Сарсенова Н.С., Сүлейменов С., Сакробогатова Ю.А., Сериков Т.П., Сарсекенов М.С., Сагиденов А.К., Тулепбергенов Г., Тышқанбаев С., Талпақов Б.О., Өмірбекова Ж.Б., Фомин П.И., Хан Н.Н., Халидуллин К.Х., Чаплыгин А.К., Шоқанов А., Шалимова Ф. және т.б. жатады.
Университет Тәуелсіздік жылдарында
▶
1990-жылдардың ерекшелігі жоғары оқу орны тарихында бұл жылдар Кеңестер Одағының ыдырауының және егеменді мемлекет Қазақстан Республикасының құрылуының заңды нәтижесі болған тез қарқынмен дамыған өзгерістер жылы болды.
1994 жылы 23 мамырдағы Министрлер Кабинетінің шешімімен Атырау педагогикалық институтының ғұлама ғалым, профессор Халел Досмұхамедовтың есемінің берілуі Атырау облысы жұртшылығының мәдени өмірінде ерекше оқиға болып табылады. Халел бабамыздың есімінің ортамызға қайта оралуы оның жан-жақты сарқылмас ғылыми мұрасын зерделеуге және Халел тағылымын терең зерттеуге мүмкіншілік жасады.
Жоғары білім беруді одан әрі жетілдіру, мамандар мен ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлау аймақтың жүйесін дамыту мақсатында Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті өзінің 1994 жылғы 2 маусымдағы қаулысымен Халел Досмұхамедов атындағы Атырау педагогика институты - Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті болып қайта құрылды. Оның құрамына Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің мұнай және газ институты болып аталған Қазақ ұлттық-техникалық университетінің Атырау филиалы, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау педагогика институтының Ақтау филиалы, Атырау педагогика училищесі, Атырау политехникалық техникумы және облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институты енгізілді.
Кейіннен Атырау университетінің құрамындағы оқу орындары өз алдына жеке оқу орындары болып қайта құрылды.
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ашылуына сәйкес оқу орны республикамыздың батыс өңіріндегі ең ірі білім ордасына айналуының негізгі талаптарына университеттің ғылыми-педагогикалық кадрлармен толығу, оқу-материалдық базасын жақсарту және қазіргі уақыт талабына сәйкес жергілікті аймақтың ерекшеліктерін ескере отырып, сапалы мамандар даярлау жатады.
80-жылдары институтта 6 факультет болса 2000 жылы университетте факультет саны 9-ға жетті. 30 мамандық бойынша 24 кафедра кадрлар даярлауды іске асырды. Жоғары оқу орны университет мәртебесін алғаннан кейін педагогикалық мамандықтармен қатар, 90-жылдардан бастап, шет тілі (ағылшын тілі), «Еңбек және бизнес негіздері», «Қаржы және несие», «Психология», «Экономика және менеджмент», «Заң негіздері және экономика», «Құқықтану», «Педагогика және психология», «Кеден ісі», «Экономика», «Менеджмент», «Әлеуметтік педагогика» т.б. мамандықтар бойынша маман кадрлар даярлай бастады.
1990-шы жылдарда университет профессор-оқытушы құрамының ғылыми мүмкіншілігі өте тез қарқынмен өсті. Барлығы 437 адамнан тұратын профессор-оқытушы құрамының, оның ішінде 181-нің ғылыми дәрежесі мен атағы болды, оның ішінде 5 академик, 43 ғылым докторлары мен профессорлар, 132 ғылым кандидаттары мен доценттер болған еді. Университетіміздің көптеген тәжірибелі оқытушыларына «Атырау университетінің профессоры», «Атырау университетінің доценті» академиялық атақтары берілді.
Университетіміздің ғылыми өмірінде ерекше оқиғаның бірі - алғаш рет 1994 жылы университетте 4 мамандықтан жалпы педагогика, философия, Қазақстан тарихы, физиология мамандықтары бойынша өз аспирантурасының ашылуы. Педагогика ғылымдарының докторлары, профессорлар Иманғалиевтің А.С., Сейталиевтің Қ.Б., философия ғылымдарының докторы, профессор Ермековтің Қ.Е., тарих ғылымдарының докторлары, профессорлар Табылдиевтің Х.Б., Қыдыралиннің Ү.С., мал дәрігерлік ғылымдарының докторы, профессор Хамиевтің С.Х. жетекшілігімен жас ғалымдар тобы қалыптасып, ғылыми мектеп негізі қаланды.
1990-шы жылдар аяғы мен 2000-ші жылдар басында университет әкімшілігі ҚР Ұлттық ғылым академиясының және еліміздің жоғары оқу орындарының көрнекті ғалымдарын университетке жылма-жыл жоспарлы шақыруды жүзеге асырды. Алыс-жақын шет елдерден ғалымдар шақыру, студент алмасу тәжірибесі кеңінен қолданылды. 2000 жылдың өзінде университетте 17 ғылым докторы лекция оқып, жас оқытушыларға ғылыми-әдістемелік көмек берді.
Олардың ішінде еліміздің көрнекті ғалымдары ҚР Ұлттық ғылым академиясының академиктері, заң ғылымдарының докторы, профессор Зиманов С.З., академик, философия ғылымдарының докторы, профессор философия, саясаттану институтының директоры Нысанбаев Ә.Н., ғылым докторы, профессор, Білім академиясының президенті Озғанбаев Ө.О., Баймұханов Б.Б., Балтабаев М.Х., Қабдыхайыров К.К., Сабыров П.С., филология ғылымдарының докторы, профессор Негимов С.Н., тарих ғылымдарының докторы, профессор Ермұханов Б.Е., биология ғылымдарының докторы, профессор Бекенов А.Б. және т.б. Осы жылдары университеттің оқытушы-профессорлар құрамы республиканың белгілі ғалымдарымен толықты. Олардың қатарында университетімізге профессорлық қызметке ауысып, университет үшін ғылыми кадрларды даярлауда ерекше еңбек еткен әдебиеттанушы ғалым, республиканың халық жазушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор З.Қабдолов және республиканың бірнеше мәдени қайраткерлері бар.
Атырау университеті шетелдің, атап айтқанда, Америка, Финляндия, Корея, Түркия, Иран, Польша, Венгрия, Ресей жоғарғы оқу орындарымен тығыз байланыстар орната бастады.
Американың Нью-Мексико, Сан-Диего мемлекеттік университетімен өзара байланыс туралы шарт жасады. Атырау университеті Дағыстан, Қалмақ, Гилян, Горган, Мазандаран (Иран Ислам Республикасы), Азербайжан, Астрахань, Ақтау, Атырау оқу орындарынан құралған Каспий жағалауы мемлекеттерінің университеттері Ассоциациясының мүшесі. Университет Ассоциациясының штаб-пәтері Астрахань мемлекеттік техникалық университетінде орналасқан.
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің заман талабына сай өркендеуі 2000 жылдардан кейінгі онжылдықта ерекше көрініс таба бастады. Университеттің оқу үдерісі, оқу-әдістемелік жұмыстары Қазақстан Республикасының “Білім туралы” Заңына, Қазақстан Республикасы Президентінің халыққа Жолдауларына, ҚР білім беруді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларына, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бұйрықтары негіздерінде қабылданған Ережелерге сәйкес атқарылды. Университеттің 2008-2012, 2012-2016 жылдарға арналған стратегиялық даму жоспары жасалып, Ғылыми, оқу әдістемелік Кеңес және ректораттың шешімдеріне орай оқу үдерісін жетілдіру, ғылыми және білім берудің әдістемелік деңгейін арттыру мен жоғары білімді мамандарды даярлауды қайта құруға қатысты нақты жұмыстар университет ұжымы тарапынан атқарылуда.
Бәсекеге қабілетті мамандар даярлауды тиімді ұйымдастыру мақсатында оқу орнында бірқатар құрылымдық өзгерістер жүзеге асырылды. Осыған орай университеттің қызметі төмендегідей басты бағыттарды қамтиды:
- оқу үдерісін ұйымдастыруды жетілдіру және оқу-әдістемелік жұмыстар;
- оқытудың инновациялық технологияларын оқу үдерісіне енгізу және жаңа ақпараттық технологиялар;
- ғылыми-зерттеу жұмыстары және халықаралық байланыстар;
- материалдық базаны нығайту;
- мемлекеттік тілді дамыту;
- білім беру мекемелерімен байланыс;
- университет түлектерін жұмысқа орналастыру жұмыстары;
- тәрбие жұмыстары, салауатты өмір салтын насихаттау, студенттер мен қызметкерлерді әлеуметтік қорғау.
Аталған жұмыстар төмендегідей бөлімдер мен құрылымдар арқылы іске асырылды:
- 1 департамент: оқу үдерісін ұйымдастыру және бақылау департаменті;
- 2 басқарма: қаржы-экономикалық және әкімшілік-кадр басқармалары;
- 8 факультет: экономика және құқық факультеті, математика, физика, математика және ақпараттық технологиялар факультеті, әлем тілдері факультеті, тарих-филология факультеті, педагогика, психология және өнер факультеті, жаратылыстану факультеті, қашықтықтан оқыту, жоғары оқу орнына дейінгі дайындық факультеті;
- 43 мамандық бойынша кадрлар дайындайтын барлығы 31 кафедра;
- ғылыми кітапхана;
- жаңа ақпараттық технологиялар орталығы;
- баспахана;
- «Университет тарихы» мұражайы және археология-этнографиялық мұражай;
- көптілді білім беру орталығы;
-«Халелтану» ғылыми-зерттеу зертханасы, мұнда Х.Досмұхамедовтың шығармашылық мұрасы зерттеледі;
- 6 ғылыми-зерттеу орталығы және 3 ғылыми зертхана (педагогикалық валеология, қоғамдық зерттеулер, экология);
- Интернет-клуб, электрондық зал, электрондық оқулықтар дайындайтын зертхана, ғаламторлық әлемдік желісіне қосылған компьютер кластары, өз web-сайты бар;
- адамгершілік-рухани білім беру жобасының авторы С.А.Назарбаеваның жетекшілігімен жасақталған арнайы курс жүргізілетін Өзін-өзі тану орталығы;
- тұрақты шығарылатын «Университет» газеті;
- «Хабаршы» ғылыми журналы;
- «Жайық» спорт кешені мен жабық спорт залы, стадион;
- 8 оқу ғимараты мен 2 жатақхана;
- медициналық бөлімше;
- баспасөз қызметі;
- мониторинг және менеджмент бөлімі.
2009-2010 оқу жылынан бастап «Тілдердің үштұғырлығы» Қазақстан Республикасында Көптілді білім беруді дамыту тұжырымдамасының жобасына сай білім беру жүйесінде бірнеше тілді меңгерген, бәсекеге қабілетті маман даярлау мақсатында университеттің Ғылыми Кеңесінің шешімімен көптілді білім беру орталығы ашылды. 2012 жылдан Лингвистикалық орталық жұмыс жасайды.
Тәуелсіздік жылдарында 14 мамандық бойынша магистратура және 2010 жылы 4 мамандықтан PhD докторантура ашылып, университетте докторлық, кандидаттық диссертация қорғау бойынша мамандандырылған кеңес жұмыс жасады. Қазіргі таңда 14 мамандық бойынша магистратура магистрлер дайындалды.
Университеттің профессор-оқытушылары АҚШ, Ресей, Түркия, Украина, Өзбекстан және Қазақстан ғылыми орталықтарымен тығыз байланыста. Мәселен: физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінде профессорлар, ғылым докторлары Е.А.Гребеников (РҒА есептеу орталығы, Мәскеу), Н.Т.Темірғалиев (Н.Гумилев атындағы Евразиялық ұлттық Университеті), Б.Б.Баймұханов (Ы.Алтынсарин атындағы ҚБА), К.К.Қабдыхаиров (аль-Фараби атындағы ҚазҰУ), К.К.Тәжімұратов (Жұбанов атындағы Ақтөбе университеті), С.Е.Шәкілікова (Ы.Алтынсарин атындағы ҚБА), Ш.Қ.Шункеев (Ақтөбе педагогикалық институты) студенттерге және факультет оқытушыларына математика, физика және информатиканың заманға сай проблемалары жөнінде кафедралардың шақыруымен дәрістер оқыды.
Сонымен бірге, Қазақ Ұлттық Академиясының Математика институты, аль-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университеті, Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Астрахань мемлекеттік университеті (Россия), Атырау мұнай және газ институтымен т.б. әдістемелік және ғылыми байланыста жұмыс жасайды.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті қоғам қажеттіліктеріне сәйкес алдына тың міндеттер қойып отыр. Ең бастысы - бәсекелестікке төтеп бере алатын мамандар даярлау. Себебі дамыған елдердің тарихын саралау олардың білім мен ғылымды, жаңа технологияларды жетілдіру арқылы экономикалық өрлеуге жеткенін көрсетеді. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында еліміз өзінің табиғи байлықтары негізінде экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізді. Ендігі кезекте шикізат көздерін өндіріп қана қоймай, оны өңдейтін салаларды, жаңа инновациялық технологияны дамытуды заман талап етуде. Ал ол білім мен ғылымсыз, білікті мамандарсыз мүмкін емес. Осы міндеттерді Атырау мемлекеттік университеті де жүзеге асырып келеді.
Бүгінде оқу орны 46 мамандық бойынша бакалаврлар және 14 мамандық бойынша магистрлер даярлауды жүзеге асырады. Университетте 500-ден астам оқытушы- профессорлар еңбек етсе, олардың 200-і ғылым докторлары мен ғылым кандидаттары, профессорлар мен доценттер, философия докторлары .