
4 маусым 2025
Университет түлектері 45 жылдан кейін бас қосты
Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде (бұрынғы Гурьев педагогикалық институты) 1976–1980 жылдары оқып, физика мамандығын бітірген түлектер 45 жылдық мерейтойлық кездесу өткізді.
Ұстаздары мен білім ордасына алғыс білдіру, студенттік жылдарды еске алып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру мақсатында ұйымдастырылған жиында университеттің 1980 жылғы 16 түлегі, Атырау университетінің ректоры Саламат Идрисов пен Физика және ақпараттық технологиялар факультетінің ұжымы қатысты.
Кездесуді ұйымдастырушы Ерғали Жақсылықов – көп жылдар бойы Маңғыстау облысы Қарақия ауданының «Қарақия» орта мектебінің директоры болған, қазіргі таңда «Шағырай» қоғамдық қорының директоры қызметіндегі білікті тұлға.
Кездесу барысында түлектер студенттік жылдарынан естеліктер айтып, тарихи мағлұматтармен бөлісті.
Атырау университетінің түлегі, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, республикалық конкурс, фестивальдар дипломанты Гүлнар Баймұханова оқу ордасына өзінің физика пәні бойынша оқулықтары мен тест тапсырмалары жинағын тарту етті.
Шара соңында түлектер естелік суретке түсіп, оқу ордасының қазіргі тыныс-тіршілігімен танысты.
