
4 маусым 2025
4 маусым - ҚР Мемлекеттік рәміздері күні
Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде 4 маусым - ҚР Мемлекеттік рәміздері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Патриоттық сана мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру, жастардың мемлекеттік нышандарға деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған шараға университеттің профессор-оқытушылары мен студенттері қатысты. Мерекелік жиында Мемлекеттік туы әкелініп, қатысушылар Әнұран орындады.
«Бүгін еліміз үшін үлкен мереке – Мемлекеттік рәміздер күні! Осы айтулы күнмен баршаңызды құттықтаймын. Қазақстанның әр азаматы үшін аталған мерекенің орны бөлек. Тәуелсіздігіміз бен егемендігіміздің негізгі нышаны – Елтаңбамыз, Туымыз және Әнұранымыз. Бұл мерекені қастерлеп, бойымызға адалдық пен патриоттықты сіңіріп, еліміздің тәуелсіздігінің нығаюына ат салысуымыз керек! Отанымызда әрқашан бейбітшілік болсын, көк байрағымыз биікте желбіреп, Елтаңбамыз төрімізде тұрсын!», – деді ректор Саламат Идрисов.
Салтанатты жиын «Сап түзел!» пәрменімен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туының әкетілуімен аяқталды.
Түсте университет ұжымы Атырау қаласының Ту тұғыры алаңында Мемлекеттік рәміздер күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға қатысты.
Алаңда мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетіліп, Әнұран орындалды. Шарада патриоттық әндер шырқалып, алаңға жиналған құрметті меймандарға көтеріңкі мерекелік көңіл-күй сыйлады. Іс-шара соңында қатысушылар естелік суретке түсті.

