Media Image

30 мамыр 2025

«Бизнеске жол» жобасы кәсіпкерлерді қолдайды!

30 мамырда Атырауда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің көшпелі отырысы өтті. Атыраудада өткен отырысқа Агенттіктің төрағасы Асқар Жұмағали, Мәжіліс депутаттары, облыс әкімі Серік Шәпкенов, қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, жергілікті департаменттер мен басқарламалардың, құқық қорғау органдарының басшылары қатысып, өңірде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайы талқыланды.

Түстен кейін көпшелі отырыс Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде агенттіктің Қоғамдық кеңесі мен  Атырау облысындағы бизнес қауымдастық өкілдерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстелмен жалғасын тапты. Кездесу өңірлік кәсіпкерлермен ашық диалог орната отырып, олардың құқықтарын қорғау, бизнес жүргізу барысында кездесетін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және алдын-алу жұмыстарын күшейту мақсатында ұйымдастырылды.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұлов алғы сөз сөйлеп, іс-шараның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асырудағы ерекше маңыздылығына тоқталса, «Атамекен» ҰКП-ның Атырау облысы бойынша филиалының директоры Нұрлан Сүйінбаев өңір кәсіпкерлерінің өзекті мәселелеріне тоқталып, палата тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар туралы мәлімет берді. Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Марат Мұрзиев кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау шараларын айтып өтті.

Өңірдегі 2023 жылдан қолға алынған «Бизнеске жол» жобасының жүзеге асырылу барысын ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысы Ерұлан Серікқалиев баяндап, кәсіпкерлердің дамуын тежейтін кедергілерді жою және кәсіпкердің құқықтарын қорғау мақсатындағы «Бизнеске жол»  жобасы шеңберінде кәсіпкерлерден 300-ден астам өтініш түсіп, туындаған мәселелерді талқылау үшін 180 кәсіпкермен кездесу өткенін, департаменттің араласуымен төрт мыңнан аса кәсіпкердің құқықтары қорғалғанын атап өтті.

Отырыс соңында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұлов биыл 85 жылдық мерейтойын тойлайтын Атырау университеті Атырау өңірінің үлкен жүйе құраушы мекемесі екендігін атап өтіп, жергілікті кәсіпкерлер мен бизнестегі университет түлектерін оқу ордасының инфрақұрылымын дамытуға қолдау көрсетуге шақырды.

Кездесу еркін форматтағы пікір алмасу және сұрақ-жауап сессиясымен аяқталды.

Қоғамдық кеңес мүшелері университеттегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы іс-шаралармен, «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс РҚБ Атырау облысы филиалының жұмысымен, алдағы жоспарларымен танысты.