Media Image

14 мамыр 2025

«Жұмысшы мамандығы және Қазақстан жазушылары» тақырыбында көшпелі пленум өтті

Бүгін Атырау қаласында Қазақстан Жазушылар одағының «Жұмысшы мамандығы және Қазақстан жазушылары» тақырыбындағы көшпелі пленумы өтті.
Әдеби-рухани мазмұндағы бұл маңызды шараға Жазушылар одағының басшылығы мен белгілі қаламгерлер, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері жиналды. Сонымен қатар пленумға Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы - ректор Саламат Идрисов, профессор-оқытушылар құрамы қатысты.
Пленумның басты мақсаты – еңбек адамының әдебиеттегі бейнесін жаңаша пайымдау, жұмысшы мамандығының қазіргі қоғамдағы рухани орнын айқындау. Іс-сапар барысында қаламгерлер өңірдегі өндіріс орындарының тыныс-тіршілігімен танысып, еңбек адамдарымен кездесулер өткізді.
Пленум отырысын Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов ашып, шараның маңыздылығына тоқталды. Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов жиналғандарға сәттілік тілеп, ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қариннің құттықтау хатын оқыды.
Шара барысында филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қансейіт Әбдезұлы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Кәдірбек Сегізбаев, жазуыш, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Молдахмет Қаназ және басқа қаламгерлер баяндамалар жасап, әдебиеттегі жұмысшы бейнесі, қазіргі еңбек адамының рухани келбеті жайлы мазмұнды ойларымен бөлісті.
Ауқымды жиын жұмысшы бейнесін көркем әдебиет арқылы жаңғыртуға, еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін арттыруға бағытталды.