Media Image

13 мамыр 2025

Жазушылар одағы өкілдерімен әдеби кездесу өтті

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері көрнекті ақын-жазушы және өнертанушы ғалым сыншыларымен әдеби кездесу өтті.
Кездесу Қазақстан Жазушылар Одағының Атырау қаласындағы көшпелі отырысы аясында қазіргі қазақ әдебиетінің даму бағыттары мен әдебиеттегі өндіріс тақырыбын талқылау мақсатында ұйымдастырылып, шараға Атырау университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты. Рухани мазмұны бай бұл басқосу - тек ресми жиын ғана емес, рухани сұхбат алаңы ретінде өрбіді.
Іс-шараға ҚЖО Басқармасының хатшысы, профессор, ф.ғ.д. Қансейіт Әбдезұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Иранбек Оразбаев, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Кәдірбек Сегізбаев, «Құрмет» орденінің иегері, жазушы Молдахмет Қаназ, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР мәдениет кайраткері, жазушы Мәди Айымбетов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сыншы, аудармашы Әлия Бөпежанова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші, домбырашы Шәміл Әбілтаев, ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, ақын Шахизада Әбдікәрімов, жазушы, т.ғ.д. Тұрсынхан Зәкенұлы, Мәдениет және қоғам қайраткері, ақын, публицист Өтеген Оралбайұлы, ф.ғ.д., профессор, ақын Қадыр Жүсіп, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, ақын Аманғазы Кәріпжан сынды танымал қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысып, ұлттық әдебиет туралы тұшымды ойларымен бөліп, ақындар өлең оқыды.
«Көктемнің құлпырған шағында Жазушылар одағының мүшелерімен Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен Атырау университетінде жүздесіп отырмыз. Алаш ардақтысы Халел Досмұхамедовтың атын арқалаған Атырау университеті Қазақстандағы оқу орындары арасында алғашқы ондыққа кіретін 85 жылдық тарихы бар оқу ордасы. Бұл университетте ұстазымыз Зейнолла Қабдолов сабақ беріп, бірнеше ғылым кандидаттары мен докторларын шығарған. Университетпен Жазушылар одағымен тығыз байланысы арата бересін», - деді ҚЖО Басқармасының хатшысы Қансейіт Әбдезұлы. Одақ өкілі ұйымның 90 жылдық мерейтойына арнап шығарылған күміс белгі мен алтын қаламсапты Атырау университетінің музейіне және Әбдіжәміл Нұрпейісовтың 100 жылдығына мемлекеттік тапсырыспен шығарылған кітапты оқу ордасының кітапхана қорына табыстады.
Кездесуде қаламгерлер жазушылардың шығармашылығына, әдеби сын мен рухани жаңғыру үдерісіне, қазіргі қазақ әдебиетінің ахуалы, әдебиеттегі өндіріс пен жұмысшы мамандықтар тақырыбына қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. «Бүгінгі тақырыпқа байланысты әдебиеттегі еңбек адамын бейнелеу үшін заманауи қаһарманды бейнелеу керек деп ойлаймын. Қазіргі әлеуметтік желінің заманында жастарға жеңіл табыс табудың жолдарын көп насихатталып жатыр. Бірақ іргелі білім мен маңдай терсіз нәтижелі деңгейге, табысқа жете алмайсыз. Мұнай өндірісіндегі, ауыл шаруашылығы, қаржы саласындағы мотивация беретін кейіпкерлерді бүгінгі уақытпен сәйкес жасауымыз керек деп есептеймін. Жастардың еркін психологиясына сай келетін жаңа заман қаһармандарын суреттеу - көрнекті қаламгерлер мен жас жазушылардың да басты міндеті», - деді сыншы, аудармашы Әлия Бөпежанова.
Кездесу барысында күйші Шәміл Әбілтаев өз репертуарындағы әйгілі күйлерді орындап, ақын Иранбек Оразбаев, Шахизада Әбдікәрімов, Алмас Ахметбек, Аманғазы Кәріпжан сынды айтулы ақындар өлең оқыды. Кездесу соңында Атырау университеті ұжымы алыстан келген ақын-жазушыларға естелік кәдесыйлар табысталды.
Қаламгерлер, өнертанушы ғалымдар мен өнерпаздар ертең Атырау қаласында өтетін Қазақстан Жазушылар одағының көшпелі пленумына қатысады.